Қызылшаның тиімді емі – екпе

(0 Votes)
aikyn.kz

Бірқатар көршілес тәуелсіз елдер Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. елдердермен қатар Қазақстанда да  қызылша ауруы өршуде. Соның ішінде Атырау облысы Құрманғазы ауданында  2023 жылы  133 жағдай,  2024 жылдың 16 қаңтарына дейін 47 жағдай тіркеліп, 32-сі зертханаға жіберіліп, 17-оң нәтиже анықталып отыр.

Қызылша – ауа және тамшы арқылы таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Соңғы 10-15 жылда ауданымызда қызылша ауруы тіркелген жоқ.

Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі. Инкубациялық кезеңнің  2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады, белгілері: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа  қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.

Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.    

Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Науқаспен байланыста болған адамдарды аурудың соңғы жағдайы анықталған сәттен бастап 21 тәулік бойы күнделікті медициналық байқауда болады.

 ҚР  Бас санитариялық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы»  1 қараша 2023 жылғы №7 қаулысына сәйкес егілуге жататын контингенттерге қылышаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейін, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізілуде. Егу тұрақты иммундық қорғанышты қалыптастырады.  2021 жылғы    2 ақпанды   ҚР ДСМ-13 бұйрығына сәйкес Қызылшамен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 (отыз) жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ немесе осы инфекцияға қарсы екінші профилактикалық егуі жоқ адамдарға, қызылшаға, қарсы моновакцинамен, ол болмаған кезде құрама вакцинамен шұғыл вакцинациялау жүргізіледі. Шұғыл вакцинациялау науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі. Ауданымызда  соңғы кезде екпеден бас тартушылар көбейіп бара жатыр. Құрметті ауыл тұрғындары, ата-аналар!!!  Ең басты байлық денсаулық, қызылша ауруының алдын алу бағытында баларыңызды вакцина екпемен қамтамасыз етулеріңізді  сұраймын.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

А.ЖАНДЫБАЕВ,

 аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы міндетін атқарушы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521