Атыраудың экологиялық жағдайы мәз емес екені бұрыннан белгілі. Оның ішінде тек зауыттың қалдықтары мен түтін ғана емес, Жайық өзенінің тартылуы, ағынды сулардың булануы да бар.
Қалада және жалпы өңір бойынша инфрақұрылым мен ауыз су тапшылығы мәселесі де бар. Мұның бәрі бұл қаланы Қазақтанның «мұнайлы астанасы», «донор облыс» деген әжептәуір мақтана айтатын атағынан алыстата түседі. Атырау облысы – еліміздің негізгі көміртек өндіретін аймақ, мұнда еліміздегі шикі мұнайдың жартысынан көбі және табиғи газдың жартысына жуығы өндірілді.
Қазіргі уақытта Атырау облысына экологиялық апат аймағы мәртебесін беру мәселесі бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының дамуы туралы есептік баяндамасында айтты. Әкімнің айтуынша, бұл процесс өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Мұндай шешім қабылдау үшін ведомствоаралық комиссия құрып, оның келісімін алу қажет.
— Қазіргі таңда біз экология министрлігімен және денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге тиісті ұйымдарды тарта отырып, геологиялық, санитариялық және әлеуметтік зерттеулер жүргізіп келеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерімен кездесулер өткізіп, алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. ДДСҰ өз зерттеулерін аяқтаған соң, бұл мәселе қарауға ұсынылады. Қазір ҚР денсаулық сақтау министрлігі және халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр, — деп жуық арада шешімін табуға жұмыстанатынын жеткізді.
Аймақ басшысы 2024 жылдың алғашқы алты аймен салыстырғанда, биылғы жылдың осындай мерзімінде Атырауда атмосфераға зиянды заттарды шығару көлемі 5 тоннаға дейін төмендегенін тілге тиек етті. Облысымызға біраздан бері айтылып жүрген экологиялық апат аймағы мәртебесін беру мәселесі оң шешімін тапса жағдаймыздың жақсаруына септігін тигізері анық.
Батырбек БАЛТАЕВ,
Бірлік ауылының еңбек ардагері


