Сенімнен шыққан Семен

(0 Votes)

Мал өсірсең, қой өсір» деп ата-бабамыз тектен-тек айтпаса керек.

Пайдасы көл-көсір болып келетін өсімтал малды ырыс көзіне айналдырып отырған шаруашылықтар жетерлік. Десек те, ауылда осы қойды бағамын деп жұлкынып отырғандар азайып кеткендігі шындық жайт. Жастар жағы қара қойдың соңында салпақтағаннан гөрі табысы мардымсыз болса да қаланы жағалағанды жөн көреді. Бұл тығырықтан шығудың жолын ойлап көп бас қатырғандардың бірі – Мақаш өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Абулхайыров.

Жүз ойланып, мың толғанып көрді, қой бақтыруға тартудың, қызықтырудың, ынталандырудың сан жолын қарастырды. Бірақ, көздегенінің бәрі жайына қалды, ауыл баласы ата кәсібіне құлшына келуге асықпай, қырын қарады. Діттеген мақсатынан айнымай өзіндей мал бағудың мехнатын білетіндерге, алдында азын-шоғын жандығы бар шаруагерлерге де тиімді ұсынысын тастады. Кооперативтің 500 қойын бес жылға келісімшартпен бағып, аман сақтап, тек алынған қозыны ғана ұжымдық меншікке өткізіп отырғандарға келісілген мерзім өткен соң аналықты түпкілікті иелігіне қалдыруға шешті. Алғашында қолдау таппағанымен «Жалғас» шаруа қожалығының жетекшісі Семен Жалғас бірінші болып Жеңістің сеніміне кіріп ісін бастады. Оған кооператив келісімге сай қыстақ орынын, жаз жайылымын белгілеп берді. Бастапқыда көмек ретінде қажетті пішенін де дайындап алуына жәрдемдесті. Ветеринариялық шараларды жүргізуді, қолдан ұрықтандырудан өткізуді кооператив өз мойнына алды. Бұл 2014 жыл болатын, енді, міне сенімнен шыққан Семен мал басын аман сақтап, міндеттемесіне сай әр жүз аналықтан 95-тен қозы өргізіп, келісімшарт мерзімін сәтті аяқтап көңілі бірленді.

Сөзінде тұрған кооператив басшысы Ж.Абулхайыров та Семенге тиесілі 500 бас қойын санап берді. Бұл жай қой емес, асыл тұқымды Еділбай қойлары, демек «Жалғас» шаруа қожалығы мемлекеттен берілетін субсидияларды алуға толық мүмкіндігі бар. Мұның өзі шаруаңды әрі қарай дөңгелентуге септігі мол. Кооперативте Семеннің жолын жалғастырып үш-төрт жылдан бері осындай келісімшартпен қой бағып жүргендер бар көрінеді. Осыдан кейін олардың қатары көбейе түсері анық.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521