Осы аптада тәжівирусы жұқпасымен ауырғандарды орналастыру мақсатымен Махамбет ауданында тағы бір стационар ашу жоспарлануда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаева мәлімдеді. Оның айтуынша күні бүгін COVID-2019 жұқпасымен ауыратындарға арналған облыстық № 2 стационарда 193 науқас емделуде. Оның жетеуі ауыр жағдайда болғандықтан жансақтау бөлімінде өкпені қолдан тыныстандыру аппаратына қосылған, төртеуінің жағдай нашар. – Барлық емделушілерде жоғары температура мен құрғақ жөтел кең таралған.
Кейбіріне бұл белгілермен қоса іш өтуі қосылған. КТ және рентген аппараттарымен зерттегенде бәрінің де өкпесінде өзгеріс бары анықталған, - дейді Г.Танбаева. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасы Тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін және Денсаулық сақтау қызметін бақылау комитетінің тексеруі нәтижесімен Теңіз кен орнында 315 орындық инфекциялық стационар ашылғанын еске салды. Одан бөлек өңірімізде COVID-2019 жұқпасымен тіркелгендердің саны өсуіне орай Махамбет туберкулезге қарсы диспансерінде 100 орындық стационар ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ал, Атыраудағы көпбағытты облыстық аурухана түгелдей жұмыс жасағанда онда да 60 адамдық провизорлық стационар ашылып, коронавирусқа шалдыққанына күдігі бар емделушілер орналастырылады.
– Аурудың өсуіне, негізгі бөлігі скринингтік тексеруде анықталуына байланысты облыстық аурухана жанындағы №2 стационар толып, 185 адамға мөлшерленген орында қазір 193 емделуші ем алуда, - деген дабыл қағарлық хабарды жеткізген Гүлнафис Танбаева осы аптада коронавирус жұқпасына шалдыққандарды Махамбет туберкулезге қарсы диспансері жанындағы стационарға орналастыру басталатынынан хабардар етті.
ATPress.kz