Құрманғазыда коронавирусқа қарсы жұмыстар жасалуда

(0 Votes)

Қазір ауданымыз бойынша коронавирус таралуының алдын алу шаралары жасалып жасақталды.

Солардың бірі халыққа қызмет көрсету орындарын, мемлекеттік мекемелерді, адамдар көп жиналатын сауда орындарын залалсыздандыру. «Серпер-2» ЖШС-нің директоры Төреміс Шәріповпен бірге «Серпер» базарында жасалып жатқан дезинфекциялау жұмыстарының барысымен таныстық. Аудандық дезинфикциялық стансаның бас маманы Бекболат Қаражанов бастаған мамандар арнайы құралдармен залалсыздандырғыш ерітінділерді әр сөрелердің араларына, төменгі жақтарына, базардың бұрыштарына шашуда. Аталған мекеменің бас маманы Бекболат Қаражановты сөзге тарттық.

img_1073

– Коронавирус ауруына байланысты мекемелерде профилактикалық іс-шараларды «Серпер-2» базарында дезинфекция жасаумен бастап жатырмыз. Кеше базардың өндіріс тауарлары бөліміне жасағанбыз. Бүгін мына тамақ, автокөлік бөлшектерін сататын жағын залалсыздандырудамыз. Мұның бәрі аурудың алдын алу мақсатындағы жұмыстар. Адам азайып, сауда орындары босағанда кірісеміз. Дәл қазір дезинфекциялауға «Диохлор стандарт» қоспасы қолданылуда. Сонымен қатар мұндағы ұжымға да қандай сақтық шараларын қолдануы қажеттігін, алдын-алу жөнінде түсінік бердік. Бұған дейін 18 наурыз күні аудандық қорғаныс бөлімінде де мұндай шара өткіздік. «Серпер-2» базарын аяқтағаннан кейін дезинфекциялау жұмыстарын оған көршілес «Мерей» базарында жалғастырамыз. Олар да бізді күтіп отыр. Одан басқа алдағы күндері аудандық әкімшілік, мешіт, мәслихат, қаржы бөлімі және басқа да мекемелерге барамыз деп жоспарлап отырмыз.

– Халық көп жиналатын орындарда залалсыздандыру жұмыстарын қайталайсыздар ма? Әлде бір рет дезинфикациялаумен шектелесіздер ме?

– Біздер мында 4-5 адамды оқытып, үйреттік. Жасалатын іс-шараларды, алынуы тиіс антисептикалық заттарды олар біледі. Алға қарай бұл жұмыстарды өздері атқаратын дәрежеде. Қайта-қайта келе беруге мүмкіндігіміз шектеулі, мекемемізде бары 2-3 адам ғана. Себебі біз бұдан басқа дезенцекция, дератизация сияқты жұмыстарды да жасауымыз қажет. Мекемелермен арадағы келісімшарт бойынша оларды уақытында атқаруға тиіспіз.

– Коронавирустан сақтану үшін мекемелерге қандай антисептикалық құралдар қажет? Аудан көлемінде олар жеткілікті ме?

– Әр мекемеде күнделікті жүргізетін тазалық жұмыстары бар ғой. Сол кезде оған диахлор таблеткаларын сатып алып қосады. Қазір ол дәріханаларда бітіп қалып жатыр дейді. Қашан келетіні белгісіз. Сол себепті антисептикалық дәрілерді әкелуді тездетіп ұйымдастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық мекемеге өзімізден бөлуге жағдайымыз тартпайды. Кейбірі оны өз беттерінше Атыраудан алдыруда. Қалай десек те диохлор мен хлорал ауданымызға керек. Бүгінде оларды қолдану жеңілдетілген, бәрінің арнайы нұсқаулықтары бар. Бәріміздің де тілегіміз бұл дерт ауданымызға келмесін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болғай.

– Әңгімеңізге рахмет! Амандықта жүздесейік!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521