Түн жамылған дұшпаннан қаймықпаған

(0 Votes)

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлағалы отырмыз.

ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан» соғысы ордендерінің, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Жеңістің 20 және 40, КСРО Қарулы Күштерінің 60,70 жылдық мерейтойлық медальдарымен марапатталған гвардия аға сержанты Қайырмолла Қалиев ағамыз майданға 1943 жылы аттанып 1945 жылы елге оралған. Майдан шебінде, қалың жауға қасқая қарсы тұрса да ескерілмей қалған ерлердің бірі. Ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылып, көзі тірісінде қолына тимей, ондай жарлық шыққаны қазір ғана анықталып отыр. Аталған орденнің үшеуін түгел алғанда Батыр атағын алғандармен теңестірілетін еді.

Қайырмолла Қалиев 1925 жылы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Байда ауылдық кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 4 кластық білім алған соң отбасы жағдайына байланысты 1940 жылы Шортанбай балық зауытына жұмысшы болып орналасады. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, 6 ай Башқұртстандағы кіші командирлер даярлайтын курста оқып, сержант шенін алып шығады.

Сол жылы қараша айының аяғында І Украин майданының құрамындағы 2-ші гвардиялық әуе десанттары дивизиясының 4-ші Қызыл тулы Мучаковск полкінің 3-ші атқыштар батальонының пулеметшілер ротасында бөлімше командирі болып шайқасқа енеді. Майдан жолдары туралы естелігінде батыр: «1943 жылдың желтоқсан айында майданның алғы шебінде, Украинаның бір ұжымшарының орталығын қорғап тұрған біздің бөліміміз қоршауда қалды. Жау қайта-қайта шабуылдап құртып жіберуге тырысты. Жан-жағымыз жауған оқ, жарылған снаряд. Төбемізден бомба тастайды. Үшінші күн дегенде сырттан көмек жетті. Арпалысып жүріп түнгі 2 шамасында қоршауды бұзып, соларға қосылдық. Ұрыс даласынан шыққан соң қатарымызды толықтырды. Саша Шведский екеуімізге «Ерлігі үшін» медалін тақты. Қатты қуанғанымыз әлі есімде», деп жазады. Сол жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Марапаттау қағазында Қ.Қалиевтің ерлігін 4-ші гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Дружинин: «1944 жылдың 22 қыркүйегінде 1271 биіктік үшін болған шайқаста таулы жердің қиындығына қарамастан атқыштар взводымен бірге өзінің станокті пулеметімен жауға 200 метр қашықтыққа дейін жақындап барып, дәлдеп оқ жаудырып, батальонның шабуылының табысты болуын қамтамасыз етті. Жау биіктікті қайтарып алу үшін 3 рет қарсы шабуылға шыққанда Қалиев өзінің пулеметімен олардың жолын бөгеп, біздің жаяу әскерге қарсыластың бетін қайтаруға көмектесті. Аталған биіктік үшін болған шайқаста Қалиев өзінің пулеметімен жиырмаға жуық мадьяр жауынгері мен офицерінің көзін құртты. Бұдан бөлек қарсы шабуыл кезінде мадьярлар таулы жер бедерін пайдаланып, байқатпай жылжып пулеметке жақындағанда, Қалиев оларға автоматтан оқ жаудырып, қол гранатасын лақтырып, тағы да 6 мадьярды өлтірді», деп сипаттайды. Қайырмолла ағамыз Карпат таулары етегіндегі шайқаста, 1944 жылдың 10 тамызы күні ауыр жараланады. Госпиталдан желтоқсанның аяғында келіп, тағы да шайқастарға араласады. 1945 жылдың 15 ақпанында Польшаның Малая Рудзица қаласы үшін болған шайқаста қайсарлықтың үлгісін көрсетіп ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен ұлығыланады. 1945 жылдың 20 сәуірінде екінші рет ауыр жараланып, үш ай емделіп,16 тамызда ғана әскери бөліміне қайтады. Қырүйекте соғыс аяқталуына байланысты елге оралады. Қоштасарда штаб бастығы «Аға сержант Қалиев Қайырмолла 1944 жылы Жоғары Бас қолбасшының №00926 жарлығымен І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды, жараланып қалуына байланысты табыс етілмеді», деген құжатты қолына ұстатады.

1945 жылы 30 желтоқсанда елге келіп есепке отырғанда орденнің құжатын аудандық әскери комиссарға берген ғой. Кейін ол ауысып кетіп, орнына келгені әлгі құжатты таба алмаған. Қайырмолла ағамыз сол орденін аламын деп өмірден озғанша біраз жерге барған екен. Үміті ақталмапты.

Қ.Қалиев 1946-1950 жылдары Шортанбай балық зауытында жұмыс жасады. 1950-1973 жылдар аралығында Байда ауылдық кеңесінде салық инспекторы, кеңшарларда жұмысшы қызметтерін атқарып, соғыстан алған жарақатының сыр беруіне байланысты 1988 жылы ІІІ топ мүгедектігі тағайындалған. Ардагер 1949 жылы Құрпат апаймен шаңырақ құрған. Жалғыз ұлы жас шағында көлденең жағдайда қаза тапқан. Ләйла, Бәлила есімді қыздары бар. Ұрпақтары бүгінде түрлі салада қызметте. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қайырмолла Қалиев ағамыздың атына бір көше берілсе артықтық етпес еді. Себебі ол біздің жарқын болашағымыз үшін басын қатерге тікті ғой. Осыны аудандағы басшы азаматтар, ардагерлер ұйымы құнттаса дейміз.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521