Атыраулық полицейлер 180 келіден астам есірткінің заңсыз айналымын тоқтатты

(0 Votes)

Атырау облысында есірткі қылмыстарының алдын алу және олардың жолын кесу бағытында кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Нұрболат Джансариев мәлімдеді.

Соңғы тоғыз айда өңірде есірткімен байланысты 120 құқықбұзушылық, оның ішінде 67 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 180 келіден астам есірткі, соның ішінде аса ауыр санатқа жататын 3 келіден астам синтетикалық зат тәркіленген.

– Есірткі қылмыстарымен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Соңғы уақытта синтетикалық есірткілердің таралуына тосқауыл қою, жастар арасында оның алдын алу бағытында жедел және профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл тоғыз айда заңсыз айналыммен айналысқан 25 күдікті ұсталды, олардың 9-ы өзге өңірлерден келген, ал 5-еуі кәмелетке толмаған колледж және мектеп оқушылары болып шықты, – деді Н.Джансариев.

Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде облыс аумағында заңсыз екі “фито зертхана” мен есірткі тасымалдаудың 3 арнасы әшкереленіп, жойылды. Сонымен қатар есірткілік мас күйде көлік басқарған 40 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті еріктілермен бірлесіп, есірткіні жарнамалайтын 70-тен астам граффити жазбаны жойған. Сондай-ақ ғаламтор кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында 925 сайт анықталып, оларды бұғаттауға Ішкі істер министрлігіне жолданған.

Спикердің айтуынша, бүгінде киберкеңістікте есірткі жарнамалары жиі кездеседі. Осыған байланысты департамент “Антифрод” ақпараттық жүйесі арқылы күдікті қаржы арналарын бақылауда ұстап отыр. Нәтижесінде 12 мыңға жуық күмәнді есепшот анықталып, олардың 36 миллион теңгеден астам қаржысы бұғатталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT