ҚазАқпарат - Президент өңірлерге сапарында жалпыұлттық маңызы бар мәселелерге арнайы тоқталып жүргенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жерде де кейбір ой-пікірімді айтқым келеді. Біз мықты мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ әділдік болмаса, мықты мемлекеттің өзі автократияға айналады.
Елдің дамуы үшін әділдік түбегейлі орнығуға тиіс. Онсыз халықтың мемлекетке деген сенімі де болмайды. Сондықтан әділдік идеясы – менің саяси бағдарымның ең басты өзегі. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, заңдарымыз әділ болуы керек. Өйткені, мемлекеттік саясат заң арқылы жүзеге асырылады. Реформалардың басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол өткен аптада еліміз үшін айрықша маңызы бар бірқатар заңға қол қойғанын жеткізді.
«Оның ішінде сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді ерекше атап өткім келеді. Жаңа заңдар шын мәнінде халықтық сипатқа ие өкілді органдар қалыптастырады.
Біздің міндетіміз – ел алдында абырой-беделі бар, қолынан іс келетін жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жағдай жасау. Аралас сайлау жүйесі депутаттардың атқарушы билікке ықпалын күшейте түседі. Сондай-ақ, өңірлердің мәселесін мемлекеттік деңгейде уақытылы көтеруге септігін тигізеді. Партия құрудың жаңа әділ ережелері енгізілді», - деді Президент.
Оның пайымынша, бұл қадам азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттырады. Олар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатыса алады.
«Сондай-ақ, елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек. Әсіресе, жоғары және орта буын басшыларының құрамын жаңарту аса маңызды. Сол үшін мемлекеттік қызметке ауқымды реформа жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Түрлі салаға білікті мамандар тарту үшін бәріне бірдей мүмкіндік берілетін болады. Меритократия – басты қағидатымыз. Әсіресе, басқару ісіне аймақтардаң шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән береміз. Ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтар әр аймақта бар. Оларға жол ашу – мемлекеттің міндеті», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент біздің«Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанатынымызды еске салды. Қазақстанның дамуына әрбір аймақ сүбелі үлес қосып отыр.
«Батыста мұнай өндірілсе, орталықта көмір, шығыста металл шығады. Солтүстік аймақтар астығымен әйгілі болса, оңтүстік төрт түлігімен, бау-бақшасымен танымал. Бір сөзбен айтсақ, әр өлкенің өз ерекшелігі бар. Түптеп келгенде, бәрі – бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас Қазақстан», - деді Мемлекет басшысы.
Фото:bugin.kz