Атырау қаласы аумағында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, ғимараттар мен қоршауларға жазылған, есірткі құралдарын жарнамалайтын интернет-сайттарға бағытталған тыйым салынған граффити жазуларды анықтау және жою бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Рейд нәтижесінде қала аумағында 10-ға жуық заңсыз граффити жазуы боялып, жойылды.
- 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша облыс көлемінде 100-ге жуық граффити жазуы жойылды. Сонымен қатар, “Киберқадағалау” бағдарламасы арқылы заңсыз контенті бар, есірткі құралдарын жарнамалайтын 1300-ден астам сайт анықталып, оларды бұғаттау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жолданды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді насихаттау мен заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов.
Полицейлер есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазуларына куә болған азаматтарды «102» нөміріне, сондай-ақ 98-21-55 (Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы) және 27-03-92 (Облыстық білім басқармасы) сенім телефондарына хабарласуға шақырады.


