«AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ – мамандыққа адалдық – Ринат Кертаев

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы БАҚ қызметкерлері күніне орай «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ байқауын өткізбек. Дәстүрлі бай­қауды өткізу туралы ақпа­рат 19 мамыр күні ресми жа­рия­ланған еді. Күн сайын бай­қауға қатысу­ға ниет білдір­гендер саны кө­бейіп келеді. Бұл дәстүрлі сый­лықтың бұрынғыдан ерекшелігі қандай? Қандай номинациялар бар? Партия байқау өткізуде қан­дай мақ­сат-міндет жүктеп отыр? Осы орайда біз «AMANAT» партиясының хатшысы Ринат Думанұлымен тілдескен едік.

– Ринат Думанұлы, «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ берілетін күн де алыс емес. Бұл сыйлықтың маңызы қандай? Мақсат-міндеті ше?

– Иә, «AMANAT» партиясы жыл сайынғы дәстүр бойынша БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасында байқау жариялап отыр. Біз байқау туралы 19 мамыр күні ресми түрде хабар­лаған едік. Журналистердің жұ­мыс­тарын қабылдауды бастап кеттік. Ол 20 мау­сымға дейін жал­ғасады. Сондықтан «бай­қауға қаты­самын» деген барлық журна­лис­ті тездетіп өз жұмыстарын бізге жібе­руін сұраймыз. Себебі уақыт аз қал­ды. Ал «AMANAT» МЕДИА СЫЙ­ЛЫ­ҒЫНЫҢ мақсат-міндеті бірнеше бағытты қамтиды.

Біріншіден, медиа мен тәуелсіз БАҚ – кез келген қоғамның даму көрсеткіштерінің бірі. Мысалы, да­мыған елдерді алатын болсақ, осы­ған көз жеткізуге болады. Еліміз осы бағытты ұстанып, бұл салада да өте жоғары стандарттарға ұмтылып отыр. Сол себептен де «AMANAT» партиясы осы құндылықтарды қол­даушы елдегі ең үлкен қоғамдық ұйым ретінде бұл іске өз үлесін қосуы – заңдылық. Яғни, біз «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ медиа мен тәуелсіз және кәсіби бұ­қаралық ақпарат құралдарының дамуына ықпал етеді деген ойдамыз.

Екіншіден, қай салада болмасын, кез келген маманның еңбегін баға­лау қажет. Бұл шығармашылық жұ­мысқа жататын журналистикада тіпті маңызды. Атқарылған еңбектің, шығармашылық ізденістің лайықты бағасын беру, «жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар» үздіктерді анықтау кә­сіби журналистиканың дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.

Үшіншіден, қазір жас журна­листердің көзқарасы, кәсіби ше­бер­лігі осы салаға жаңашылдық алып келеді, оның дамуына тікелей ықпал етеді. Медиа сыйлықтың алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі – дәл осы жас мамандардың белсен­ділігін арттырып, олардың арасынан үздіктерді анықтау. Байқауға қатысу үшін бізге жас авторлардан да көп­теген жұмыс келіп жатыр. Бұл бізді қуантып отыр.

Төртіншіден, бұл іс-шара дәстүр сабақтастығы мен медиақатынастар­ды, осы саладағы ортақ синергияны күшейтеді деген үміттеміз. Бұл әсі­ресе ақпараттық кеңістікті күшейту, сапалы контент жасау, ақпараттық тәуелсіздіктен арылу сияқты мәсе­ле­лерде өте өзекті. Қорыта айтқанда, «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ­НЫҢ маңызы да осында.

– Номинациялар туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Партиялық пре­мия­ның биылғы жаңашылдығы не бол­мақ?

– Биылғы премияда номинация­лар жанрлық сипатта емес, тақы­рыптық бағытта алынып отыр. Яғни, үз­дік телебағдарлама немесе үздік ма­қала дегеннің орнына өзекті та­қы­рыпқа сай жасалған кез келген журналистік материал оза шауып, бәйге алуы мүмкін. Бұл жерде жанр­д­ың маңыздылығынан гөрі көтері­летін мәселенің өзектілігі болмақ. Ол белгілі бір тақырыптың зерттелуі­не, толық ашылуына және қалың бұқараға жетуіне берілетін баға. Бұл байқаудың ауқымын кеңейтіп, оның мазмұндық жағын күшейте түседі деген ойдамыз.

