Атырауда қазақ күресінен республикалық турнир басталды

(0 Votes)

Атырауда Республика күніне орай  Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Сүлейменовтың жүлдесіне арналған республикалық турнир басталды. Ересектер арасындағы дода жетінші мәрте өткізілуде.

Биылғы турнир Мәлік Сүлейменовтың 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осыған орай облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары, шәкірттері мен жолдастары жарыстың ашылу салтанатына келді. 

- Ересек ерлер мен әйелдер арасында екі күн қатарынан ауыр және жеңіл салмақтағы палуандар белдеседі. Бұл турнир — республикадағы үлкен төрт доданың бірі. Сондықтан спортшылар бар өнерін көрсетіп, жоғарғы ұпай жинауға тырысуда, - деді Атырау облысы «Тарлан» қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Аманбай Қыздарбаев.

Екі күнге созылатын турнирге Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Жетісу мен Қызылорда, Атырау облыстары және Астана қаласынан келген 150-ден астам балуан қатысуда.

- Бұл турнирге Жетісу облысынан келдім.  82 кг салмақта өнер көрсетіп, чемпион атандым. Қарсыластар мықты дайындықпен келген. Осыған дейін де қатысып, 74 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанғам, биыл тағы да жеңіске жеттім,- деді Арман Есқазиев.

Сегіз салмақ дәрежесі бойынша жоғары ұпай жинап, жеңіске жеткен спортшылар дала қырандары республикалық турниріне жолдама алады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT