ҚАРҒА ТАМЫРЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ – АУЫЛ. ЖАЛПЫ ЕЛІМІЗ БОЙЫНША 6295 АУЫЛДА 7,5 МЛН АДАМ, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ 38,2%-Ы ТҰРАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ 2023 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНДАҒЫ МӘЛІМЕТІНДЕ АЙТЫЛҒАН. ПРЕЗИДЕНТІМІЗ ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ОСЫНЫ ЕСКЕРІП, 2022 ЖЫЛЫ ҚАРАШАДА ӨТКЕН САЙЛАУДАН СОҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСКЕНДЕ ҮКІМЕТКЕ АУЫЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ЖАСАУДЫ ТАПСЫРЫП, ЖАРЛЫҚҚА ҚОЛ ҚОЙҒАН БОЛАТЫН. ОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА СОЛ ЖЫЛЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БАСТАЛҒАН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ЕНДІ БҮКІЛ ӨҢІРДІ ҚАМТИТЫН БАҒДАРЛАМАҒА АЙНАЛДЫ.
Жаңа жоба азық-түлік қауіпсіздігін, өңірде мал басының көбеюін қамтамасыз етуге, тұрғындардың табысын арттыруға серпін беруге, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға бағытталған. Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Соған орай, 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микронесие беріледі.
Жақында өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов:
«Ауыл аманаты» жобасын Үкімет мүшелері өңірлерге барып түсіндіріп, әкімдермен бірлесіп, оның мүмкіндіктерін халыққа жеткізіп жатыр. Жобаға биыл 100 млрд теңге бөлінді. Ол 2,5%-бен беріліп жатыр. Нәтижесінде ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, өз жеке кәсібін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік алады», – деді Алтай Көлгінов.
Оқырмандарымызға бұл жоба жөнінде қысқаша түсінік бере кетейік. Өйткені, одан хабарсыз адамдар көп екенін білеміз. Пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Шағын несиені кімдер алады? Қандай талаптары мен шарттары бар? Қалай беріледі? Осы жөнінде қысқаша сөз қозғап көрейік. Микронесиенің мерзімі – 5, ал, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке (8 65 000 теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК-ке (27 600 000 теңге) дейінгі көлемде. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайды. Шағын несиені алу үшін еліміздің заңнамасына сәйкес салық органдарына тіркелуі, кепілге қоятын мүлкі болуы қажет. «Ауыл аманаты» несиесі – ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген бизнес өкілдеріне, зейнет жасына жетпеген қысқартылатын жұмыскерлерге, жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және әрекетсіз жеке кәсіпкерлерге, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратындарға, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар өндірістік кооперативтердің мүшелеріне арналған.
Микронесие сенім білдірілген өкіл арқылы халыққа беріледі. Сенім білдірілген өкілді бюджет заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган айқындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік деңгейде бағдарламаны әзірлегенімен, оның жанында микрокредит беретін ұйым жоқ. Сондықтан, ақшаны бөліп беру, микронесиені үлестіру, жобаларды таңдау–әкімдіктердің мойнында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, аталған несие әкімдіктерге қарасты әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялар арқылы беріледі. Осы корпорациялар құжаттар, өтінім қабылдау тәртібін анықтап, микрокредит алатын үміткерлерді іріктейді. Беру тәртібі, негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкіл шешімімен белгіленеді және несиелік шартта көрсетіледі. Үміткерлерді сенім білдірілген өкіл тапсырма шартына сәйкес айқындайды. Негізінен шарттары оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден, кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек.
Мәселен, ол ауылдағы үйің немесе техникаң, көлігің болуы мүмкін. Ал, кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен, нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады. Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру биыл басталды. Ол ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі.
Айнагүл КҮНҰЗАҚҚЫЗЫ