68 жасында Әлем чемпионы атанған ақсақал: Спорт жасқа қарамайды

(0 Votes)

Жасы жетпіске таяған шығысқазақстандық Дәулет Темірханов жетістікке жетудің ерте-кеші жоқтығын дәлелдеп берді. Биыл елордада өткен қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионатында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан спортшыларымен жекпе-жекке шығып, түгелін қапы қалдырып, жеңімпаз атанды.

Бізге сұхбат берген ол «Негізгі мақсатым – қанша жасқа толсаң да спортпен шұғылдануға кеш емес екенін жастарға көрсету» дейді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақши ауылында дүниеге келдім. Сондағы орта мектепті тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсу үшін Алматы қаласына жол тарттым. Алайда алғашында оқуға түсе алмай қалдым. Десе де Алматыда қалып, екі жылдай еңбек еттім. Содан 1974 жылы әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Қайтқаннан кейін Алматыдағы жедел арнайы милиция дивизионында жұмысқа тұрдым. Тарих мен заңгерлік факультетті аяқтап, қолыма екі диплом алдым. Қызметте жүріп, полковник шеніне дейін өстім. 1988 жылы қалада тұңғыш рет арнайы мақсаттағы милиция (ОМОН) ашылып, сонда командирдің орынбасары болып ауыстым. 1990-шы жылдары жер-жердегі тентектерді тыю үшін Ішкі істер министрінің бұйрығымен спецназ бөлімі ашылды. Соған конкурс жарияланып, бес адам сынға түстік. Сәті түсіп 1993 жылы аталған бөлімнің алғашқы командирі болып тағайындалдым. Ол жерде 1997 жылға дейін істеп, аз уақыттан соң Астанаға шақырту алдым. Арқада да осындай арнайы мақсаттағы бөлім құру керек болды. Онда осындай бөлімнің негізін қаладым. Жауапкершілігі мол жұмыста 2011 жылға дейін еңбектеніп, әрі қарай зейнетке шықтым.

- Қоян-қолтық ұрысқа бет бұруыңызға не түрткі болды?

- Мектеп кезінен спортқа жақын болдым. Әскерден кейін ішкі істер органында жүргенде қоян-қолтық ұрыспен шұғылдана бастадым. Өзіме осы спорт түрі ұнады. Түрлі жарыстарға да қатыстық. КСРО көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған чемпионатта жүлдегер атанғаным бар. Бірақ қазіргідей үлкен жетістіктерім ол кезде болған жоқ. Бапкерлікпен де айналысып, жігіттерді қоян-қолтық ұрысқа дайындадым. 12 спорт шеберін, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін жаттықтырдым. Еңбегіміз еленіп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атандық. Зейнеткер болсақ та, содан бері спортты тастамай келемін.

- Керісінше , зейнеткерлікте күшейе түскен секілдісіз. Оған жеткен жетістіктеріңіз себепкер.

- Біз бала болғанда қазіргідей сапалы бозкілем мен ринг деген жоқ. Соған қарамастан шынықтық. Спортқа жақын болғаным жұмысқа да көп септігін тигізді. Себебі 90-шы жылдары рэкет атаулының дәурені жүріп тұрған заманда қиын да қауіпті тапсырмаларды орындадық. Бір аптада жеті күн бар десек, тек бір күн ғана демаламын. Яғни жексенбі. Ал қалған күні таң атысымен спортпен шұғылданамын. Сағат 6:00-де тұрып саябақта кунг-фу жаттығуларын жасаймын. Сағат 08:00-де фитнес-залға келіп, тренажерлерде дайындалсам, кешкісін залда қоян-қолтық ұрысқа ден қоямын. Аптаның алғашқы бес күні осылай өтеді арасында велосипед теуіп тұрамын. Ал сенбі сайын спортзалда үстел теннисі мен волейбол ойнап қайтамын. Зейнеткер болсам да жарыстарда жүлде алуыма ұдайы дайындық жүргізуім себепші шығар.

- Биылғы Әлем чемпионатын еске алсақ. Қандай әсерде болдыңыз?

- Биыл ақпан айында Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстың бірнеше түрінен Әлем чемпионатына іріктеу сынына төрт айдай дайындық жүргіздім. 60 жастан жоғары санатта, 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жарыс жолына шықтым. Басқа облыстар мен күштік құрылымдардан ұзын-саны 450 спортшы жиналды. Қарсыластарым да осал емес. Барлығы бес жекпе-жек өткіздім. Үздіксіз жаттығудың жемісі болар, жарақат алмай, бірінші орынды иелендім. Жасы алпыстан асса да, бәсекеге келген ешбірі жеңісті қарсылықсыз бере салмады Әсіресе, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда өңірлерінің спортшылары айтарлықтай қауқар көрсетті. Содан кейін маусым айында елордадағы қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионатына жолдама алдым. Жарыс 16-18 маусым күндеріне белгіленді. Дайындықты мамыр айынан бастап кеттім. Күніне екі уақыт залға барып дайындалдым. Әлем чемпионатына 32 мемлекеттен 300-ден астам адам қатысты. Негізгі тартыс Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Кырғызстан, Беларусь, Монголия және Тайланд елдері арасында болды. Өзіме Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан спортшылары қарсы тұрды. Финалда ресейлік Владимир Рудаковпен кездесіп, 11:4 есебімен жеңіске жеттім. Осылайша, Әлем чемпионы және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. 68 жасқа келіп осындай жеңіске жету әр адамға беріле бермейді ғой. Менің негізгі мақсатым – қанша жасқа толсаң да спортпен шұғылдануға кеш емес екенін жастарға көрсету. Спорт жасқа қарамайды.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

- Жұбайым екеуіміз екі ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Дәуреннің мамандығы – заңгер. Су добынан еліміздің жастар құрамасында өнер көрсетіп, «Спорт шебері» атағына ие болған. Екінші ұлым Дамир осы спорт түрінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғап, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы атанды. Дамир құрлық жарыстарда да бірнеше рет топ жарып, Жазғы Олимпиада ойындарында да өнер көрсетіп қайтқан. Төртжылдықтың басты бәсекесінде команда құрамында кіл мықтыларға қарсы тұрып, өнер көрсетті. Қазір су добынан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері. Қос ұлымнан тараған Алдияр, Ален, Ілияс, Диас, Әмірхан атты немерелерім волейболдан бастап, джиу-джитсуге дейін түрлі спорт түрлерімен шұғылданады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Осымен тоқтап қалмай спорттағы жолымды жалғастырғым келеді. Алдымда тағы бір үлкен жарыс тұр. Ол - Минск қаласында қараша айының басында өтетін Әлем кубогі. Соған дайындықты 1 тамыздан бастадым. Ендігі мұрат – Әлем кубогінің иегері болу.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521