ЖАУҺАР ЖЫРЛАР ЖИНАҒЫ

(0 Votes)

Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, жиырмаға жуық кітаптардың авторы Таңатар Дәрелұлы қалың оқырманына «Көкжиекке күн жақын» атты жаңа жыр жинағын ұсынып отыр.

371 беттен тұратын кітап «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан 500 данамен жарық көрген. Төрт бөлімнен тұрады.

Жалпы «Әу» дегеннің бәрі әнші емесі сияқты, өлең жаза білгендер де түгелдей ақын болып кетпейді. Күнделікті өмірімізде көзімізге көрінгеннің бәріне сый-сияпат жасай бермейміз ғой. Оны тек өзімізге ұнаған адамдарға ғана ұсынамыз. Сол сияқты ақындық та Алланың қалаған пенделеріне беретін ерекше сыйы. Адам мына жалғанды маңдайындағы екі шырағымен ғана бағаласа, Таңатар ағамыз жан-түйсігімен, яғни үшінші көзімен де көреді. Өмірдің жан жылытқан шуағы мен қаракөлеңке тұстары оның бойында қым-қиғаш құбылыстар тудырады. Найзағайдай жарқылдайды, жаңбыр боп төгіледі. Үп еткен жел бірдеңені сыбырлайды, бұлт арасынан жылт еткен күн, жан-жағындағы сұлулық оны бейжай қалдырмайды. Басқалар мән бермеген нәрселер нәзік жанын жаралайды немесе сезім толқынында тербетеді. Қалай десек те ақын мен оны қоршаған орта егіз. Басқаша болуы мүмкін емес. Сырлы сезім кәусарынан сусындататын Таңатар аға өлеңдері осындай ойларға жетелейді. Алғы сөзін жазған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Гүлзада Ниетқалиеваның: «Жансарайы өзге жұртқа беймәлім тылсым сырға толы Таңатардың өзге оқушыларынан ерекшелігін ұстаздары да аңғарған сияқты. Сол кездегі өзімен қатар өскен тұстастары сияқты ол да кітапқұмарлардың бірі болды. Құнығып оқыды, қызығып оқыды. Ешкімге білдірмей өлең жазды. Білдірмейін дегенмен бола ма, достары оның ақындығын өзгелерге сүйіншілеп, жайды. Бала Таңатардың ақын Таңатарға айналу жолы осыдан басталды. Мынау жалған дүниеден түңіліп, көңілі қалып, сенген достарының опасыздықтарын көріп, жүрегі ауырып, жақсы көрген жақындары жанын түсінбеген сәттерде осынау «Өлең» деген тәңірі сый еткен өмірлік серігіне сырын алғаусыз ақтармап па еді?!», дегеніне қосыламын.

Редакциямызға хабарласқан еңбек ардагері, ауданымызға есімі белгілі азамат Жанғабыл Шамұратов ағамыз: – Таңатар Дәрелұлы поэзиясының өзіндік ерекшелігі бар. Өлеңдері жеңіл оқылады және адамды тартып тұрады. Суреттеулері шынайы, өткен өмір белестерін, бүгінгі заманның көріністерін көз алдыңа әкеледі. Бұған дейінгі кітаптарын да тастамай оқығанмын. «Таңатардың жаңа кітаптары шыққан жоқ па?», деп сұрастырып отырамын. Мына «Көкжиекке күн жақын», деген өлеңдер жинағы қолыма тигенде жоғалтқанын тапқан жандай қуанып қалдым. Бас алмай оқып шығып, алған әсерімді сіздермен бөліскім келді. Бұл кітапты жастар, жыр сүйер қауым оқуы тиіс деген оймен өздеріңізге хабарласып жатырмын. Мұнда тек тігісі білінбеген киімдей жинақы, тынық күнгі өзендей мөлдіреген өлеңдер ғана емес, санасы бар адамға алар үлгі-өнеге де жеткілікті, - дейді ризашылығын білдіріп.

Таңатар ағамыз өлеңдері халықтан лайықты бағасын алған, есімі елімізге танымал, мойындалған ақын. Осы кітабы да жыр жауһарларына толы. Оның бәріне бір мақалада жіліктеп тоқталып шығу мүмкін емес. Бәрі де әдемі, барлығы туралы да айтқың келеді, алайда оған газет деген әлемнің кеңістігі шектеулі. Толығырақ танысуды оқырманның өзіне қалдырып, бір-екі өлеңінің кейбір тұстарын назарларыңызға ұсынайық.

Ақын «Басты гәп» деген өлеңінде:

Түйінін қайтіп шеше алам,

Шеше алмай жүрсе еш адам.

Жаңғырып сана жатқанда,

Қайсыбір ұлдар есалаң.

Дерсің бе бүгін үгіт кем,

Жетекке алар кім үстем.

Жүнжіп кеткен ұлыңның.

Жігерін арақ жібіткен», деп бүгінгі өмір көрінісін әсерлі суреттеп, санасы жаңғырмай, үгіттің емес, арақтың жетегінде кеткен жастарға қынжылыс білдіреді.

«Жастар жылы» атты өлеңінде:

Жастар деген Ұлы елімнің мақтаны,

Келешек те, үміт еткен ақ таңы.

Қолдау және қуаттау да орынды,

Жарасымды жыл еншілеп жатқаны, - деп қуанышын білдіре келе:

Мәпелесең өседі ертең гүл қаптай,

Аяла тек жүрегіңді мұздатпай.

Кейбір егде отырмасын орнында,

Зейнет жасқа шығып алып міз бақпай, - дейді жастарға жұмыс орынын босату үлкендердің міндеті екенін жеткізіп.

Бұл жинаққа Таңатар Дәрелұлының белгілі композиторлар ән жазған өлеңдері де енген. Сонымен қатар өмір беттерінен сыр шертер суреттер, кейбір мақалалары да топтастырылған.

Жаңа кітап өз оқырманын табарына сенімдіміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521