Атырау облысы, Индер ауданы, Индер кентінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы және Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен халықаралық маңызға ие ауқымды іс-шара — «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты ауыл әйелдері форумы өтіп жатыр.

Бұл форум ауылдық аймақтардағы әйелдердің қоғамдағы және экономикадағы рөлін күшейтуді, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуетін жан-жақты ашу, көшбасшылық қабілетін арттыру және үздік тәжірибелерді халықаралық деңгейде енгізу. Сондай-ақ форум аясында әйел-кәсіпкерлерді қолдау, экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, дәстүрлі құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелері талқылануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум — ауыл әйелдерінің бір-бірімен тәжірибе алмасатын, жаңа идеялар мен серіктестік бастамалар ұсынатын беделді алаң болмақ.

Форумға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ауыл» партиясының басшылығы мен белсенділері, әйел-кәсіпкерлер, азаматтық қоғам көшбасшылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, еңбек ардагерлері мен ауыл еңбеккерлері қатысуда.
Панельдік сессиялар барысында ауыл әйелдерінің әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктерін арттыру, гендерлік теңдік, әйелдердің бизнесті дамытудағы және жергілікті қоғамдастықты нығайтудағы үлесі, халықаралық ынтымақтастыққа шығу жолдары секілді маңызды тақырыптар қозғалады.
Айта кету керек, «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» форумы — тек ұлттық деңгейдегі емес, халықаралық маңызға ие бастама. Ол ауылдық аймақтардағы әйелдердің өз тәжірибесін шетелдік әріптестермен бөлісуіне, сондай-ақ жаһандық трендтерді енгізу арқылы қазақстандық ауылдардың дамуына серпін беруге бағытталған.
Форум аясында табысты әйел-көшбасшылардың тәжірибесі ұсынылып, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау мен әлеуметтік белсенділікті арттыру жөніндегі жаңа ұсыныстар әзірленеді деп күтілуде.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