Абыз аға, аңыз аға – Илья аға!

(0 Votes)

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымыв ағамыз ән-жырымен Атырауға тау тұрғызса, сол таудың етегінде тап-таза кәусәр бұлақ ағып тұрсын дегендей Иманғали Тасмағамбетов ағамыз 2000 жылы 4 сәуір күні Жұбан Молдағалиевтың 80 жылдық мерей тойы Атырау қаласында тойланып жатқанда қонақ болып келген композитор Илья Жақанов сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп:

«Ал, енді көріскенше аман-сау болыңыздар», –деп, сахнадан түсіп бара жатқан ағамызды тоқтатып: «Сіз Атырау халқымен қоштасуға асықпаңыз, сіз енді Атырау тұрғынысыз, сізге арнап 3 бөлмелі пәтерді жиһазымен дайындап қойдық, сізге тарту етеміз, Атырауда қалыңыз», – деп қолқа салған екен. Осылайша Атырау жеріне атқұлағын бұрып, қоныс тепкен, тазалық пен пәктіктің, адалдық пен әсемдіктің, адал қызмет пен отансүйгіштіктің символындай, өнері мен өнегесі елге үлгі, дертке дәру, жанға шипа, ұрпаққа аманат болған Илья ағамыз 2023 жылдың 3 мамырында Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қонақта болды.

Сазгер, жазушы, публицист, музыкатанушы, суретші, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның Еңбек сіңірген Мәдениет Қайраткері, Халықаралық «Жамбыл Жабаев» және «Шыңгыс Айтматов» атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның «Отан», «Парасат» және Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, Жамбыл облысы мен Атырау облысының «Құрметті азаматы» Илья Жақановтың шығармашылығына арналған «Желдей ескен сәйгүлігі даланың» атты мерекелік шараға философия ғылымдарының докторы, профессор, өңірдің Левитаны атанған Қадір Жүсіп Өтегенұлы мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға Джауымбаев арнайы қатысты.

Жатақхана тәрбиеленушілері Илья Жақанов ағамыздың өмірі мен шығармашылығы, керемет туындыларының шығу тарихы туралы сыр шертті, күмбірлі күй шертіліп, абызға арнау өлең оқылды. Исағали Диана, 8 с сынып оқушысы: «Еділ мен Жайық» әні ғасырлар үні, қазақтың гимні десе де болады.

Бұл әнді Илья атамыз 1981 жылы 7 қазанда шығарған. Әннің шығу тарихы өте қызық. Қонаққа баруға жиналған Илья атамыз әдеті бойынша алдымен дайын болып, жұбайы Тыйыш апаны күтіп босағада отырады. Сол бір 3-4 минуттық сәтте оның құлағына Еділ, Жайық әуені келген екен. Ол кезде Илья ата Еділ мен Жайықта болмаған, бірақ ол бала күнінен «Қайранда менің Еділім» дегенді естіп өсіпті. Бабалары осы қос өзенді қоныс еткен жұрт еді. Аумалы төкпелі заманда арқа жеріне ала көшіп, содан ататүндікті аңсаумен өткен екен. Міне, сол ата арманы Илья атамыздың көкейін кернеп, көмейінен ән болып төгілді. Еділ мен Жайық әнін кезінде қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов «Қазақтың ұлы даласының құдіреті зор рухы» деп бағалаған. Автордың «Еділ мен Жайық» әніне байланысты жазған деректері бір кітапқа арқау бола алады. Қуандыққызы Ұлжан, 7d сынып оқушысы: Илья атамыздың «Әселім» әні 1965 жылы қырғыз ағайындардың ортасында дүниеге келген. Алайда шығарма ешбір аруға арналмаған екен. Автордың айтуынша Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, Шырайлым менің» деген повесі бар.

Сол кітаптың соңы «Қош бол, Ыстықкөл, Қош бол, Әсел! Қош енді, айтылмаған әнім менің!» деп аяқталады. Кітаптың соңғы парағын оқып жабар сәтте «Әселім» әні туды дейді Илья атамыз. Осы әннің кереметі, сол жылдары өмірге келген қыз балаға Әсел деген есімді беру сәнге айналған екен. Ғазиз Адия, 7а сынып оқушысы: Илья атамыздың «Жайлаукөл кештері» әні 1971 жылы ақпан айында еңбек демалысына шығып Жалаукөлге барғанда, жергілікті ақын ағалардың Жайлаукөлдің жазғы көрінісін суреттеп айтқанда шыққан ән екен.Жайлаукөл – ұзына бойы аққан Шудың иірімі мол саласынан бөлініп шығатын арналы көл екен. Көлдің жағасы толқындай толқыған көк майса бал құрақ,көл бетінде сыңсыған аққу,қаз. Жайлаукөлден қырға қарай құмға шығып қарасаң алтындай жарқырыған жал-жал шағыл,иінтірескен сексеуіл тоғайы, алқызыл гүлі төгілген жыңғылы, осының бәрі көрік беріп, сән берген құмдағы гүлдер деп тамаша суреттеуді естіп отырғанда Жүрек пернесінен шәрбат әуез төгіліп осы «Жайлаукөл кештері» әні шыққан екен.

«Жайлаукөл кештері» әнін алғаш Қайрат Байбосынов ағамыз орындаған. «Жайлаукөл кештері» әнінің халықтың сүйіспеншілігіне бөленгені сондай, еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама адам сол бір Жайлаукөлді көру үшін ат сабылтып, ұзақ-ұзақ сапар шегіп Жайлаукөлге келетін болған.

Илья ағамыз Қазақстанның оңтүстік өңірініде қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында 1936 жылдың 6 мамырында дүниеге келген. Осы сәтті әлі тұсауы да кесілмеген «Қазақ романсының патшасы» атты су жаңа кітабында Қадір Жүсіп Өтегенұлы Ильяның анасы Бәлкен анамыздың естелігі бойынша былай деп келтірген екен: «1936 жылдың қызғалдақты қыры құлпырған мамыр айының алтыншы жұлдызы... сол күні біздің «Ілгерібас» колхозының жайлауындағы болған, құдіреті күшті тәңір ием, Қаратаудың қыртыс-қыртыс жотасы... біз Жон жайлауына шығып, Нұртай өзенінің қыр жағы... күншығыс беті-бұлағы сылаң қаққан Бөкенсайына келіп, жапатармағай үй тігіп жаттық. Дала қызғалдағы көз жауын алып, жайнап тұрды. Жайлаудың жұпар лебі желпіді. Арқаның салқын самалына үйренген біздің жұрт жайлауға шыққанда: шіркін, осы Жон-ай, Сары арқаны жоқтатпайды, дейді масатттанып. Айтса айтқандай, Жон көкірегімізді ашқан бір жаннат дүниесі боп, сондай қызықтырды. Жұрт мәре-сәре мәз кезде, о, тоба, жылы жел көтеріліп, қара нөсер сабалап ұрып кеп берді. Әне-міне дегенше, ол жапалақтап жауған қарға ұласты. Лезде дүниені ұлпа қар басып салды. Бұл не деген ғаламат еді! Кенет мен... мен белім ұйып, отыра қалдым. Дүниеге сен келдің, Илья,сен!»

Қадір ағамыз Илья ағамыздың есімі қалай қойылғаны туралы да үлкендерден естіген әңгімесімен бөлісті: «Заман аласапыран болып, дүркіреп тұрған кез. Аппақ кіршіксіз ақ адамдар еріктерінен тыс «халық жауы» аталып, түрмеге қарай бағытталып жатқан мезгіл. Дүниеге сәби келіп, мәре-сәре болып жатқан отбасына жандарын қоярға жер таба алмай, айдалып кетеміз деп зәрелері кетіп жүрген елдегі үш қария құтты болсын айтып, келе қалады. Балаға әлі ат қойылмаған екен. Бұлар сол рәсімді атқармақ боп, нәрестеге есім берудің саяси жағын да қамтып, Лениннің әкесінің атын қойыпты. Содан бала «Илья» деп атанады. Осылайша ат қойылу жайы ел-жұртқа тарап, тіпті аудан басшыларына да жетіп, баланың әкесі Жақан да, ат қойып, азан шақырған үш қонақ та қуғын-сүргіннен аман қалыпты. Сөйтіп, Ильяның адамды аялауы дүниеге келмей жатып басталған екен деп сөзін түйіндеді Қадір аға.

«Илья Жақановтың әндерін үнемі орындап жүрген Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Бибігүл Төлегенова сияқты ұлы әншілер Ильяның әндерін – ғажап романстар деп атаған. Шынында да, Илья әндерінің басым көпшілігі – романстар болса, Ильяны халық: «Қазақ романсының патшасы» десе, өнер сүйер елдің бірден құптайтынына күмән болмайды. Сондықтан да Илья Жақанов туралы жазылған тұңғыш кітапты осылай атадым», - деген Қадір Өтегенұлы жаңа кітабының атауын не себепті «Қазақ романсының патшасы» деп қойғанын айта келе, жаңа кітаптың бірнеше данасын сонымен қатар «Ой толғамдар», «Жылдар сыры», «Сағынышты сыр», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қасым», «Жұмекен» деген атаулармен шыққан бірнеше кітабын мектеп кітапханасына сыйлады.

