АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болады. Бұл бірнеше төлемнің мөлшеріне әсер етеді. Kazinform тілшісі жәрдемақы, мемлекеттік баж және ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдың қаншалықты өсетінін есептеп шықты.
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - көптеген есептеуде қолданылады. Мемлекет бюджеттен әлеуметтік төлемдерді осы көрсеткіш арқылы есептейді, сондай-ақ айыппұлдар, мемлекеттік баждар және басқа да міндетті төлемдер осы көрсеткіш арқылы алынады.
2026 жылғы ең танымал мемлекеттік баждардың мөлшері
Жеке куәлік (ресімдеу немесе ауыстыру) — 865 теңге (0,2 АЕК);
16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік ҚР паспорты — 17 300 теңге (4 АЕК).
36 беттік ҚР паспорты — 34 600 теңге (8 АЕК);
48 беттік ҚР паспорты — 51 900 теңге (12 АЕК).
Мемлекеттік жәрдемақылар
Әлеуметтік төлемдер ішінде АЕК-ке ең алдымен бала тууы мен бала күтіміне байланысты жәрдемақылар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге берілетін біржолғы көтермеақылар және басқа да төлемдер бар. Сондықтан 2026 жылы АЕК өсімімен бірге бұл сомалар да артады.
бала туу
Инфографика: Kazinform
Бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы:
— бірінші, екінші және үшінші балаға — 164 350 теңге (38 АЕК);
— төртінші және одан да көп балаға — 272 475 теңге (63 АЕК).
1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы:
— бірінші балаға — 24 912 теңге (5,76 АЕК);
— екінші балаға — 29 453 теңге (6,81 АЕК);
— үшінші балаға — 33 951 теңге (7,85 АЕК);
— төртінші және одан көп балаға — 38 493 теңге (8,90 АЕК).
Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік төлемдер:
— 4 бала — 69 330 теңге (16,03 АЕК);
— 5 бала — 86 673 теңге (20,04 АЕК):
— 6 бала — 104 016 теңге (24,05 АЕК);
— 7 бала — 121 360 теңге (28,06 АЕК);
— 8 және одан да көп бала — әр балаға 17 300 теңге (4 АЕК).
Жас мамандарға берілетін көтермеақы да өседі, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге қоныс аударатындары үшін 2026 жылы оның мөлшері 432 500 теңге (100 АЕК) болады.
Сонымен бірге тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін берілетін бюджеттік несие 10 812 500 теңгеге (2 500 АЕК) жетеді, жылдық мөлшерлемесі – 1%.
Әскери қызметшілердің далалық төлемдері де артады, келесі жылы олардың мөлшері тәулігіне 5 190 теңге (1,2 АЕК) болмақ.
айыппұл
Инфографика: Kazinform
Қазақстанда ең жиі салынатын айыппұлдар қаншаға өседі
Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдардың басым бөлігі АЕК-ке байланған. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері — жол жүрісі ережелерін бұзу.
«Тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу» — 21 625 теңгеден (5 АЕК) 43 250 теңгеге дейін (10 АЕК)
Айыппұл мөлшері жүргізушінің көлікті тротуарға, көгалға, қоғамдық көлік аялдамасына, тыйым салынған белгі астына қоюына немесе басқа көліктердің шығуын бөгеп қалуына байланысты.
«Жылдамдық режімін асыру» — 21 625 теңге (5 АЕК)
Белгіленген шектен +1–40 км/сағ аралығында артық жүруге қатысты жаза қолданылады.
«Бағдаршам сигналдарын бұзу» — 43 250 теңге (10 АЕК)
Қызылға өту немесе тоқтауға мүмкіндік бола тұра сары жанғанда тоқтамау жағдайларына салынатын айыппұл.
«Белгілер мен жол таңбасының талаптарын сақтамау» — 12 975 теңге (3 АЕК)
Жол белгілерінің талаптарын орындамау немесе тұтас сызықты кесіп өту үшін жазылады.
«Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» — 21 625 теңге (5 АЕК)
Егер көлік шиналары тозған, фаралары істемейтін, тежегішінде ақауы бар немесе нөмірі дұрыс орнатылмаған күйде пайдаланылса, айыппұл салынады.
«Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу» — 21 625 теңге (5 АЕК)
Жүргізуші немесе жолаушы белдік тақпаса, мотоциклист шлем кимесе, айыппұл қарастырылған.
«Жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзуы» — 8 650 теңге (2 АЕК)
Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, бағдаршам қызыл жанғанда өту немесе қозғалысқа тыйым салынған жол бөлігінде жүру жағдайларына қатысты жазалау.
«Қоғамдық орындарды ластау» — 43 250 теңге (10 АЕК)
Көшелерге, аулаларға, кіреберістердің маңына, аялдамаларға немесе ормансаябақ аймақтарына қоқыс тастауға салынатын айыппұл.
«Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу» — 21 625 теңге (5 АЕК)
Аулаларда, кіреберістерде, балалар алаңдарында, көшелерде алкоголь ішу, сондай-ақ қоғамдық орындарға мас күйінде келу жағдайлары үшін жазалау.
«Түнгі уақытта тыныштықты бұзу»
— жеке тұлғаларға — 21 625 теңге (5 АЕК)
— шағын бизнес пен ҮЕҰ-ға — 43 250 теңге (10 АЕК)
— орта бизнеске — 64 875 теңге (15 АЕК)
— ірі бизнеске — 216 250 теңге (50 АЕК)
«Тыйым салынған орындарда темекі шегу» — 21 625 теңге (5 АЕК)
Кіреберістерде, балалар алаңдарында, қоғамдық көлікте, аялдамаларда, әкімшілік ғимараттарда және темекі шегуге толық тыйым салынған басқа да орындарда шылым шеккені үшін салынатын айыппұл.
«Ұсақ бұзақылық» — 86 500 теңге (20 АЕК)
Ұсақ бұзақылыққа қоғамдық жерде балағат сөз айту, жүргіншілерге тиісе беру, агрессивті мінез-құлық көрсету немесе қоғамдық тәртіпті әдейі бұзудың өзге де түрлері жатады.
Бұған дейін зейнетақы активтерін басқару жүйесі 2026 жылы қалай өзгеретіні туралы жазған едік.


