
- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 3
Бүгінгі білім беру жүйесі – болашақтың негізін қалайтын берік іргетас. Осы орайда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі қолға алған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім мен жаңашылдықтың үйлесім тапқан айқын көрінісі.
Аталмыш жоба аясында жаңаша форматтағы мектептерді жоғары білімді, жаңашыл, креативті жас мамандармен толықтыру – басты міндет. Осы мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арнайы career.orleu.edu.kz цифрлық платформасын іске қосты. Бұл – тек іріктеу құралы емес, жаңа дәуір педагогикасының алғашқы қадамы.
Жақында дәл осы платформа арқылы академиялық үлгерімі (GPA 3.33-тен жоғары) үздік түлектер қатарынан шыққан М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті педагогикалық бағыттағы жас түлектері конкурстық рәсімдерден тыс, арнайы іріктеу нәтижесінде Тараз қаласындағы №66 «Келешек мектебіне» жұмысқа қабылданды.
Бұл – қағазбастылықсыз, әділ, әрі тиімді жүйенің нақты мысалы!
Жас педагогтардың үлкен сеніммен ұстаздар қатарына қосылуы – мектептерімізге жаңа серпін, ал болашақ ұрпаққа тың көзқарас, заманауи білім берері анық.
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалы – Кәсіби даму институты өз тарапынан жобаны толық қолдай отырып, жас мамандарға сәттілік тілейді. Жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысу – абыройлы да жауапты іс.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Ал «Келешек мектептері» – сол болашаққа бастар сенімді жол!

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 9
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы құжатқа қол қойды, деп жазады Egemen.kz.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бере отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органдардың және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақтағы «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, - делінген құжатта.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 11
Enbek.kz электронды еңбек биржасында жасанды интеллект көмегімен бос жұмыс орындарын автоматты түрде анықтау қызметі енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
1 қыркүйектегі жағдайға қарағанда аталған қызмет бойынша 50 мыңнан астам ұсыныс жасалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, ЖИ моделі түйіндемелер мен бос жұмыс орындарын талдай отырып, талап етілетін мамандықты, күтілетін жалақы мөлшерін, тұрғылықты өңірді және кәсіби дағдыларды ескере отырып, ұсыныстар береді.
Аталған жоба түйіндемелер мен вакансияларды талдау үрдісін автоматтандыруға бағытталған. Түйіндемені өңдеу уақыты 2 секундтан аспайды, ал қолмен вакансия іріктеу процесі 80%-ға қысқарды. Алдағы уақытта ЖИ-ді қолдану арқылы жұмыс іздеу үдерісін 90%-ға дейін жеделдету күтілуде.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 12
«OpenAI» компаниясы ChatGPT-дің балаларға арналған арнайы нұсқасын әзірлеп жатыр. Егер жүйе қолданушының жасын нақты анықтай алмаса, бірден жасөспірімдерге арналған бетке ауысады. Ата-аналар баланың аккаунтын бақылап, пайдалану уақытын шектей алады.
Ең қызығы, жасөспірімнің психологиялық күйзелісін байқаса, жүйе баланың ата-анасына дереу хабар береді екен. Бұл қадамдар бекер емес. Ғаламтордағы ең үлкен қатердің бірі – кибербуллинг. Мысалы, АҚШ мектептерінің 15%-ы аптасына кем дегенде бір рет кибербуллинг туралы шағым тіркейді. Әлеуметтік желілерде қысымға ұшырайтын балалар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан «OpenAI»-дің жаңа бастамасы осыған тосқауыл болуға бағытталған маңызды қадам болып тұр.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 15
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына ерекше тоқталып: «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», деді. Бұл – сала мамандарына артылған зор сенім мен жауапкершілік.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы осы бағытта инфрақұрылымды дамыту, мәдениет қызметкерлерін қолдау, цифрлық трансформация мен инновацияны енгізу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Бірақ мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланып, заман талабына сай жүйелі өзгеріс енгізіп алға жылжу – бәсекеге қабілетті ел болудың басты кепілі. Ол үшін даму, өркендеу, жаңашылдыққа бет бұру сияқты тыңнан түрен салатын жолдарды қарастырған абзал.
Әлемдік экономиканың өзі қалт-құлт етіп тұрған кезде бюджетке 100% масыл болудан арылып, өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін жан-жақты талдап, бұқараның руханиятқа қызығушылығын қалай арттыруға болады деген сұрақтың жауабын табуға тиіспіз. Қазір халықаралық ұйымдар, жұмыс орындарын ашу мен көбейтуге қарағанда экономикаға мәдениет пен өнердің әлдеқайда артығырақ үлес қосатынын айтып отыр. Болашақта осы жолға ойысқанымыз дұрыс. Елімізде қаншама мәдениет үйі, театр мен концерт залдарының атшаптырым фойелері қаңырап бос тұрады. Мүмкін осы жерлерге мәдениетке қатысты сауда нүктелерін қоюдан бастауымыз керек шығар. Дамыған елдердің мәдени ғимараттарында бос жер болмайды, барлық алаңында сауда қайнап жатады. Бізде де жалға беру мүмкіндігі қарастырылған. Әйтсе де, механизмі өте күрделі. Қаржы ғимаратқа басшылық ететін мекемеге тікелей түспейді. Экономика басқармасы арқылы жүзеге асады. Сол себепті мекеме басшылығының қызығушылығы төмен. Сондықтан мұны қосымша табыс табудың негізгі көзі ретінде әр мекемеге міндеттеу керек. Жалға берілген жерлерге сұраныс артқан сайын мемлекеттен бөлінетін қаржы да қысқара береді. Бұл реформа бөлінген қаржының оңды-солды жұмсалуын тыйып, кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің түйінін шешуге көмектесер еді. Мысалы, кейбір өңірде мұражай мен архивтердің жәдігер мен деректерге лық толып тұрғанын байқайсың.
Бірақ кітапханалардың жағдайы мәз емес. Бүгінде тұрғындары мың адамға жетпейтін ауылда мәдениет үйін салуға ақша бөлінбейді. Мәдениет үйлері ескі болған соң оның жыл сайынғы шығындары ұлғайып тұрады. Онда күзетші мен пеш жағушыны қосқанда, әрі кетсе, жеті-сегіз адам жұмыс істейді. Бұл мамандардың басты міндеті – халықпен тығыз жұмыс жасау, рухани байланыс орнату. Бірақ мұны атқарып жатыр деп айта алмаймыз. Қазір жасы да, жасамысы да өзіне қажетті дүниені әлеуметтік желіден табады. Телеарнаны қосып қалсаң, концерт пен шоудан көз сүрінеді. Эстрада әншілері қала, аудан орталығындағы тойханаларда күнде ән шырқайды. Қысқаша айтқанда, елдің музыкалық өнермен сусындауы мөлшерден асып тұр.
Осы орайда бүгінгі ауыл тірлігінің басты күретамыры саналатын мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатсақ, мәселенің шешімін табатын сияқтымыз. Білім мен мәдениет – құстың қос қанатындай егіз ұғым. Мектеп ішіндегі жиналыс залы функциясын өзгертіп, мәдениет бөлімімен бірігіп жұмыс істесе, білім бағдарламасына бәлендей кедергі болмайды деп ойлаймын. Қайта сол жерден талантты балаларды іріктеп, олардың өнерге деген қызығушылығын оятып, ұжым болып нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік туғызар еді. Бұл, біріншіден, кадр тапшылығын азайтады, екіншіден, қаржы үнемдеудің бірден-бір жолы.
Әр ауылға заманауи үлгідегі, жастарды өзіне тарта алатындай кітап ордасын салу – заман талабы. Мәселен, көп елді мекенде кітапхана ескі ғимараттарда орналасқан немесе мәдениет үйінің ішіндегі екі-үш бөлмесінде отыруға мәжбүр. Мұндай келеңсіздіктер кітапханаларды жаңғыртуға мүмкіндік бермейді. Интернетке шамадан тыс тәуелділік, азаматтардың лудомания секілді қауіпті дертке шалдығуына себепкер болып отыр. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында «Кітап оқитын ұлтты» қалыптастыру қажеттілігіне баса назар аударып: «Шын мәнінде, озықойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді. Іле-шала «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қаншама қорынан айрылып қалған ауыл кітапханаларының сөрелерін жаңа жинақпен толтыру үшін жергілікті бюджеттен қазірде тиісті қаржы бөлініп отыр. Осы тұста ескеретін бір жайт: келетін кітаптар тек әдеби, тарихи туындылармен шектелмей, сол ауылдағы басты тірлікке негізделген (мал шаруашылығы, егін, шахта, т.б.) тақырыпты қамтитын кітаптармен толықса дейміз. Тәжірибе алмасу үшін мұндай кітаптарды ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған мемлекеттерден алып, қазақшаға аударып оқырманға ұсынса, құба-құп болар еді.
Кейінгі кезде кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылдарда мәдениет үйі бой көтере бастады. Оның ішінде қалаға жақын, халық саны көп елді мекендер бар. Алайда мұның да түйткілді тұсы бар. Ауылда да, қалада да мәдениет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде құрылыс компаниялары театр, концерт залы, клуб, музей құрлысының ерекшеліктерін ескермейді. Театрлар мен концерт залдарында акустика, орындықтардың орналасуы, грим бөлмелері, хореографиялық залдар, цехтар мұқият жобалануы керек. Сметалық құжатта осы қаралмаса, табанақы, маңдай тер зая кеткенмен бірдей. Ол үшін «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына мәдениет нысандарын салу және реконструкциялау үшін лицензия мен сертификаттардың болуын талап ететін өзгеріс енгізуі қажет.
Мәдениет – адамды рухани-эстетикалық жағынан дамытудың басты құралы. Осыған байланысты Қарағанды облысында түрлі ірі жобаларды қолға алып отырмыз. Мысалы, Шет ауданы Талды тарихи-археологиялық саябағы маңынан сонау темір, қола дәуірінен сыр шертетін қазба орындары табылды. Осыны насихаттау үшін Талды ауылында байырғы дәуірге негізделген реалити шоу ұйымдастырып, шатырлар тігіп, ғылыми-танымдық конференция және басқа да шаралар өткізу жоспарда тұр. «Бай қымыз» жобасын Қарқаралы жерінде өткізсек деп ұйғарып отырмыз. Қасиетті Арқа өңірі – қымыздың отаны. Жобада қымызды ғана насихаттамай, түрлі этнографиялық құндылықтарымызды көрсетеміз. Соның ішінде «садақ ату», «жүйрік тазы», «сүтті бие» сияқты аталымдармен қоса, басқа да құнды деректерді бұқара назарына ұсынамыз. Бұл ұлттық брендіміздің бағасын көтеріп, отандық туризмге серпін беруге басымдық беріледі.
Қарағанды облысы – туризм саласын дамытуға өте қолайлы жер. Көне тарихы, көз тартар табиғаты соған сұранып тұр. Ендеше, туризмді дамыту үшін алыс-жақыннан келген туристерге жағдай жасап, көңілін көтеретін іс-шараларды жүзеге асуруға тиіспіз. Соның бірегейі – Көкше теңізі жағасында өтетін «Balkhash Tour Fest» фестивалі. Бұл жерде басымдық экотуризм болады. Экотуризм – келген қонақтарға табиғатты тамашалауға, жергілікті мәдени-мұра мен дәстүрді танып-білуге мүмкіндік береді.
Өнерді құрметтеу, талантты қадірлеу – қанымызға сіңген қасиет. Кейде біздің әріптестер түрлі жерде концерт беруге мәжбүр болады. Соның бірі – ауылшаруашылық жәрмеңкесі. Ат төбеліндей адам ғана болмаса, аттың түгіндей ығы-жығы боп артынып-тартынған халық әнді қайдан тыңдасын? У-шумен назар да аудармайды. Сондықтан ауылшаруашылық жәрмеңкесіне өнер адамдарын сабылтпай, дыбыс колонкасы арқылы ән мен күйді жаңғыртып қойса екі жаққа да тиімді болушы еді.
Жапон экономисі Иосихара Кунионың «Жапонияның дамуына себеп болған факторлардың бірі – оның мәдениеті» деген сөзі бар. Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан дарынды азаматтарымыздың еңбегі өлшеусіз. Олардың қызметі – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Осындай таланттардың арқасында жоспарымыз жүзеге асып, жұлдызымыз жарқырайтынына кәміл сенемін.
Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 47
Алматы облысында елдегі алғашқы цифрлық қала – «Alatau City» құрылысы жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда қаланы іскерлік пен инновацияның орталығына айналдыруды міндеттеді. Қазірдің өзінде қалада 18 ірі жоба қолға алынған. Оның ішінде құны 81 млрд теңге болатын «PepsiCo» зауыты, 43 млрд теңгелік «Eastcomtrans» логистикалық орталығы бар. Бұлар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашып, аймақ экономикасына серпін береді.
Болашақтың қаласы қандай болмақ?
Жаңа қаланың алғашқы ірі жобасы – «K-park» мәдени-іскерлік орталығы. Оған Қазақстан корейлерінің қауымдастығы шамамен 20 млн доллар жеке қаржы құйыпты. Парк аумағы 10 гектарды құрайды, жылына 3,5 млн адамға дейін келуші тартуы мүмкін. «Alatau City» тек өнеркәсіп пен логистикаға емес, сонымен қатар цифрлық технологияларға да сүйенеді. Мұнда «Smart City» жүйесі енгізіліп, болашақта криптовалютамен есеп айырысу мүмкіндігі қарастырылады.
Бас жоспарға сәйкес қала төрт ірі ауданға бөлінеді. «Gate District» – Алматыға жақын қаржы мен іскерлік орталық. «Golden District» – білім, денсаулық сақтау және спорт аймағы. Мұнда 50 мың орындық стадион мен этноауыл салынады. «Growing District» – индустриялық-логистикалық орталық. Оның ең басты нысаны – жылына 40 млн жолаушы қабылдайтын жаңа халықаралық әуежай. «Green District» – Қонаев маңындағы демалыс аймағы. Бұл жерде аквапарктер мен отандық үлгідегі «Диснейленд» жоспарланған.
Инфрақұрылым бойынша үш LRT желісі салынып, тәулігіне 200 мың адамды тасымалдауға мүмкіндік туады. 2050 жылға қарай 100-ден астам мектеп ашылады. Құрылыс барысында ресурсты үнемдейтін технологиялар қолданылады.
Жаңа экономиканың орталығына айналады
Мемлекет басшысы Сингапурде урбанистиканың ғажайып тәжірибесін жасаған Вонг Хеанг Файнды «Alatau City» жобасының бас кеңесшісі етіп тағайындады. Ол қаланың он жылдан кейін қандай болатынын алдын ала болжай алады. Айтуынша, қазір жобалау кезеңі жүріп жатыр, бірақ инвестиция тартудың негізгі құралдары назардан тыс қалмаған. Ерте кезеңде инвесторлар үшін кіру құны төмен, ал өсім әлеуеті жоғары. Перспективалы бағыттарда дрон логистикасы, жасанды интеллект, бағдарламалық шешімдер, автономды көлік бар.
«Alatau City» деректерге негізделіп салынады. Қаладағы барлық элемент ғимараттардан бастап, сервистерге дейін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі. Бір терезе қағидаты арқылы тұрғындар мен компаниялар рұқсат алып, жобаларын жүргізіп, қызметке қосылып, бәрін онлайн басқара алады. Экономикалық үлгінің маңызды бөлігі – экологиялық энергетика. Сонымен қатар қала «Low Altitude Economy», яғни 3 000 метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану негізіндегі жаңа экономиканың орталығына айналуға тиіс. Бұл – аэротакси, дрондық логистика, телеком-инфрақұрылым. «McKinsey» болжамынша, бұл нарық 2040 жылға қарай 1 трлн доллардан асады», дейді Сингапур сарапшысы.
Бүгінде қолда бар дүниеге инвестор тарту қиын. Ал енді салынып жатқан қаланы инвесторлар шоғырына айналдырамыз деген ой ғажайып секілді көрінетіні анық. Вонг Хеанг Файнның айтуынша, бұл әбден мүмкін. Себебі үдеріс басталып кеткен.
«Арнайы әкімшілік аймақта инвесторлардың капиталы толық қорғалатын нормативтік орта жасалады. Бұл – түсінікті ережелер, ашық салық жүйесі, икемді корпоративтік құралдар. Ең бастысы, тәуелсіз арбитраж болады. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрыннан бар. «Alatau City» жобасын «реттеуші құмсалғыш» моделі десек те болады. Барлық әкімшілік үдеріс цифрлық форматта атқарылады, бұл шығынды азайтып, адами факторды барынша төмендетеді. Қазірдің өзінде қойма инфрақұрылымы, қайта өңдеу, жеңіл машина жасау салаларында жобалар серпін алды. Энергияны басқару, цифрлық логистика, дрондық шешімдермен айналысатын компаниялармен келіссөз жүріп жатыр. Инвесторлар үшін жоба жергілікті ғана емес, халықаралық деңгейде ұсынылып отыр», деп түсіндірді сарапшы.
Жеті жыл уақыт керек
Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаевтың сөзінше, 2024 жылы жобаға 46 млрд теңге инвестиция тартылды. Алғашқы халықаралық серіктес – «KPMG Korea».
«Alatau City»-ді еліміздегі алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналдыру үшін қомақты ресурстар мен саяси ерік-жігер қажет. Заманауи байланыс, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, көлік, экология, мемлекеттік қызметтерге арналған «ақылды» сервистерді енгізу, білікті кадрларды даярлау өте маңызды. Цифрлық қала – урбанистиканың жаңа кезеңі. Оның ерекшелігі барлық басқару үдерісі заманауи технологиялар арқылы барынша ыңғайлы, жедел әрі ашық жүзеге асуында», дейді.
Бүгінде цифрландыру көптеген салаға еніп үлгерді. Мобильді қосымша арқылы қоғамдық көлікте жолақы төлеу, дәрігерге жазылу, құжат тапсыру немесе мемлекеттік қызмет алу мүмкіндігі үйреншікті іске айналды. Ал жаңа қалада мұндай қызметтер бірыңғай жүйеге біріктіріледі.
«Қалалық қызметтер үлкен деректерді қолдана отырып жұмыс істейді. Бұл көлік қозғалысын реттеуге, экологиялық жағдайды бақылауға, энергия тұтынуды қадағалауға, коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын оңтайландыруға жол ашады. «Ақылды» сервистерді, бірыңғай қалалық қосымшаны енгізу үшін тағы 2-3 жыл қажет. Толыққанды заманауи цифрлық орталыққа айналуы үшін шамамен 7 жыл уақыт керек», деп отыр Ғ.Матаев
Криптоэкономика кіріп келеді
Блокчейн ұлттық қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашевтың пікірінше, криптоиндустрия мен жасанды интеллект сияқты салаларды алдыңғы қатарға шығару – шетелдік инвестордың назарын аударатын қадам.
«Бүгінде елімізде бұл салаға Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Цифрлық даму министрлігі жауапты. Алайда олардың атқарып отырған ісі әлі де жеткіліксіз. Лицензиясы бар биржалардың үлесі бар болғаны 3%-ға жетеді, ал қалған 97%-ы көлеңкелі кеңістікте, шетелдік платформаларда жүр. Астананың өзінде бір аудан көлемінде толыққанды экожүйе жасай алмаған тұста, тұтас бір криптоқаланы басқаруға қауқар жете ме деген сұрақ туындайды», дейді Д. Қарашев.
«On-chain analysis» дерегіне жүгінсек, былтыр отандық қолданушылардың 40%-ы «Binance» биржасын таңдаған. Бұл компания елімізге салық төлемейді, қаржы мониторингінен өтпейді. Өзге елдерде түрлі шектеуге ұшырағанымен, бізде қатаң тосқауыл қойылған жоқ.
«Криптоиндустрияны реттеу ісі Ұлттық банктің қолына берілгені абзал. Қазіргі жағдайда лицензия беруді АХҚО атқарса, реттеу құқығы Ұлттық банкте. Бұл екіұдай жүйе ілгерілеуге емес, керісінше тежелуге алып келеді. Сондықтан бір орталыққа бағындыру маңызды. Жоба жүзеге асса, инвестиция ағылып, цифрлық инфрақұрылым өркендеп, Қазақстан блокчейн саласында өңірлік көшбасшыға айналуы ықтимал. Іс табысты болуы үшін ең алдымен білікті топ керек. Екінші міндет – ойын ережесі ашық әрі айқын болуы тиіс. Инвестор мен қолданушының сенімі артқан сәтте ғана «Alatau City» шынымен де болашақтың қаласы атанады», деп түсіндірді қауымдастық төрағасы.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 66
Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау жолдарына тоқталды. Кеңес барысында жеке құрамға құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ойын-сауық орындарында тәртіпті күшейту, ауылдық жерлерде мал ұрлығының жолын кесу, жол-көлік оқиғалары жиі болатын аумақтарда профилактикалық шараларды күшейту, киберқылмыспен күресті жандандыру және туристік полиция қызметін дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар Президент Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттарға назар аударылып, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект шешімдерін пайдалану, халықпен өзара байланысты нығайту, қылмыстың алдын алу және қоғамдық тәртіпті күшейту шараларының маңызы атап өтілді.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 81
20 қыркүйектен бастап елімізде ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтеді. Интервьюерлер барлық елді мекенде үй-үйді аралап, деректер жинайды. Атырау облысында жалпы саны шамамен 50 мыңға жуық үй шаруашылығын қамту жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы санағы елімізде екінші реет өткізіліп отыр. Оның мақсаты – аграрлық саланың жағдайы туралы толық мәлімет алу, әсіресе ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде. Сауалнама парағы 22 сұрақтан тұрады. Онда мал мен құстың болуы, жер ресурстарын пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер сұралады.
«Біз санақтың онлайн кезеңін аяқтадық, ол кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтарының сауалнаманы sanaq.gov.kz сайтында толтыру мүмкіндігі болды. Ол кезеңге облыс бойынша 11 мыңнан астам респондент қатысты. Енді ауқымды кезең басталды: интервьюерлер үйлерді аралап, деректерді планшет арқылы жинайды. Баршаңызды шараға белсенді қатысуға және өзекті ақпарат беруге шақырамыз. Сұрақтар қарапайым әрі тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты болады. Барлық жауап статистикалық мақсатта пайдаланылады және үшінші тұлғаларға берілмейді», – деді Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев.
Үй-үйді аралау жұмысына 100-ден астам интервьюер жұмылдырылады. Олар айрықша көк түсті формада – жилет пен бейсболкада болады, бейджде жеке басын растауға арналған QR-код орналасады. Егер үй иелері үйінде болмаса, интервьюер байланыс нөмірі көрсетілген хабарландыру қалдырады.
Ұлттық статистика бюросы ақпараттың қауіпсіздігі мен құпия сақталуына кепілдік береді. Барлық жауап заңмен қорғалады, ал деректер тек жалпыланған түрде қолданылады. Сұрақтар туындаған жағдайда Бюроның байланыс орталығына 1446 нөмірі арқылы хабарласуға болады (жұмыс уақыты 9.00–21.00, қоңырау шалу –тегін).
1 тамызда басталған Ауыл шаруашылығы санағы, 20 қазанға дейін жалғасады. Жиналған деректер салаға қатысты мәліметтерді жаңартуға және ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шешімдер қабылдауға негіз болады.

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 184
10 күнге созылған оқу-жаттығуға 20-45 жас аралығындағы 100-ге жуық азамат қатысты.
9–18 қыркүйек аралығында Атырау облысында аумақтық қорғаныс әскерлері бригадасы және әскери міндеттілердің қатысуымен арнайы тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу «Бригада бөлімшелерін жұмылдыру және жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейге жеткізу, жауынгерлік үйлестіруді ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ аса маңызды нысандарды қорғау мен күзету» тақырыбында өтті.
Шараның негізгі мақсаты – облыс аумағындағы маңызды стратегиялық нысандарды күзету және қорғау кезінде бригадалық басқарма мен жергілікті әскери басқару органдарының үйлесімді іс-қимылын пысықтау, дайындық деңгейін тексеру болды.
«Атырау облысының резервтегі қорғаныс бригадасы бейбіт және соғыс уақытында келесі міндеттерді орындайды. Ең алдымен, елді мекендерді, коммуналдық объектілер мен инфрақұрылым желілерін қорғау, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қарсылас тарапынан төнетін қауіп-қатерден қорғау. Екіншіден, барлау, диверсиялық және террористік топтарды анықтау және жоюға қатысу. Үшіншіден, жауапкершілік аймағында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету. Соғыс жағдайында әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою шараларына қатысу. Арнайы операциялық күштермен бірлесіп, уақытша басып алынған аумақтарда қарсыласқа тойтарыс беру операцияларын жүргізу» дейді Атырау облысы аумақтар бригадасының командирі Нұржан Даутов.
Оқу-жаттығудың соңғы күні шартты қарсыластың шабуылына тосқауыл қою және стратегиялық нысанды қорғау бойынша тактикалық эпизод көрсетілді. Бұл бөлім аумақтық қорғаныс күштерінің қауіп-қатерге жедел жауап беру және инфрақұрылым объектілерін қорғауға дайын екендігін көрсетті.
Оқу-жаттығуға қатысқан ер азаматтар арасында Жедел жәрдем орталығының қызметкері Ыбырай Әділгереев те бар.
«Отан алдындағы борышымды өтегеніме жиырма жыл өтіпті. Осы оқу-жаттығу кезінде әскердегі кездерім есіме түсіп, сол күндер қайта жаңғырды. Бүгінгі тактикалық эпизодта мен нысанды басып алушы террористің рөлін сомдадым. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді ол.
Оқу-жаттығу қорытындысымен ерекше көзге түскен бірқатар қатысушы азаматтар әскери дайындықтағы жоғары белсенділігі үшін марапатталды.
Хұсни ХАМЗА

- Информация о материале
- Категория: Аймақта
- Read Time: 1 min
- : 197
Өңірде жүзге жуық әскери міндеттілер 10 күндік оқу-жаттығудан өтті.
Оқу жаттығудың соңғы күнінде нысанды қорғау және шартты қарсыластың шабуылын тойтару операциясы көрсетілді және әскери дайындығы шыңдалған бірқатар азаматтар шара соңында марапатталды