Мюнхендегі кездесулердің маңызы жоғары

(0 Votes)

Баспасөз беттерінен хабардар болғанымыздай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 ақпан күндері Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Германияның Мюнхен қаласына екі күндік жұмыс сапарымен барып қайтты.

Мемлекет басшысы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында өткен панельдік пікірталасқа қатысып, бірқатар әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен кездесулер өткізді.

Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйледі. Сондай-ақ, басқосудың модераторы, америкалық дипломат, халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Натан Хаастың Қазақстанның географиялық орналасуы, еліміздің Қытай және Ресеймен шекаралас болуының артықшылығы жөніндегі сауалына орай ол әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орындағы Қазақстан үшін Қытай мен Ресейдің ортасында орналасуы екі алпауыт елмен көрші болу көп мүмкіндіктер беретінін, жақсы дамып келе жатқан Орталық Азияда да өзінің геосаяси маңызын жоймайтынын айтып өтті.

Одан әрі форумға қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси басымдығы және еліміздің Ресей, Қытай, Еуропалық одақ және АҚШ-пен өзара қарым-қатынастар туралы әңгімеледі. «Біздің сыртқы саясатымыз үлкен күштер арасында баланс ұстауға негізделген. Жақында ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның елімізге келуі Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың нығая түскенін білдіреді. Экономикалық серіктестікке келсек, елімізде Американың «Шеврон» сынды бірнеше үлкен компаниялары жұмыс жасайды. Қазақстан үшін АҚШ-тың маңызы зор, серіктестігіміздің дами түсетініне үлкен мүмкіндіктер бар деп білемін. Қытайға жасаған сапармда Си Цзиньпинмен ұзақ мерзімді келісімге қол қойылды. Қытай – экономикалық тұрғыда өте жақсы серіктес. Ал, Ресей мен Қазақстан ең ұзын шекараға ие. Екі ел арасындағы байланысымыз одан әрі жалғаса береді деген сенімдемін» деді Мемлекет басшысы.

Басқосуда Қазақстан Президенті есірткі тасымалына қарсы күрес шараларына, еліміздегі терроризмге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне, «Жусан», «Русафа» операцияларының қорытындысы жайлы мәліметтер берді. «Терроризммен күресушілер қатарында біз де бармыз. Былтыр Сирия мен Ирактағы азаматтарымызды қайтару бойынша төрт операция сәтті өткізілді. Осы орайда АҚШ Үкіметіне көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді. Орталық Азияның қауіп төндіретін факторлардың бірі есірткі тасымалы. Ауғанстанның есірткісі біздің елімізге де жетеді. Сондықтан мен есірткіге қатысты заңды күшейтуді қолға алдым» деген Қ.Тоқаев өзінің президенттік қызметіндегі басымдықтары, елдегі саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттары, бейбіт митинг өткізу, саяси партияларды тіркеу туралы айтып өтті.

Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылады.

А.МЕЙІРМАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521