Семіздік жайлап барады

(0 Votes)

Әлем күннен-күнге «дөңгеленіп» бара жатыр. Халықаралық даму институтының зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бүгінде жер бетіндегі миллиардтан аса адам семіздікке шалдығыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір үш адамның біреуі артық салмақ жинағанын алға тартып отыр. Ғалымдарды, әсіресе, дамыған елдердегі жағдай алаңдатады, соңғы отыз жылда мұндайлардың саны бірден төрт есеге артқан. Ал еліміздегі 18 миллион халықтың жартысына жуығы семіздік ауруына ұшыраған, не артық дене салмағынан зардап шегеді. Бұл тез дайындалатын тағамдарға әуес болудың, күні бойы қозғалыссыз отырудың, спортпен айналысудың аздығының салдары.

«Ауру – астан» дейді бабаларымыз. Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов осының 90 пайызы дұрыс тамақтанбағаннан болатынын айтады. Бүгінде адамдар фаст-фудқа, яғни жылдам дайындалатын өнімдерге әуес боп алған. Олардың ішінде донер, бургер, пицца сияқты тағамдарды айтуға болады. Оны әзірлеу мен сатып алу арасындағы уақыт 10 минуттан әрі аспайды. Әлеуметтік зерттеулер барысында қазақстандық балалардың 13 пайызы фаст-фуд өнімдерін күнделікті қолданатыны белгілі болған. Республика бойынша, фаст-фуд өнімдерін балалар күніне шамамен бір рет тұтынады. Мәселен, бүгінде көшедегі бала¬ның қолынан қоспасы үсті-үстіне үйілген гамбургерді, оның қасынан кока-коланы көресіз. Әзірленуі әп-сәтте, бойға сіңуі бірер сәт. Бірақ асқазанға келгенде кедер¬гіге ұшырайды. Себебі бір мезгілде жеңіл дайындалатын мұндай ауыр тағамдардың калориясы бір тәулікте тамақтанатын ауқатпен пара-пар көрінеді. Қазанға түскен тамақ баланың асқазанынан табылмайды. Шынына келгенде, дұрыс тамақтану деген ұғым ұмытылып барады. Отандық дәрігерлер тез әзірленетін тамақ атаулының салдарынан қатерлі ісік, диабет, бауыр, бүйрек және қан тамырлары ауруларымен ауыратындардың саны едәуір артқанын айтады. Сонымен қоса, организмді бүлдіріп ғана қоймай, депрессияға да ұшырататыны тағы бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, олардың құрамында дәрумендер болмайды. Керісінше қоректік қуаты жоғары болғандықтан фаст-фуд өнімі адамды семіздікке алып келеді.

Шынын айту керек, көбі түскі үзілісте жұмыстан шығып, үйіне баруға үлгермейді. Сосын жеңіл-желпі тамақтана салады. Үлкендерді былай қойғанда, бұл дерт балалар арасында да дендеп барады. Кириешки, чипсы дегенді көп жейтіні белгілі. Ұлттық дұрыс тамақ¬тану орталығы әрбір үшін¬ші оқушы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа жұмсайтынын, апта-сына бір рет газдалған тәтті сусын ішетінін анықтаған. Ал студенттер қауымының 60 пайызы фаст-фудпен ауқаттанады. Соның ішінде әрбір жетінші студент күн сайын фаст-фуд жеп, газдалған немесе энергетикалық сусындарды үзбей ішетін көрінеді.

Ғылыми зерттеулер нәтижесінде семіздіктің аурулар қатарына жататыны дәлелденген. Оның үстіне қазір технология тез дамып келеді. Үйден шығып, көлікке отырады. Жұ-мысқа келген соң компью¬терге телміреді. Артық қимыл-қозғалыс болмаған соң калория жоғалтпайды. Осының барлығы семіздікке әкеліп соғады. Бірақ одан арылу үшін бүгінде қаптаған жарнамаларға еруді құптамаймыз. Диета дегенді жұрт тамақтан бас тарту деп түсінеді. Бірақ олай емес. Сау диета дегеніміз – әртүрлі тамақтарды тұтыну болып саналатынын мамандардың өзі алға тартады. Макарон, нан болсын, бірақ мөлшерімен жеу керек. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Ауқаттанған кезде асқазанның үштен бірін – тамаққа, үштен бірін – суға, үштен бірін – ауаға қалдырыңдар. Асқазан толып тұрса, Аллаһтың ашуы келеді», - деген. Адамдар осы принципті ұстанса, мәселе болмас еді. Ұтымды тамақтану – бұрын үш рет дейтін еді ғой, ал қазір күніне төрт-бес рет ауқаттанған абзал. Бірақ тойып жеу міндет емес. Кешкі сағат алтыдан кейін тамақ жемеу дегеннің де жөні бар. Өйткені дененің қозғалыс белсенділігі аз болады. Сондықтан асқазан да оңай қорытылмайды. Отандық диетолог мамандар фитошайлардың да, шөптен жасалған өнімдердің де артық салмақ тастауға әсері бар екенін айтады. Олар аптасына 7-8 келіге дейін түсіріп жіберетінін, есесіне оны адам қайтадан тез жинап алатынын алға тартады. Диетаның нормативі бойынша айына тек 3-4 келі салмақ тастап отыру керек екен. Ал одан артып кетсе, біріншіден, ағзаға, екіншіден, жүйке жүйесіне зиян. Яғни бұдан, адамның ойлау қабілеті төмендеп, болмашы нәрсеге ашуланып шыға келеді. Сондықтан аз уақыт ішінде көп салмақтан арылдым деп қуанудың қажеті жоқ. Өйткені, адам бір күнде немесе бір түнде семіріп кетпейді, артық май адам бойына айлап, жылдап жиналады. Одан құтылу үшін де сонша уақыт керек.

Сүт өнімдерін, жеміс-жидектерді де көптеп тұтынған жөн. Уақыт өте келе арпа-бидайдың қаншалықты пайдалы екенін ұмытып барамыз. Бұрынғы кездері әжелеріміз сүтке талқан салып, араластырып, дәмді етіп дайындап беретін. Қазір бұларға сұраны¬с аз. Ал олардың құрамында пайдалы дәрумендер өте көп екенін көпшілік біле бермейді. Қымыз-шұбат қымбат, дегенмен, айына бір рет болса да ішіп тұрған дұрыс деп ойлаймыз. Онсыз да кола сияқты тәтті сусындарды жиі пайдаланамыз ғой. Соның ор¬нына ағарған ішсе, тіптен жақсы болар еді. Дәмді, денсаулыққа пайдалы тағамдар дайындалған үстел басында бүкіл отбасымен жиналып тамақтануды дәстүрге айналдырсақ, кім-кімге де артықтық етпейді. Пайдалы тағамның тартымдылығын көрсету үшін, күнделікті тамақ ішуге дастархан дайындағанда әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы сүйсініп ішіп-жейтін ас мәзірін әзірлеуді естен шығармаған абзал.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521