Құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғамдық диалогты күшейту, азаматтардың пікірін ескеру және мемлекеттік саясатты жақсарту. Сыр елі Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өткен болатын.
Онда Президент Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары 2022 жылы – Ұлытауда, 2023 жылы – Түркістанда, 2024 жылы – Атырауда, 2025 жылы – Бурабайда өтті. Қызылордада өтіп жатқан құрылтайдың талқылауына танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысты.
Қасиетті Сыр өңірінде өткен алқалы жиынның маңызы айрықша. Президент өз сөзінде Қызылорда облысының соңғы жылдардағы даму қарқынына жан жақты тоқталып, өңірде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, экономиканың өсімі, инвестиция көлемінің артуы, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту, автокөлік жолдары мен әуе және теміржол инфрақұрылымының жаңғыртылуы өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған нақты нәтижелер екені айтылды.
Жұмақай Ғұмаров,
Құрманғазы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы


