Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев аудан әкімдігінде жиын өткізді

(0 Votes)

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев ауданымызға келіп, су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау, қандай көмек қажет екендігін анықтау, ұсыныс-пікірлерді тыңдау бағытында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өткізді.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов өңірде жасалып жатқан жұмыстардан қысқаша ақпарат берді. – Құрманғазы ауданы бойынша су тасқынына қарсы штаб құрылды. Бөгеттердің ұзындығы 264 шақырымды құрайды. 26 эвапункт орындары белгіленді. 22 шақырым бөгет көтерілді, 24236 тонна топырақ төгілді. Қапталған қапшық саны – 78 580. 9500 адам жұмылдырылды.

Аудан бойынша 100 техника бөгет соғу жұмыстарын атқаруда. Оның ішінде камаз, шахман, погрузчик, эксковатор, бульдозер - дей келе, хабарламашы ауданға қарасты мердігер мекемелердің бүкіл техникалары жұмылдырылғанын, алайда жүк тиейтін көліктер, самосвалдар, погрузчик, катоктар жеткіліксіз екендігін айтты. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Талапұлы қажетті техникалар берілетінін, бөгеттің басында тұрғындар қаптарды сүйреп жүрмеуі үшін төтенше жағдай кезінде меншік иесіне қарамастан шаруа қожалықтарының, жеке тұлғалардың тракторларына дейін пайдалану қажеттігін алға тартты. Мұның өзі үлкен көмек болатынын жеткізді.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлына штабтың орнын әкімдіктен емес басқа жерден белгілеу керектігін айтып, оның құрамына мекеме өкілдерінен басқа 16 округтен 2 мемлекеттік қызметкерді енгізу қажеттігін тілге тиек етті. Бұқаралық ақпаратпен айналысатын ішкі саясат бөлімі әрбір сағат сайын қай жерде қандай жұмыстар атқарылып, қанша техникалар жұмылдырылып жатқаны жөнінде облысқа хабарлама беріп отырулары қажеттігін ескертті. Байланыс, жарық, газ желілері бойынша «Қазақтелеком», «Атырау Жарық», «ҚазТрансГаз» мекемелерінің басшыларына су тасқыны кезінде қауіпсіздікті сақтау бойынша тиісті міндеттерін атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, жаға бекіту кезінде қапқа салынған құм, топырақпен жұмыс бітпейтініне тоқталып, қамыс плиталарды, ағаштарды көптеп қолдану керектігін айтты. Одан әрі Қайрат Талапұлы қажет болған жағдайда эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастыру, гуманитарлық көмек берілетін пункттерді белгілеу, жанар-жағар майдың қорын жинақтау бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді. Жиында тамағы бітелген каналдардың арналарын ашу, су өткізетін тұрбаларды тазалау, қажет болған жағдайда жолды жырып жіберетін жерлерді анықтау, адам өміріне қауіп төндіретін жерлердің сыртын қоршау, жаға бойларын жарықтандыру, аудан орталығындағы орталық көпірдің, резервтен қаржы сұрату мәселелерін талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев өр суынан сақтану бағытындағы сындарлы сәтте әркім өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен, әр іске байыппен қарап, бірауыздылықпен қиыншылықты жеңген абзал деп отырысты қорытындылады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521