ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайды.
Мәселен, өткен жылы 1296 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 756 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылы ереже бұзуға тырысқан қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы норманың енгізілуі мен әрбір тестіленуші үшін бейнебақылау камераларын орнатумен байланысты.
«Сонымен қатар тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 1305 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға талдау жасаймыз. Бұл үшін тағы екі ай бар. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Өткен жылы біз бұл норманы алғаш рет қолданып, 100-ден астам түлек гранттан айырылды. ҰБТ-ға дайындық және тапсыру барысында біз талапкерлерді бірнеше рет академиялық адалдыққа шақырдық. Бұл оларға болашақта жақсы маман болуға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ереже бұзушыларға қатысты одан да қатаң шаралар қолданылады. Өйткені болашақта мұндай мамандар халықты емдеп, балаларымызға білім береді», – деп мәлімдеді ОКҚ брифингінде ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова.
Өткен жылы бейнежазбалар бойынша талдау жүргізіліп, 152 тестіленушінің, оның ішінде 100 грант иегерінің нәтижесі жойылды. Анықталған бұзушылықтар салдарынан бұл студенттер жоо-да оқу мүмкіндігінен айырылды. Биыл ҰБТ тапсыру пункттерінде алғаш рет үш сатылы тұлғаны анықтау жүйесі енгізілді. Тест тапсырушылар жеке куәлігін ұсынып, Face-ID жүйесі арқылы тексерілді. Сондай-ақ әрбір тестіленушінің алдында камера орнатылды. Осы шаралардың барлығы тестілеуді тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етті.
«Тест тапсыруға өз орнына бөгде адамдарды кіргізуге тырысқандар да болды. Егер өткен жылы осындай 7 факті анықталса, биыл Face-ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде 18 жағдай анықталды. Мәселен, 4 талапкердің орнына тестілеуге елордалық екі жоғары оқу орнының 4 студенті қатыспақ болған. Бұл үшін тіпті жалған құжаттар жасатқан.Тестіленушілер мен тестілеуге кіруге талпынған бөгде тұлғалар бойынша барлық дерек құқық қорғау органдарына жіберілді. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – деді Наужан Дидарбекова.
Тестілеу барысында кейбір талапкерлерден жасырын камералар, шағын құлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді. ҰБТ-2021 қауіпсіздік шаралары мен карантин талаптарын сақтай отырып, қалыпты режимде өтті. Білім беру гранттарын тағайындаудың соңғы нәтижелері тамыз айында белгілі болады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі