Атырау қаласының əкімі Қайрат Оразбаев facebook желісінен парақша ашты.
Əкім Қайрат Оразбаев енді атыраулықтармен əлеуметтік желіде бірге болады. Бұл туралы жақын арада ғана Атырау қаласына əкім болып тағайындалған Қайрат Оразбаев facebook желісінде жаңадан ашылған парақшасында мəлімдеді.
"Қаламызда атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, сіздермен кері байланыс орнату мақсатында facebook желісінде парақша аштым" делінген қала басшысының бірінші постында.
Осы посттың өзі 19 сағаттың ішінде 150 лайк, 102 комментарий жинаған. 45 желі қолданушысы бөліскен.
Екінші салған постында Қайрат Оразбаев Атырау қаласындағы тазалық, карьерлер, жөнсіз төгілген қоқыс мəселелерін көтерген.
Жарияланғанына 5 сағат өткен постқа 62 лайк, 6 комментарий жазылыпты.
Тағы бір айта кетерлігі, қала басшысының посттары мемлекеттік жəне ресми тілде жарияланып отыр. 24 сағатқа жетпейтін уақытта Атырау қаласының əкімімен 848 желі қолданушысы достасыпты.
Енді кез -келген қала тұрғыны өзін мазалаған сұрақты қала басшысына тікелей facebook арқылы қойып, желіде жақын дос та бола алады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев əкімдерге кабинеттерден шығып, халықпен ашық диалогта болуды тапсырған болатын. Жəне Мемлекет басшысы бірінші болып интернет қолданушылары ең жиі пайдаланатын instagram желісінде өзінің жеке парақшасын ашқан еді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА