Абайдың педагогикалық-ағартушылық көзқарастары

(0 Votes)

Ұлы Абай өмір бойы дүниеден жиып-терген ой нәрін туған халқына бағыштағанда үнемі ұлттың танымдық, талғампаздық қасиетіне сыншылдықпен қараған.

Абай ақын ретінде ретінде әлем тынысын өз жүрегінен өткізді, сонымен бірге өз жан әлемін өз ішінен қорытып, нағыз адам болмысын қалыптастырудың кемел үлгісін көрсетеді. Ол-ұлттың өсуін де, жаңғыруын да адал еңбекпен, оқу-біліммен, ғылыммен байланыстырған ойшыл. Ақын адамзаттың жан дүниесіне терең бойлап, дүниені тануының қағидалары мен оның бағыт-бағдарын нақты тұжырымдаған. Абай-ұлылық пен даналық тоғысқан асыл мұраның шамшырағы, адам жанының сәулетшісі. Дүниенің есігін ашқан сәбидің өмірлік ұстанымын қырағылықпен, шеберлікпен сипаттап, тұлғалық болмысын қалыптастырудағы білімін, тәрбиесін, яғни, егіз ұғымды бір-бірімен үндестігін айқын көрсетіп, дүниеден нені көздеп, нені іздеу керектігін дәлелді түрде тұжырымдап береді. -Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім,-деп, немесе -Жүрегіңе сүңгі де,түбін көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме,- деп, әр адамзат баласының өз жүрегіне үңілуді өсиет етеді.

Абай шығармашылығының негізі ел санасын ұлы мақсаттарға жетелеудің биік шыңы болып табылады. Ақын өмір жолын тануды білімге,ғылымға негіздеу керек деген қағиданы ұстанады. оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады. Абайдың педагогикалық-ағартушылық көзқарастары өлеңі мен қарасөздерінде үндесіп келеді. Ақын адамның «жан қалауы» мен «тән қалауын» дүниетаным тұрғысынан түсіндіріп,баланың түпсіз тереңіне үңілудің.оны тәрбиелеудің қағидаларын: «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл-гүл...» - деп, жас баланы тәрбиелеуді өте ерте қолға алып, олардың дақ түспеген санасына ізгі қасиеттерді еге білу қажеттігін ескертеді. Ол өзі өмір сүрген әлеуметтік ортада орын алған бес түрлі зиянды мінез-құлықтан адам боламын деген әрбір жасөспірімнің сақтануы керектігін ашық айтады. Адам өзіне-өзі сыншы болу керек: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал», - деген Абай тұжырымы жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың бойында өзіне деген берік сенімін қалыптастырады.

Ақылды азамат болу үшін адам бойындағы қасиеттердің қалыбы үш нәрсеге байланысты екендігін айтады. ...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек, - деп, адамгершілік, ақылдылық, әдептілік, сабырлылық қасиеттің үлгі-өнегесін ұсынып, нағыз «толық адам» болуға үндейді. Педагогикалық көзқарасының негізгі мақсаты-адам тәрбиесі. Адамзат баласына өмірлік қажет адамгершілік пен еңбек,өнер мен білім,өнеге мен тәлім, достық пен жолдастық қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де,қарасөздерімен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары- негізінен жастарды еліне адал қызмет ететін білімді, ақылды, талапты, қайратты болмысы бар «Толық адам» етіп тәрбиелеу. Адамның ақыл-ойының, сана-сезімінің жоғары болуы өзіне байланысты. Адам үнемі осы мақсатта өзін-өзі жігерлендіріп,мұраткерлік танытып отыруы қажет. Ақынның пікірінше, адам ұдайы ақыл-ойын, таным түсінігін, рухани жан дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап, күш-қайратын,  жігерін, осы мақсатқа шоғырландыруы тиіс. Ғылымға ден қойған адам қоршаған ортаны, адамдардың бойындағы қасиеттердің ерекшеліктерін терең ұғына түседі. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақынның халқын білім мен ғылымға шақырудағы басты ұстанымы-«Адам болу» ұстанымы.

Профессор Т.Х.Рысқалиевтің пікірінше: «Абай даналыққа, даналықты білдіретін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән береді;ол даналықты танып,ажырата білді, жүзеге асыра білді. Адамды өсіретін, сонымен бірге кімнің кім екенін, ненің не екенін таразыға салып өлшеп беретін түсінік».

Сондықтан да, Абай педагогикасы -таңқаларлық терең әлем! Абай педагогикасында бала тәрбиесінен бастап тұтас ұлттың, халықтың санасына ықпал ету мақсатындағы ойларын ортаға салды. Оның тәрбиелік бағыттағы ойлары кең ауқымдағы ағартушылық идеяларға ұласты. Бұл тұрғыда Абай ұлттың бір ғана белгілі тобының тілек-мүддесіне орай идеялық мақсат ұстанған жоқ, тұтас ұлттың, халықтың болашағы туралы, күнделікті мұң-мұқтажы, қажетті іс-әрекеті туралы ой қозғады. Халықтың бірде-бір тобын жекелеп алып қарамай, тұтас сөз қылды.Ағартушылық бағыттың кілті- білімге, ғылымға талпыну, еңбектену,білуге құштарлықта. Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге- деп, Абай не қажет, не залал екенін айта келе, тек білімді адам толық біледі, өз өмірін жандандырады, өз халқына пайдасы тиеді деп тұжырымдайды. Сонымен қатар талапты қалай күту керектігінің жолын ұсынады. Абай отыз екінші қарасөзінде ғылым үйрену деп мынадай талаптар қойды: – Білім мен ғылымды үйренбекке талап керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар: әуелі білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесі керек болады деп іздемеске керек.

Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады» – дейді.

Ынталы жүрекпен сезінгенде ғана шын қызығушылық пайда болады деп тұжырымдайды. -Ақылмен ойлап білген сөз, Бойына жұқпас,сырғанар, Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар. Дана Абайдың педагогикалық-ағартушылық көзқарасын айқындайтын дәлел отыз екінші қарасөзінде: «Ғылымды,ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.

Онан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қонарға орны жоқ болған соң,оларды қайда сақтайсың?»-дей келіп, алған мақсаттан таймайтын табанды болуды талап етеді. Абай адамзат құндылықтарын жүректің, ақыл-ойдың, ерік-жігердің мызғымас қорғаны мен мұқалмас құралы ретінде қабылдайды. Педагогика саласында Абай даналығының бір қыры балаға адамгершілік тәлімін, адалдық пен имандылық тағылымдарын меңгертіп, сол негізде адамды тәрбиелеу шәкірттің өзі үшін де, халық үшін де пайдалы екендігін айтады. Абай да халқына өз қара сөздерінде: «еңсеңді көтер, көзіңді аш, еңбек ет, оқып білім ал, басқа халықтардан өнер білімге үйрен, жамандықтан без, жақсылықты бойыңа жина» дейді.

Абай сөздері өзі ғана терең, сыршыл болып қоймай, оқырманын да биік болмысқа тәрбиелейді: «...сөздері адамның ақылын ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып, ұғып оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек». «Абай есімі-қазақ халқының оянуы мен рухани қайта жаңғыртуының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы» деп Зәки Ахметов айтқандай, Абай мұрасы –біздің ұлт болып,ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі де аса бағалы құндылық болмақ.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4курс студенті Аманқызы Аяулым

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521