Өзіңе қол жұмсап, кінәға батпа

(0 Votes)

Адам өзінің өмірін қию арқылы ештеңені шешпейді. Өмір бір-ақ рет берілетін ең қымбат нәрсе. Суицидті дінімізде құптамайды. Исламда өзін өлтіргендер тозаққа кететінін айтады. Қазақтың қара өлеңінде: «Күніне мың бір пәле көрсең-дағы, Сонда да күдер үзбе бір Алладан», дейді. Өкінішке орай осыны түсінбей, қиындықпен бетпе-бет келсе, өзіне қол жұмсауды таңдайтындар аз емес.

Ресми деректерге сүйенсек Қазақстан бойынша 2020 жылдан бері 1137 адам өзіне қол жұмсап өмірмен қоштасқан. 2025 жылдың алты айында елімізде 1639 суицид жағдайы тіркелді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға аз. Өз-өзіне қол жұмсау саны бойынша Алматы-144 жағдаймен көшбасында, одан кейін Алматы облысы (138) және Түркістан облысы (135) тұр. Ұлытау облысында ең аз тіркелген-14 жағдай. Ең төменгі көрсеткіштер – Маңғыстау облысында (32), Шымкентте (56), Атырау облысында (36 жағдай). Әр аймақта ер адамдардың суицидке барау ықтималдығы әйелдерге қарағанда екі-үш есе жоғары екендігі атап өтілді. Бұл статистикаға өлімге бекініп, аман қалған әрекеттер  кірмейді – мұндай жағдайлардың 2025 жылғы  алты айда 1677-і тіркелген, алдыңғы жылғы көрсеткіштен (2049) төмен. Атырау облысында да  2025 жылы  жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің саны 41,67%-ға (14 жағдайға) төмендегені жақсы жаңалық. 

Жасөспірімдік  суицид еліміз үшін ең алаңдатарлық және ауыр тақырыптардың бірі болып қала береді. Әр сан бір  отбасылық трагедия. Қазақстанда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептері көбінесе бүкіл әлеммен сәйкес келеді. Мамандардың пікірінше бұған эмоционалды оқшаулану, ата-аналар мен мектептің қысымы, қорқыту, кедейлік, психикалық бұзылулар және түсіністік танытып қолдаудың болмауы жатады. Бірақ сонымен бірге тағы бір ерекше белгілері – басқалардың пікіріне қатты тәуелділік, табысқа жетпеу және әлсіздік үшін ұят. Жасөспірім өзін жаман сезінетінін көрсетуден қорқады, өйткені қоғамда депрессия  уақытша жағдай деген стереотип әлі де тірі. Мұндай  көзқарас, шын мәнінде, балалардың көмек алу мүмкіндігін шектейді. Халықаралық сарапшылар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау деңгейі әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе дерлік жоғары. 15-19 жас тобында 100000 адамға шаққанда шамамен 18 жағдай бар. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары деңгейлердің бірі. 

Суицидтің шыңы күзгі-көктемгі кезеңдерде, студенттер емтихандар мен эмоционалды шиеленісті бастан кешіргенде басталады. Осы уақытта негізінен толық емес отбасылардың балалары, зорлық-зомбылықтан аман қалған жасөспірімдер және депрессия, мазасыздық немесе бейімделу бұзылыстары бар адамдар ең осал болып табылады. Бірақ қаза тапқандардың арасында оқу үздіктері, белсенді оқушылар, жан-жақты дамыған балалар бар – олар бұлай етеді  деп ешкім ойламайды. Жасөспірімдермен жұмыс істейтін психологтар басты себеп бір оқиға емес, көптеген факторлардың жиынтығы екенін айтады. Бала толық отбасында өмір сүре алады, достары бар, бірақ, үнемі өзін жалғыз  және ешкімге қажетсіз  сезінеді. Өзін толғандырған ішкі сырын айтайын десе түсінбеушіліктен қорқатындықтан үндемейді.  Ал, ересектер үнсіз, өйткені олар мұндай жағдайда  қалай сөйлесуді білмейді. Ұрпағын толғандырған жағдайды мұқият тыңдап, қиындықтардың бәрі өткінші екенін, алда талай бақытты сәттер мен қуаныштар күтіп тұрғанын айтып, жанын серпілтпейді. Қиын жағдайда қалған жасөспірім өз бетімен одан шықса құба-құп, кейде олай болмай да жатады ғой.     Қазақстан суицидтің  алдын алу жүйесін құруды бастады, бірақ, әзірге ол барлығын қамтымайды. Әсіресе, мектеп психологтары мен дағдарысты қолдау орталықтары жетіспейтін ауылдық жерлерде өткір жағдай сақталуда.                                                          

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT