Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада Комитетінің ұйымдастыруымен өткен "Алтын Самғау - 2019" спорттық сыйлығында "ең үздік паралимпиадалық спортшы" аталымында атыраулық Нұрлан Домбаев жеңімпаз болып танылды,- деп, хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Нұрлан Домбаев, ағымдағы жылдың ақпан айында Түркияда өткен әлем біріншілігінің алтын алқасын алды. Осылайша, паратаэквондодан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Шілдеде Иорданияда өткен біріншілікте - Азия чемпионы, қарашада Италияда болған турнирде - Еуропа чемпионы болды.
Осылайша, Нұрлан Домбаев 2019 жылы өткен байрақты бәсекелердің бәрінде көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатты. Паратаэквондоға 2014 жылы келсе де, бүгінде, Нұрлан 75 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, паратаэквондашылардың әлемдік рейтингінде көш басында тұр. Ендігі мақсат, келер жылы Жапонияда өтетін Паралимпиада ойындарында үздік танылу.
- Бала кезімнен спортқа жақын едім. Футбол, баскетбол, одан қалса каратэ, таеквандо сияқты шығыс жекпе-жектерін жақсы көретінмін. Екі қолымнан айрылғаннан кейін паратаеквондоға қатысу туралы ойлай бастадым. 2016 жылы жарыстарға шығып, сол жылы-ақ Еуропа чемпионы атандым. Мен спорттан өз жолымды таптым деп ойлаймын. Спортқа келгелі достарымның да қатары көбейді. Жалпы, қай спортшының да арманы Олимпиада чемпионы атану. Сол арманыма жетем деген ниеттемін, - дейді, Нұрлан Домбаев.
Айта кетейік, 38 жастағы Нұрлан Домбаев екі дүркін әлем, екі дүркін Азия және екі дүркін Еуропа чемпионы атанған алғашқы атыраулық спортшы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет:ӨКҚ