Құрманғазы ауданының шежіре кітабы шығарылады

(1 Vote)

Аудан тұрғындарының ұсынысына сай аудан әкімдігінің қолдауымен, Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ежелгі тарихымыздан бермен қарай қамтитын «Киелі мекен – Қасиетті өлке Құрманғазы» шығарылғалы отыр.

Соған орай аудан әкімдігінде жаңа кітаптың редакция алқасын, редколлегия мүшелерін, авторларын таныстыруға арналған алқа мәжілісі өтті. Оны аудан әкімі Қайрат Нұртаев ашып, өз сөзінде кітап шығарудың мақсаты шежіреге толы туған жеріміздің тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу екеніне тоқталып, жаңа туындының мазмұнынан, алты тараудан тұратынынан хабардар етіп, оларды жекелеп түсіндірді.

Кітап мазмұнына қысқаша тоқталсақ І тарауда киелі жерлер туралы нақты деректер, археологиялық барлау жұмысының қорытындылары жинақталады. ІІ тарауға ауданымызда өмір сүрген қасиетті адамдар, архив, ауыз әдебиеті енеді. ІІІ тарау мазарлар, қорымдар, петроглифтер фотосуреттерінен тұрады. Қалған тарауларда ХІХ-ХХ ғасырларда аудан аймағындағы құрылымдар, елге еңбегі сіңген, басқару жүйесіндегі болған адамдар жайлы деректер топтастырылады. Жаңа кітапты үш айда шығарып бітіру жоспарланып отыр.

img_0216

Жиын барысында қатысып отырған ауданымыздың аузы дуалы, көкірегі ояу, санасы шежіреге толы, айтары мол ақсақалдары мен ардагерлерінің, ақын-жазушыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Өмірзақ Қажымғалиев жаңа кітапты шығаруда кім қандай рөл атқаратынын айқындап, қай округте недей жұмыстар атқарылатынын қаперге берді. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистикасының қайраткері ақын Таңатар Дәрелұлы, ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов өз пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есмұхан Жанизин өзінде Азғырдың күйші-сазгерлері жайлы 100 шақты деректер барын мәлім етті.

img_0209

Нұржау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Харесов ағамыз қазақ халқы басынан өткен моңғол, жоңғар шапқыншылығынан қорлық көріп, аштықтан, Ұлы Отан соғысынан зардап шексе де, сағы сынбай 1986 жылы өз батырларын шығарғанын алға тартып өтіп: – Қазір әрбір бала өзінің жеті атасын білмейді. Бауыржан Момышұлы: «Атасыздан отансыз туады, отансыздан опасыз туады, опасыздан имансыз туады. Сондықтан да жас ұрпақ жеті атасын білуге міндетті» дейді. Жеті атасын білмеген ұрпақ ертең өзінің туысқанына үйленіп, байға шықса ұлт азады. Осыдан сақтандырған аталарымыз: «Жеті атаңды білмесең жетесіз ұл тәрбиеледің», деген екен. Ұстаздар мұны шәкірттеріне айтып отыруы тиіс. Тарихты білу әрбір адамның міндеті. Оны білмесең мәңгүрт боласың. Теңіз ауданы 1928 жылы құрылып, 1993 жылы Құрманғазы атауын иеленді. Қазіргі ұрпақтың дені одан хабарсыз. Бізде Ленин мектебінде оқыған ең керемет Мақсот Жолжанов, Хатима Құспанова деген тарихшылар болған еді. Өткенімізді түгендеуде солардың еңбегі мол. Мынау жақсы бастама екен. Мен Нұржау ауылы туралы біраз нәрсе айта аламын. Неше мешіт болғаны, ұжымшарды кім басқарғаны, қай жылы құрылып, тарағаны, мектепті кімдер басқарғаны маған жақсы мәлім. Біз тұрған Шишигин аралын ұрпақтан сұра, ешбірі білмейді. Себебі оны айтып жатқан кісі жоқ. Онда Шишигин деген көпес келіп батаға салдырған. Халықты ұйымдастырып, балық аулаған, - деп осындай деректерді білгенімен көзі көруі нашарлауы себепті жаза алмай отырғанын жеткізді.

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы жиынды қорытындылап: – «Келісіп пішкен тон келте болмайды», деген мақал бар қазақта. Бәріңізді де осы жұмысты аяқ асты қалдырмай бірлесіп атқаруға шақырамын. Бұл кітапты жақсы етіп шығаруымыз қажет. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз. Алыстан-жақыннан уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді.

Н.Манаев орта мектебінің ұстазы Алтынай Нағымбекқызы бізбен әңгімесінде: – Жаңа кітап Кеңес үкіметінен кейінгі ғана емес оған дейінгі дәуірде қандай тарихи орындар, жерлер болды, соларды да қамтиды. Оларды жинақтау үшін құрылған 18 адамдық комиссияға ауданымыздан шыққан, бүгінде республикада отырған атақты ғалымдарымыз, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов кіреді. Мақсат кейінгі ұрпаққа аудан тарихы жөнінде мол мұра тапсырып кету. Кітап шығарудағы басшымыз аудан әкімі Қайрат Талапұлы мен орынбасары Өмірзақ Қажымғалиұлы әрбір тарау бойынша тақырыптарды 18 адамға бөліп берді. Әрқайсысы сол бойынша жұмыстанады, - деді. P.S. Шежіре кітапқа алып-қосарым бар немесе қолымдағы деректерді ұсынамыз дегендер болса аудан әкімдігіне хабарласуларына болады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521