Ақтөбелік тұтынушылар биыл 77 млн теңге ақшасын кері қайтарып алды

Фото: Астана прокуратурасы
(0 Votes)

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Тұтынушылардың құқығы бөлшек және электронды саудада жиі бұзылады. Былтырға қарағанда биыл шағым 41% артты. 

Ақтөбе облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне биыл 1300-ден астам өтініш түсті. Көбі бөлшек саудадағы әділетсіздікті айтып, араша сұрады.

Өтініштің 500-ге жуығы осы салаға тиесілі. Сонымен бірге көлік, туризм, коммуналдық қызмет пен медицина, білімге қатысты шағым да бар. 

    — Бөлшек және электронды саудада заң бұзу көп. Тауарды 14 күнде кері қабылдаудан бас тартады, айырбастамайды. Сонымен бірге онлайн тапсырыс беріп, оның сапасы көңілден шықпайды. Тұтынушы жазбаша наразылық парағын толтырса, 10 күнде жауап болуы тиіс. Ал тауар сатушысы оған мән бермейді. Нәтижесінде өтініштің 735-і расталып, 77 млн теңге қайтарылды. Сонымен бірге қалғанына құқықтық көмек берілді. Кейбірі өтінішті кері қайтарып алып жатыр, — деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ақбота Жұмамұрат.

Тұтынушы сотқа шағым түсіріп, тұрақсыздық айыбын, моральдық зиянды, өкіл шығынын өндіріп ала алады. Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары биыл 43 сот отырысына қатысып, 34 млн теңге өндірді. Тағы да 10 іс сотта қаралып жатыр.

    — Тұтынушы құқығын бұзған 35 кәсіпкерлік субьектісіне тұтынушы құқығы, 116 кәсіпкерлік субьектісіне сауда саласы бойынша әкімшілік шара қабылданды. Ескерту беріліп, айыппұл салынды, — деді Ақбота Жұмамұрат.

Еске салсақ, Қостанай облысының Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне массажды жапқыштарды сатып алуға қатысты ақшаны қайтару үшін сотқа дейінгі талап-арыз жазуға көмек сұрап келіп түскен өтініштер көбейді. Азаматтардың айтуынша, көшеде белгісіз адамдар конверттегі «ұтылмайтын лотереяны» ұсыну арқылы түрлі тұрмыстық техниканы (шаңсорғыш, үтік, микротолқынды пеш және т. б.) «сыйлыққа» береді.

 https://kaz.inform.kz/news/aktobelk-tutinushilar-biil-77mln-tenge-akshasin-ker-kaytarip-aldi-18837d/

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT