Құрманғазылықтар балықты санаулы сағатта сыпырып кетті

(0 Votes)

​Аудан әкімі жанынан құрылған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын өсірмеу жөніндегі штаб ауданымыздағы табиғат пайдаланушыларға жаңа ауланған балық әкеліп сатуды тапсырған болатын.

Міне, 20 наурыздан бастап бұл игі үрдіс аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері өз жалғасын табуда. Оның басты ерекшелігі жаңа ауланған су маржандары базардағы сатылымнан екі есе арзан бағаға босатылуында. Алдымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің қарсы бетіндегі ашық алаңға "Тілекші", "Ш.Сүлейменов" ЖШС 600 келідей балық әкелді. Сатушы Р.Құтәлиева келіге шаққанда сазанды - 400, құтыны - 200 теңгеден сатып еді, жеңсік асқа жерік жұрт әп сәтте бәрін бөліп алды деуге болады. Тұрғындар балықтың аз болғанына, алып үлгере алмай қалғандарына реніштерін білдіріп жатты. Аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Сәуменов алдағы уақытта мұндай жәрмеңке тағы да ұйымдастырылатынын ескертті.

b

​ 24 наурызда "Каспий-балық" өндірістік кооперативі 1,6 тоннадай су маржандарын "Газель" автокөлігімен алып келіпті. Мұнда да келісі 400 теңгеден босатылған сазанның саудасы ерекше жүрді. Әкелінген 800 келі құлаш-құлаш сары алтындай сазандары тұтынушылардың дорбаларына тоғытылғанымен, соңынан іздеп келіп сұраушылардың да қарасы көбейді. Әрине, жаңа ауланған балықтарға сұраныс жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Сатушы Мәншүк Иманғалиева, жүргізуші Ербол Балмолдаев әп сәтте қолдан қолға өткен сауданың көрігін қыздырып, ешкімді ренжітпей, тұтынушылардың бар талабын орындап жатты.

b

Копперативтің бас инженері Амантай Қайырғалиевті сөзге тартқанымызда: - Бүгінгі әкелген сазан, құты балықтары түгелге дерлік тұтынушылардың игілігіне айналды. Аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы қойып берген бағамен ұсынып жатырмыз.Табан, құты - 150, аршылған сазан жоны - 1000, және төшкелері - 700 тг сатылды. Олардың санаулы сағатта сыпырылып, аудан тұрғындарының дастарханына жол тартқанына қуандық. Әрине, апарған тауардың тез өткені біз үшін де мерей. Ең бастысы, тұрғындар риза, - деді.

b

Бұл бір жағынан, жергілікті кооперативтер өнімдерін өзімізге ұсынса деген тұрғындар өтінішін қанағаттандырғандай болды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521