Ассамблея – татулық тірегі

(0 Votes)

Заманында Күлтегін бабамыз «Бірлігі мықты ел бұзылмас» деп артындағы ұрпағына тасқа қашап өсиет қалдырған екен. Тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктеріміз  аз емес. Негізгілерінің бірін атасақ, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру арқылы  ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтап қалу деп айта аламыз. Соның нәтижесінде бейбіт дамып келеміз. Еліміз ұлтаралық және конфессияаралық  қатынастың теңдесі жоқ моделін қоғам өміріне енгізген  көп ұлтты мемлекет.

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимыл саясатын, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде бірегей институт ретінде қарастырылады. Елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісі  ретінде әрекет ететін, әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған  жаңашыл құрылым ретінде  танылды. Ұлтаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаруда. Биылғы жылы 27 наурызда өткен  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі дей аламыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан – осында туып-өскен әрбір ұлт өкілінің қасиетті қара шаңырағы. Олар да елімізді Отаны санайды. Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде  салт-дәстүрімізді  ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында тарихи отандарына көшкендерінің кейбірі барған жеріне үйрене алмай  қайтып келіп те жатыр. Ал, сонда тұрақтап қалғандары  әлеуметтік желілерде халқымыздың қонақжайлығын,  адамның  ұлтына  емес, адамгершілігіне қарап өз бауырындай көріп құрметтейтінін жыр етіп айтуда. Бұл қазақтың адами болмысына берілген әділ баға! Небір қиын-қыстау замандарды басынан өткізіп, Ақтабан шұбырынды – Алқа көл сұлама мен аштықтың қасіретін тартқан халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар осы. Оны бағалай білгеннің арқасында  ертең не күтіп тұрғаны белгісіз мынау алмағайып заманда татулықтың аралына айналып бейбіт өмір сүрудеміз. Ауданымызда да 20-ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Арасында қазақпен құдандалы болып отырғандары да бар. Мемлекеттік тілді жақсы меңгергендері де жеткілікті.

Елімізде Ассамблеяға қарасты 12 облыстық, 7 қалалық, 13 аудандық достық үйлері, 820 этномәдени бірлестіктер бар. Тарқатып айтсақ, Ассамблея құрамында  зерттеулер жүргізетін  ғылыми-сараптамалық кеңес,  отбасы институтын нығайтатын, сондай-ақ отбасылық құндылықтардың маңызын арттыратын аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы және мүшелері студенттермен, жастармен белсенді жұмыс жүргізетін «Жарасым»  жастар ұйымы, дауларды сотқа дейін реттеу мәселелерін шешетін  қоғамдық келісім, медиация кеңестері, тілдерді үйренуге арналған тегін мектептер жұмыс істейтін Достық үйлері, ЭКО және жастар жұмысы үшін коворкинг-орталықтар құрылды. Ол ұлтаралық қатынастарды үйлестірудің тиімді институты ретінде тұрақтылықты сақтауда үлкен рөл атқарады. Көптеген шешімдері қандай да бір жолмен қабылданған заңдар мен нормативтік құқықтық актілерде көрініс табуда. Барлық этностар өкілдерінің Ассамблея сессияларында үнемі бір шаңырақ астында жиналуға, танысуға, пікір алмасуға, проблемаларды талқылауға, нақты ұсыныстарды айтуына бірегей мүмкіндігі бар.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT