Туған ауыл ұлықтады текті ұлын

(0 Votes)

Елің үшін жасаған әрбір жақсы ісің туған жеріңде ардақталып, құрметіңді арттыратыны белгілі.

Еңбек елеусіз қалмайтыны тағы бар. Сүйіндік ауылында өсіп, ержетіп, жастайынан туған жерінің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен, содан абырой тапқан Серік Ғабдығапарұлының 60 жасқа толуына арналған мәдени шара Сүйіндік ауылдық округінің мәдениет үйінде «Туған елі ұлықтайды текті ұлын»тақырыбында ұйымдастырылды. Мерекелік шараны ауыл әкімі Қанат Құлшаров ашып, сахна төріне кеш иегері Серік Ғабдығапарұлы мен жұбайы Балжан Кінәмақызы шақырылды.

Мерейгердің құрметіне арналған кеш Ризабек Шадановтың орындауындағы «Өз елім» әнімен ашылып,әрі қарай мерейгердің өмір жолы және жасаған істері, марапаттары, жанұялық ерекшеліктері туралы айтылды. Сахна төріне көтерілген Маннап, Жасекен аталарымыздың берген батасы мен Сүйіндік жалпы орта мектебінің ұландарының мерекелік құттықтауы мерейгерге арналды. Кеш одан әрі талай жыл өнер сахнасында бірге жүрген жолдасы, мәдениет үйінің директоры Жәнәбіл Шадановтың сол кездерді еске ала отырып жолдаған тамаша тілегіне, би үйірмесі мүшелерінің «Торы жорға» биіне және мерейгер Серік ағамыздың «Қайран жастық» әніне жалғасты.

sisatov-ser3k1

Келесі кезекте мерейгердің білім саласындағы әріптестері Сүйіндік жалпы орта мектебінің директоры қызметін уақытша атқарушы Рымжан Амиров, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Өтемісованың Серік ағамыздың бойындағы қасиеттері қоса айтылған ақ тілегі, Лабай орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұстах Кенжеғалиевтың кеш иесі туралы өнегелі әңгімелері және осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зәуреш Жетпісбаеваның әдемі құттықтауы,әріптес болған жылдардағы естеліктері тыңдалды. Мұнан әрі балабақша меңгерушісі Гүлбарша Маннапова, аурухананың аға медбикесі Анар Маннапова, құрдастары атынан Сүйіндік жалпы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Азанова мен елдің ардақты анасы Нәсіпханым апа ақжарма тілегін жолдады.

Кешті «Талас» күйімен әуелеткен Марат Ғилажов,«Көңіл толқуы», «Жан әке», «Ауылға барам», «Ризамын ,елім саған!», «Мен сіздерді жақсы көремін», «Сәйгүлік», «Сүйіндігім» атты әсем сазды әндерімен мерекелік шараның көрігін қыздыра түскен ауылдың әншілері Гүлнар Ислямова, Ризабек Шаданов,Темірбек Абдыхалимов, Жандарбек Қабдырахманов, Қапан Баубековтің өнерлері көрермен көңілінен шықты.

Шара соңында мерейтойлық кештің басты кейіпкері Серік Ғабдығапарұлы мен Балжан Кінәмақызы ауылдастарына деген өз алғыстарын жаудырды. Өзінің тәрбиелік мәнімен, өнегелі тағылымымен есте қалған кешті Алтынай Жәнібекқызы жүргізді.

Алтынай Әбдіхалымова,

Сүйіндік жалпы орта мектебі мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521