Жаңа кодекс - экологияны жақсартудың тиімді құралы

(0 Votes)

Бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Сапар аясында жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша жиналыс өтті.

Кеңес жұмысына өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов, қоғам қайраткерлері, экологиялық ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

ekologiya-zhaa-kodeks1

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын жергілікті тұрғындармен, экобелсенділермен талқылау үшін өңірлерге сапарымызды жалғастырамыз. Осы мақсатта біз бүгін Атырау облысына келдік. Біздің міндетіміз – халықты осы нормалардың қалай іске асырылатыны және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартатыны туралы хабардар ету. Экокодекстің маңыздылығы оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін қамту сияқты бүкіл қоғамның мүдделерін қозғауында», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев жиын барысында.

Экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов Экологиялық кодекстің негізгі бағыттарын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау шаралары түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде қаржыландыратын болады.

«Атырау атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланың қатарына кіреді. Бұл жағдайды шешу үшін Экокодекс шеңберінде «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын енгізу, ең озық қолжетімді технологияларға көшу, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдерін қолдану, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру сияқты бағыттар іске асырылатын болады», - деп атап өтті вице-министр.

Ол ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізетінін хабарлады. Осы кезеңде олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар озық өолжетімді технологияға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлемдер өседі: 2025 жылдан бастап олар 2 есе, 2028 жылдан бастап 4 есе және 2031 жылдан бастап 8 есе өседі.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері Экологиялық кодекс нормаларына қолдау білдірді.

Осылайша, «Атамекен – Эко» қоғамдық қорының басшысы Арман Хайруллин Экокодекстің 175-бабына тоқталды, оған сәйкес кәсіпорындар анықталған бұзушылықтарды жою туралы экология департаментінің нұсқамаларын қатаң орындауға тиіс, олай болмаған жағдайда мерзім аяқталған сәттен бастап өсімпұл есептеледі. Экоамбассадордың айтуынша, бұл қажетті құрал.

«Сондай-ақ, бұрын Кәсіпкерлік кодекс қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға ластану фактілері кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік бермеді. Енді ластаушы заттар шығарындыларының нормативтерінен едәуір асып кетуі туралы БАҚ-тағы жарияланымдарды талдау нәтижелері жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз бола алуы мүмкін. Экология мәселелерінде бюрократия болмауы тиіс», - деп есептейді Қор басшысы.

Жайық-Каспий Орхус орталығының басшысы, облыстық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Шынар Ізтілеуова қоршаған ортаға әсерді бағалау үдерісінде қоғамның рөлін күшейтуді пәрменді норма деп атады.

«Жаңа Экокодексте көп нәрсе бар. Мысалы, стратегиялық экологиялық бағалау ұғымы, әсер ету скринингі, трансшекаралық ҚОӘБ және басқалар. Алдағы уақытта да НҚА әзірлеу кезінде қоғам өкілдерін белсенді түрде тарту қажет», - деді ол.

Сонымен қатар, Басқарма төрағасы – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова жаңа Экологиялық кодексті тиімді іске асыру үшін қоғамның экоміденеиетін қалыптастыру маңызды рөл атқарады деген пікір білдірді.

Кездесуге қатысушыларға жаңа Экокодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік күшейтілгені туралы да айтылды. Мәселен, қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып кеткені үшін әкімшілік айыппұл 10 есе ұлғайды. Ал, қалдықтарды жинау немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 5 есеге дейін артты.

Атырау облысы бойынша Экология департаментінің баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT