banerkzbig

Бар бақыттың бастауы

(0 Votes)

Бабалар аңсаған Тәуелсіздік

Әлемде 258-ге жуық мемлекет болса, соның 194-і ғана егемен ел екен. Ресми деректер әлем халқының 3 мыңнан астам тілде сөйлейтінін айтады. Міне, сондай тізімде Қазақ елі – тәуелсіз мемлекет, қазақтың тілі – мемлекеттік тіл ретінде айқындалып тұр. Сондықтан, жыл сайын тәу етер тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақстандықтың кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, керемет күйге енетіні жасырын емес. Тәуелсіздік – бізге бұйырған ең үлкен бақыт, ең асыл құндылығымыз! Бұл – кең байтақ Қазақ елінің ұлық мерекесі. Бақ басымызға бірден қона қалған жоқ. Бүгінгі тәуелсіздік – аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткерген халқымыздың сан ғасырлық арпалысқа толы күресінің, Алаш ардақтылары мен Желтоқсан жаңғырығына айналған қазақтың ұл-қыздарының азаттыққа ұмтылған қаһарман қайсарлығының жемісі.

Керегесі сөгілген Кеңес империясынан бөлініп, одан күрмеуі мол әлеуметтік, экономикалық мәселелерді өзіне жамап шыққан тәуелсіз Қазақстан алдында екі жол тұрды. Ол ата-бабамыз, алаш арыстары армандап кеткен тәуелсіздік тұғырын тіктеп, мемлекеттілікті сақтап нығайту немесе бітпес дауға бас ұрып, сол тұста қаптаған «көріпкел-сәуегейлердің» айтқанындай, тоз-тоз болып тарап кету. Міне, осындай алмағайып заманда салмақты саясат ұстанып, елдің ертеңгісіне бағытталған келелі жоспарларын жүргізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысы өз жемісін берді. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы «Кеңес одағы өмір сүруін тоқтатты» деген жарияланымнан кейін, бұрынғы одақтас республикалардың бейбіт жағдайда енші бөлісулеріне, ұлттар арасында қақтығыс болмауына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Елбасының ерен еңбегі

Шындығында да, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы – дүрбелеңге толы, алдын болжап білуге болмайтын шақ екенін көзі көрген жандар жиі айтады. Оның әрбір күні тарихи оқиғаларға, ел тағдырының таразыға түскен мәселелерге толы болғандығы жасырын емес. Бәрін Президентіміз Н.Назарбаев жан-жақты зерделеп, бағыт-бағдар берді. Дұрыстығы, болашақты айқын болжай білу кереметтігін қазір әлем елдерінің саясаткерлері жарыса айтады. 1997 жылы Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы жөнінде халқына Жолдауын арнап, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын жасап шығарды. Одан әрі астананы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру қандай ерлік десеңізші. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды шешімінің арқасында жүзеге асқан алып жоба болды. Президентіміз тек идея авторы ғана емес, оны тәжірибе жүзінде орындаған сәулетші ретінде тарихта аты қалғаны мәлім. Бүгінгі Астананы бұрынғы Ақмоламен мүлдем салыстыруға келмейді.

Айырмасы жер мен көктей. Сөз жоқ, дос сүйсініп, дұшпан күйінсе де, бұл жеңістің басында Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі тұрды. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында халқымыз Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасап, татулығы жарасқан, іргесі сөгілмеген мемлекетке айналды. Аз уақыт ішінде талай экономикалық асуларды бағындырып, әлеуметтік және саяси реформаларды жүзеге асырып, әлемдік саяси аренадан ойып орын алған Қазақ елінің дүние жүзі қауымдастығы алдында абыройы биік, мәртебесі жоғары. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Ол ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, әлемдік қауымдастыққа еуразиялық интеграция идеясын ұсынды. Шанхай ынтымақтастық ұйымын ұйымдастырып, қалыптастыруда белсенді рөл атқарды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа да беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі этносаралық келісімді нығайтудағы теңдесі жоқ маңыздылыққа ие болды. Оның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстандағы этностардың мәдени өмірі де жандана бастады.

Елдікті сақтау – басты парызымыз

Міне, жоғарыда айтқанымыздай жүздеген ұлттар мен ұлыстар тәуелсіз болып, өз елінде, өз ортасында өмір сүруді аңсайды. Олардың өкініштеріне орай, бұл тек арман болып қалуда. Ал, біз осы арманымызға қол жеткіздік, ендігі міндет – елдікті сақтау, тәуелсіздікті ұрпақтан-ұрпаққа мұрат етіп қалдыру. Өзімізді-өзіміз кері тартпай, қолда барымызды қадірлеп, азаттығымызды баянды ету жолында ынтымақ пен бірлікке ұмтылу. Елбасына зор қолдау білдіре отырып, әрбір азаматтың Қазақ елі мемлекетінің кірпіші болып қаланып, оның іргетасының мәңгілікке айналуына үлес қосқаны абзал. Сондықтан, Ұлт көшбасшысы айтқандай: «Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақмүддеміз». Ендеше, сол межеден көріне беруді шынайы көңілмен тілек етеміз.

А.Шакупова

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Бейнебаян жаңалығы

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

Редакция

 
muratovaslan

Таңатар Дәрелов
- "Серпер" газетінің бас редакторы

kisimovaaru

Қанат Ғұмаров - бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы


sharapidenovabilmazhan

Айбек Нәжімов
- 1-ші дәрежелі тілші


panaberdievserikbol

Айнагүл Шакупова
- 2 дәрежелі тілші


dauletiarzholaman

Иманкулова Айдана Қажымұханқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig