Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтті.
Ақынның өлеңіне сусаған көрермен кеш иесін зор құрметпен қарсы алды.
Сахна төріне көтерілген ақын кешті өзінің «Алас» өлеңімен ашып, жұртшылыққа жақұт жырларын жолдады. Ақынның кешінде бір сахнада тұрып өнер көрсетіп, қолдау танытқан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Ербол Есендосов ақынның өлеңдері мен монологтерін мәнерлеп оқыса,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Әбиірбек Тінәлиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Қосанова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов ақынның әндерін нақышына келтіріп орындады.
Сондай-ақ, кеш барысында ақынның аты-жөнін арқалаған Иран-Ғайып есімді балақайға ақын костюм кигізіп, аталық батасын берді. Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ақынға облыс әкімінің сәлемін жеткізіп, мұнайлы шаһарға ерекше кеш сыйлағаны үшін алғысын жеткізді. – Құрметті, Иран аға, Атырау өңіріне қош келдіңіз! Облыс әкімі Серік Жамбылұлының атынан өзіңізге деген ерекше ықыласын, ыстық көңілін жеткізуге рұқсат етіңіз! Күзгі маусымның қарсаңында сахнамыздың төрінде өзіңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз. Осынау поэзия кеші күзгі маусымның көркем бастауындай. Өткір де рухты қайрайтын шығармаларыңыз атыраулықтардың жүрегінен орын алатыны сөзсіз.
Атыраулықтар сізді осы үшін жақсы көреді. Махамбет атындағы академиялық театрдың академиялық дәреже алуына өзіңіздің атқарған үлесіңіз орасан зор. Атыраудың тарихында бұл еңбегіңіз үлкен әріптермен жазылатыны даусыз. Алдағы уақытта сізге шығармашылық табыс тілеймін, – деген Жасұлан Орақұлы, дәстүрге сай кеш иесі Иран Ғайып пен қызы Ақмұнар Иранбекқызының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Алмас ҚАБДОЛОВ Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