Тегін маска таратты

(0 Votes)

Қазір әлемге таралып жатқан қауіпті дерт коронавирус елімізді де айналып өтпей, төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті.

Аурудың таралуы бақылауда ұсталғанымен оны жұқтырушылар бар. Сондықтан адамдар көп жиналған жерлерге баруға тыйым салынып, түрлі мерекелік шараларды өткізу тоқтатылды. Мұның бәрі адам өмірін, денсаулығын қорғау мақсатында жасалып отыр. Себебі кейбір деректерге сүйенсек коронавирус басқа жұқпалы ауруларға қарағанда 20 есе жылдамдықпен тарайды. Оның жұқтырмаудың алғы шарттарының бірі – маска киіп жүру.

img_1175

1995 жылы дүниеге келген жас Айнұр Бектемірқызы 2019 жылдың қыркүйегінен бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мамандығы мұғалім. Тігіншілік ісіне оқытатын курсты бітіргеннен кейін «Құралай» сауда үйінен тігін ательесін ашқан. Қазір сонда еңбек етіп халыққа қызмет көрсетуде.

– Бүгінде жер-жерде маска жетіспей жатырғанын естіп те, көріп те жүрміз. Оны халық әлеуметтік желілерге де жазуда. «Маска жоқ па?», деп бізге де жетеді. Сондай сәттерде оларды аяп, көмегіңді көрсеткің келеді. Адамдар төтенше жағдай талабын орындап, қауіпті дерттен сақтанғанды қалайды. Алайда екінің бірі тігінші емес қой. Ісмер жандар өзіне де, туыстарына да дайындап беретін шығар. Бірақ, бүгінгідей ауыр жағдайда біз мұнымен шектелмей басқаларды да ойлап, халықпен бірге болуымыз керек. Сонда ғана бұл сынақтан сүрінбей өтеміз. «Көл тамшыдан құралады», дегендей мен де өз тарапымнан маска тапшылығын жоюға үлесімді қосуым керек деп шештім. «Мата, марлі тегін келмейді», дегенді бір шетке ысырып тастадым. Қолымда бар қатты матадан (хыбы) арасына марлі салып маска тігуді бастап, оның қырық данасын аз қамтылған отбасыларына, мүгедектерге тегін таратып үлгердім. Бұл маскаларды жуып қайта пайдалана беруге болады. Бүгін тағы да біразын әзірлеп қойдым, - дейді жанына мейірім ұялаған жас кәсіпкер.

Әрине, масканы арзан бағамен сатса да ешкім қой демейді. Алайда, «Пайда ойламай, ар ойлаған» Айнұрға ризашылығымызды білдірдік. Қазір аудан көлемінде басқа да кейбір кәсіпкерлер игі іспен айналысып, тегін маска таратып жатырғанын естіп отырмыз. Бәрінің де жақсылығы Алладан қайтсын деген тілектеміз. Кімнің-кім екені осындайда көрінеді ғой. Жағдайы жақсы адамдар олардан үлгі алып, сондай маскілерді тіктіртіп аз қамтылған отбасыларына тегін таратса нұр үстіне нұр болар еді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521