Мамыр айының мамыражай шуақты күндерінде өмірге келген сан алуан өнер иесі, ұлтымыздың мақтанышы, екі жүзге тарта әннің авторы, 30-дан астам кітапқа арқау болған ғылыми-зерттеу еңбектері бар композитор Илья Жақанов ағамыз бүгін, мінекей, 87 жасқа келіп отыр.

Қазақ даласы ән мен жырға бөленген киелі өңір. Сол өнер өрнектерінің суреткері атанып, сөз өнерін, саз өнерімен ұштастыра білген, сондай-ақ жанына қылқаламды серік етіп, әлемдік рекордты жаңартып, Х. Досмұхамедов атындағы университеттің «Бейнелеу өнері және дизайн» бөліміне оқуға түсіп, 78 жасында қызыл дипломмен бітіріп шығып, 80 жасында Phd доктор атанып, бүгінгі күні Абыз Ильядан, Аңыз Ильяға айналған, тек қазақтың ғана емес күллі түркі халықтарының ортақ сазгері атанған дара тұлға, Қазақ романсының патшасы атанған Илья Жақановағамыз оқушылардың: «Жұмбақ әлем саналатын сурет әлеміне қызығушылық қырыңыз қай кезден бастау алды және суретші мамандығын оқуға кімнің ықпалы әсер етті», - деген сауалына жауап беру үшін балалық шағының тағы бір қызық сәтімен бөлісті: «1944 жылы бірінші сыныпқа барған кезім. Ойын баласымын, дәлізде жүгіріп келе жатып бір есікке қалай соққанымды білмеймін. Әлгі есік ашылды да ішінен неше түрлі суреттер төгіліп жерге түсті. Әлгі суреттерге қарасаң, көзің тоймайды. Қызыққаным сонша, жалма-жан жинап алып сөмкеме салдым да үйге келген соң алдыма жайып салып, қайта-қайта қарадым. Бір жағынан, бойымды бір қызығушылық пен сиқырлы қылқалам өнеріне деген құштарлық билесе, екінші жағынан, әлгі суреттерді алып кеткенім үшін бірнәрсені ұрлап алған адамдай, өзімді қолайсыз сезіндім».

Кейін, 1953-1954 жылдары 10-сыныпта оқып жүргенде, Жамбыл облысы бойынша суретшілердің байқауы болғанда, Абай, Ыбырай, Алтынсарин, Шоқанның суреттерін салған екен. Сол кезде саяси түсініктеріне байланысты жер ауып жүрген Санк-Петербордың атақты суретшісі Михайл Храпковский Илья Жақанов салған суреттерді көріп, үшеуіне де жоғары баға беріпті.

Осы уақытқа дейін Илья ағамыз Ақ Жайықтың жағасына барып, табиғатпен сырласқандай айнала төңірекке, шалқар дария мен көк аспанға сүйсіне, ерекше шабытпен қылқаламды қолына алып, майлы бояумен талай этюдтер жазған екен. Шәкірттеріміз бүгінде «Тылсым сыр» тақырыбымен мұражай төрінен орын алған Илья ағамыздың сурет көрмесіне саяхат жасап, алған әсерлерімен бөлісті.

Әрине, өнері мен шығармашылығы ғана емес, бар болмысымен ұлтқа үлгі болар асыл аға туралы бір кештің аясында айтып болу мүмкін емес. Әйтсе де қасиетті білім ордасы мен білімге, өнерге деген шексіз сүйспеншілігімен риза еткен қағылез шәкірттері сүйсіндірген әдемі кеш Илья ағамыз үшін, бастысы, мектеп шәкірттері мен ұжымы үшін естен кетпес тарихи кездесу, тарихи сәт болды.

Илья Жақанов ағамыз тілек альбомына: «Ұмытылмас кездесу кеші болды. Поэзия мен музыка туралы толғанысты сөздер айтылды. Эстетикалық тәрбие қандай ғажап, бір рахатты кеш болды, жандүниеміз нұрланғандай болды. Үлкен рақмет, өте сәулетті мектеп екен... Мектеп директоры Ерали, ұстаздарға абырой тілейміз. Илья Жақанов. 3 мамыр 2023 ж.», –деп жазып, қолтаңбасын қалдырды.

Аман жүріңіз, абыз аға, аңыз аға – Илья аға! БІз сізбен мақтанамыз! Сіз өзіңіздің бар болмысыңызбен тұнып тұрған өнеге мен тәрбие мектебісіз! Бүгін біз сонау керемет кәусәр бұлақ басынан мейіріміз қана сусындап, керемет рахат сезімге бөлендік. Таңғажайыбы мол тылсым дүниенің көзге көрінбейтін кереметтері болады, соның бірі осынау тұлғамен бетпе-бет кездесу болды. Етсен кетпес тарихи кездесу!

Гүлнар Избамбетова,

Атырау қаласындағы NIS жанындағы жатақхана меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521