Биыл «AMANAT» МЕДИА СЫЙ­­­­ЛЫҒЫ 10 номинация бойын­ша беріледі. Бірінші номинация – «Жаңа Қазақстанды» құру туралы үздік материал, екінші – «АМАNAT» партиясының трансформациясы туралы үздік материал, үшінші – әлеуметтік мәселеге арналған үздік материал, төртінші – аймақ туралы үздік материал, бесінші – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай осы тақырыптағы үздік материал, алтыншы – жастар туралы үздік ма­териал, жетінші – рухани және мә­дени дамуға арналған үздік материал. Және осы жетеуіне қоса тағы үш ар­­найы сыйлық тағайындап отыр­мыз. Олар: Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы «Сөз зергері» сыйлығы, Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үзді­гі» сыйлығы және белсенді аза­мат­­тық ұстанымы үшін берілетін сыйлық.

Номинацияларға қысқаша тоқ­та­лар болсақ. Жаңа Қазақстан – еліміздегі басты саяси идея, басты саяси платформа. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының транс­фор­­мациясы да саяси жүйедегі өте маңызды процесс. Сонымен қатар әлеуметтік мәселені де назардан тыс қалдырмай, оған да бөлек номина­ция белгіледік. Себебі әлеуметтік мәселелер – қоғамдағы басты сауал­дардың бірі. Биыл сондай-ақ аймақ тынысына да жете көңіл бөліп отыр­мыз. Ол өз кезегінде еліміздің түк­пір-түкпіріндегі журналистердің белсенділігін арттырып, олардың жұ­­мыстарын бүкіл ел көлемінде наси­­хаттауға мүмкіндік бермек. Жа­сыратыны жоқ, үлкен, рес­пуб­ли­ка­лық деңгейдегі байқауларға көбі­несе орталықтағы БАҚ өкілдері қа­тысып, жүлделі орын мен мара­пат­тың көбін солар иемденіп жатады. Бұл номина­цияның міндеті де жер-жердегі та­ланттарды бәйгеге қосып, үздіктерді анықтау. Біз осы жайтты ескеріп, аталған бағытқа ерекше мән беріп отырмыз. Сонымен қатар биыл өз­де­ріңіз білетіндей, мемлекеттік рә­міз­дердің 30 жылдық мерейтойы. Оған өз алдына бөлек номинация белгіленді. Ол патриоттық бағытта, елдік, егемендік деген тақырыпта қалам тербейтін шеберлерді ынта­ландыру деуге болады. Қазір ақ­параттық кеңістікте осы бағыт ерек­ше қолдауды қажет етеді деп санай­мыз. Және жастар туралы үздік ма­териалға да бөлек бәйге тігіп отыр­мыз. Себебі жастарды әрдайым қол­дап, ынталандырып отыру қажет. Ал енді халқымыз үшін қасиетті са­на­латын жеті деген санмен дәл кел­ген номинация – Рухани және мә­дени дамуға арналған үздік материал деп белгіленді. Бұл бағыт бойынша да майталман журналистер бақ сы­нап, ең мықтысы жүлделі болады деп сенеміз.

Сондай-ақ биыл – Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығы, Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы. Сондықтан қазақтың біртуар тұлға­ларының атындағы екі жүлде та­ғайын­дап отырмыз. Оны Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы «Сөз зер­гері» сыйлығы және тоғызыншы номинация Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов атындағы «Теле­дидар үздігі» сыйлығы деп бекіттік. Бұл тізімді медиасферада белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін арнайы жүлде түйіндеп тұр.

Тағы бір айта кетерлік мәселе – биыл бір номинация ғана пар­тия­ның жұмысына арналып отыр. Ол партияның трансформациясы, өзгеру процесі туралы үздік мате­риалға беріледі. Мұны биыл енгізіліп отырған басты жаңалықтардың бірі деуге болады. Партияның қызметі туралы жазатын журналистердің материалдарына қарап, бізге өз жұ­мысымыздың жүру барысын білуге, оған беріліп жатқан бағаны көруге, яғни кері байланыс орнатуға мүм­кіндік табамыз. Сондықтан бұл но­минацияның да маңызы зор, орны бөлек. Сондай-ақ қазір біздің пар­тия­лық жүйеде үлкен өзгерістер бар. Конституциялық реформадан кейін партиялық белсенділік, жаңа пар­тиялардың құрылуы сияқты үрдістер жүріп жатыр. Осындай кезде саяси бірлестіктер туралы жазатын, қоғам­дық ұйымдардың қызметіне баға бе­ріп, талдау жасай алатын журна­лис­тердің рөлі күшейе түседі деген ойдамын. Бұл – журналисти­кадағы ең үлкен бағыттардың бірі. Ол саяси білімді, сараптамалық қа­бі­летті талап етеді. Сондықтан бұл но­ми­нацияның аясы өте кең және тек журналистік ортамен шектел­мейді.

Номинациялар тізімінен, он­дағы партия қызметіне қатысты бір ғана бағыттың қалуынан медиа­сыйлықтың да өзгеріп, трансфор­мацияға түскенін байқауға болады. Биылғы премия партиялық сый­лық­тан гөрі жалпыұлттық деңгейдегі қоғамдық марапатқа қарай өзгерді.

– Журналистерден түсіп жатқан жұмыстар көп пе? Байқауға қатысу­шы­лардың белсенділігі қалай?

– Байқауды жариялап, ел ішіне хабар таратқан күннен бастап-ақ жур­налистер өз жұмыстарын жібе­ріп, ұйымдастыру комитетімен ха­бар­ласып жатыр. Телефон арқылы аймақтардан байланысқа шығып, номинациялар туралы, байқауға қатысудың реті туралы сұрап жатқан азаматтар өте көп. Қазірдің өзінде бір­шама жұмыс келіп түсті. Журна­листер өте белсенді. Бәсеке жоғары болады деуге негіз бар. Бұл – қуан­тарлық жайт. Қазір біздің мамандар байқауға қатысушылардың жұмыс­тарын жинап жатыр. Ол маусым айы­ның 20-сына дейін, дәлірек айт­сақ, 19 маусымда сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Байқауға қатысам деушілер барлық ақпаратты пар­тия­ның сайтынан ала алады.

– «AMANAT» партиясы БАҚ-қа, медиа саладағы жұмысқа қаншалықты мән береді?

– Партия ашықтық, халықпен ке­рі байланыс принциптерін жүзеге асырып келеді. Саяси ұйымның ішін­­­де трансформациялық процес­тер жүзеге асырылуда. Осы істе ме­диа және ақпараттық саланың маңы­­зы аса зор. Сол себептен пар­тия ком­му­ни­ка­ция мен ақпараттық жұмысқа ерек­ше мән беріп, бірқатар бағыт бойын­ша нақты жұмыс атқа­рып жатыр.

Атап айтар болсақ, «AMANAT» партиясы жанынан баспасөз орта­лығы ашылды. Ол жерде министр­лер, депутаттар, жауапты органдар­дың басшылары, жұмыс топтары­ның, қоғамдық кеңестердің мүшеле­рі халық алдына шығып, өзекті мәсе­лелер бойынша ақпарат беруде. Бұл алаң журналистер қауымына өзекті ақпаратты жылдам және ыңғайлы болып тұр.

Сондай-ақ Youtube желісінде «AMANAT LIVE» жобасы жүзеге асы­рылды. Партияға қарасты ме­диа­­холдинг те өз жұмысында за­манауи принциптер мен әдіс-тә­сілдерді қолдануда. Партия жанында пікір алмасуға арналған «Талқылау» алаңы бар. Бүгінге дейін төрт оты­рысы өтті. Саяси реформалар, Екін­ші Респуб­лика деген секілді мем­ле­кетіміз үшін өзекті мәселелер қарал­ды. Аталған жобаның барлық оты­рыстары әлеу­меттік желіде live ре­жи­мінде көрсе­тіледі. Сонымен қатар өңір­лердегі партия жанынан құрыл­ған қоғамдық кеңес­тердің де оты­рысы әлеуметтік желі­лерде тікелей эфир арқылы та­ра­ты­ла­ды. Яғни, барлық алаңдардың жұ­мы­сын ашық, халыққа қолжетімді ету үшін біз қоғамдық-саяси жұмыс пен за­манауи коммуникация құрал­да­рын біріктіріп отырмыз. Бір сөз­бен айт­қанда, live режим. Қазіргі за­манда барлық әлемдегі табысты компа­ниялар мен қоғамдық ұйым­дар нәтижелі жұмыспен қоса осын­дай ашықтыққа толық көшкен. Біз де осындай мегатренд аясында үл­кен өзгерістерді қолға алып отырмыз.

Партия бүгінде халықпен бай­ланысты нығайту, есептілік, ашық­тық принциптерін күшейту, халықты мазалаған проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды одан ары тереңдетіп, күшейте түседі. Партия­ның басты мақсаты – халықтың сұ­ра­­нысына ие, көпшіліктің мәселе­сін шешетін, азаматтардың қолдауы­на сүйенген саяси күш ретінде қыз­мет ету.

«AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫ­ҒЫ да осы жұмыстардың логика­лық заңды жалғасы. Түйіндей айтсақ, байқаудың басты мақсаты – тәуелсіз ақпараттық кеңістікті ны­ғайту, талантты, жас журналис­тер­ге қолдау көрсету, патриоттық, елдік та­қырыптағы шығармаларды наси­хаттау, орталықпен қоса аймақтарда да елдің бірлігі мен берекесіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарды кө­термелеу және сапалы контент жа­сауға ынталандыру. Бұл – «AMANAT» партиясының осы бай­қау арқылы атқаруды көздеп отырған негізгі міндеттерінің бірі.

Әңгімелескен
Айым БЕКТҰР

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521