Шалғайдағы Азғырға ұшақпен ұшсақ

(0 Votes)

Жоғары билік тарапынан қыр бойына ұшақ шығару қолдау тауып жатса нұр үстіне нұр.

Бүгінде Азғырмен екі араға жол салу жиі көтеріліп келеді. Мұндағы он мыңға жуық тұрғындардың басын ауыртатын мәселе осы. Қыр өңірін қоныс еткен халыққа аудан, облыс басшылығы қолдан келген жағдайдың бәрін жасауда. Бұған дейін жиналыс сайын айтылатын көгілдір отын тарту, ауыз сумен қамту, интернет желісін жүргізу жұмыстарының алды аяқталап, кейінгілері жалғасын табуда. Тек жол салу ғана шешілмей тұр. Дегенмен қырға жиі барып, сырына қаныққандықтан мұнда жолды қалай салуға болатынын көз алдыма елестете алмаймын. Төбелердің арасымен салса жазда құм, қыста қар басады. Құмды түгелімен басқа жаққа көшіріп жіберуге құдыретіміз жетпейді. Сондықтан салынатын жол одан биік болуы қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Тіпті төбелерді күреп тастап жасағанда да бұл жұмыс оңайға түспейді. Оған қыруар қаржы, үлкен күш жұмылдырылады. Бұлай ету республикалық бюджет арқылы жүзеге аспаса басқаша мүмкін емес. Күні бүгінде қыр жолын күтіп ұстауға қаржы бөлініп, 11 сорға қиыршық тас төгіліп, көлікпен қатынауға жағдай туғызылды. Алайда трактормен қырып қаншама рет тегістегеннің өзінде де жыл мезгіліне қарай қайтадан толқын-толқын болып қалады. Әсіресе, қыста қиын. Қар қалың жауып, төбелер арасындағы жолды жауып, аудан орталығымен бірнеше күн байланыс болмаған кездер де кездесті.

Қыр бойымен қатынастың тағы бір бағыты ол арнайы ұшақ шығару. Бала кезімізде аудан орталығының Бұзауслан ауылында аэропорт бар еді. Шағын ғимараттың жанына жердің шаңын аспанға көтеріп «АН-2» ұшағы дырылдап келіп қонып, ішінен адамдар түсіп жатады. Сиыр айдап қайтуға барғанда көреміз. Бұл ұшақ қозғалғанда шамалы жерге жүгіріп барып, бірден әуеге көтерілетін. Облыс орталығымен екі араға қатынайтынын еститінбіз. Жаңылмасам Атырауға екі сағатта жетеді. Ішіне 12 адам, 1000-1500 келі жүк кетеді. Бүгінде Атырауға болмағанымен Азғыр өңіріне ұшақпен қатынауды жолға қойса жақсы болар еді. «АН-2» енді шығарылмағанымен сол типтес басқа да шағын ұшақтарға арнайы аэродром да қажет емес сияқты. Сүйіндікке ұшақ шығару жоғары жақтарда бір рет қозғалып елді елең еткізгенмен, аяқсыз қалды. Облыстық бюджет есебінен болса да Құрманғазы ауылы мен Азғыр бойы арасына бір ұшақ шығарылғаны халық үшін тиімді. Бастысы ауру адамдар дер кезінде орталыққа жеткізіледі, азық-түлік тасылады, пошта да екі аптада бір рет емес, уақытында барады. Ұшақ қырға аптасына екі рет қатынаса да жарайды. Өркениетке ұмтылған ел шекаралық аймақтарын да назардан шығармайды. Алдағы күндерде жоғары билік тарапынан қыр бойына ұшақ шығару қолдау тауып жатса нұр үстіне нұр. Олай боларына сенімдіміз. Біз дамып келеміз ғой.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521