АТЫРАУДА АУЫЗАШАР ҚАНША ТҰРАДЫ?

(0 Votes)

Он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы басталғалы бері мұсылман қауымы ауыз бекітіп, таңнан күн батқанға дейін ас-судан бас тартып, ораза тұтып жатыр.

Осы орайда AtyrauPress тілшісі қаладағы қоғамдық тамақтану орындарында сәресі мен ауызашар бағасын біліп қайтты. Атыраудағы қоғамдық тамақтану орындарының басым бөлігі кешке келетін қонақтар үшін дайындық жасайды немесе тек ауызашарға келгендерді ғана қабылдайды.

Мәселен, облыстық драма театры маңындағы кафелердің бірінде ауызашар мәзірі 4 түрлі бөлікке бөлінеді. Яғни, әр 4 күн сайын тағам түрі өзгеріп отырады. Оның алғашқы түрі – жылқы еті қосылған кеспе және көкөніс пен тауық етінен пісірілген сорпадан тұрады. Екіншісі – мерекелік палау болса, үшіншісі – өзбек сорпасы мен шайхана палауы, ал төртіншісі – жасымық сорпасы мен ет пен картоп пюресі.

Осы аталған төрт мәзірге салат, нан мен тәттілер, жемістер, өзбек халвасы, құрма, кептірілген өрік, сүт қосылған шай мен компот беріледі. Егер кафеге барып, осы мәзір бойынша ауыз ашатын болсаңыз, онда 6990 теңге төлейсіз.

Ал тамақтану орнына келген атыраулықтардың айтуы бойынша, былтыр ораза кезінде бір адам 4990 теңгеге ас ішкен екен. Бұл тұрғыда әкімшінің де айтар уәжі бар. Ол азық-түлік бағасының қымбаттауын алға тартып отыр. «Біз ораза кезінде табыс тауып қалайық деп отырған жоқпыз. Өйткені бұл айда бізге келушілердің қатары сиреп қалды. Сондықтан біз ауыз ашатын уақыттан бастап жұмыс істейміз.

Тек Атырауда ғана емес, бүкіл елде барлық заттың бағасы шарықтап кетті. Кафелерде тамақ бағасы қымбат болмасын десеңіздер, ең болмағанда Рамазан айында дүкендердегі азық-түлік бағасын реттесін», дейді әкімші. Десек те, қала ішінде біз айтқан бағадан да арзанырақ жерге барып тамақтануға болады. Онда 4 мың теңгеге үй кеспесін, күріш қосылған гуляш және грек салатын, нан, бауырсақ, құрма, су және таңдауыңызға қарай шай іше аласыз.

Кафе қызметкерлері қасиетті айда астың бағасын қымбаттатпауды жөн көріпті.

Айта кетерлік нәрсе – үйден тысқары ауыз ашуды жоспарласаңыз, алдын ала тапсырыс беруіңіз қажет.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT