Құмаршыққа құрмет – өткенге құрмет!

(0 Votes)

Сонау сұрапыл соғыс, одан арғы 1932-нің аштық, қуғын-сүргін жылдары қыр өңірі саналатын Азғыр, тұтас Нарын бойы халқы алдарындағы малдарынан айырылса да, сол өңірде өсетін құмаршық аталатын қасиетті бидай тектес өсімдіктің арқасында өлімнен аман қалып, бүгінге жетті.

Арал бойының қалі алған, жағдайы тартқан тұрғындары да топтасып барып сонау 60-ыншы жылдарға дейін құмаршық қағып, оны қол диірменге тартып ұн ретінде тұтынды, талқан ретінде пайдаланды. Көжесі сүттеніп шыға келетін, кәдімгі сүтке пісірген көже дәмі әлі күнге таңдайда тұр. Жалпы қазақтың аш өзегін талдырмаған ол – құмаршық. Қазақтың зерделі азаматы, белгілі Сенат депутаты, ел жоқшысы Сәрсенбай Еңсегеновтың құмаршыққа ескерткіш қоямын деуі құптарлық мәселе. Шынымен де қырдың осы қасиетті өсімдігі талай қандастың жанын қиын күнде аман алып қалғаны айна-қатесіз дәлелденген тарихи шындық. Құмаршықтың нанын біз де тістеп көргенбіз. Төмендегі «Құмаршық және қол диірмен» балладам сол өткен күндердің баяны, қабыл алғайсыздар.

Құмаршық және қол диірмен

Еске аламын жүрегіме мұң артып,

Ата-анамыз лаж болмай қылар түк.

Дүкендерде нан болмаған кез еді ол,

Қол диірменмен тартқызғанда құмаршық.

Неден десең жоқшылықтың бұл әні,

Хрущев деген «ген.сектің» ол лаңы.

Ұрпағымыз ондайды енді көрмегей,

Жалап тұрар аш өзектің жыланы.

Мен және ағам, менен бұрын жол көрген,

Сабақтан соң табыламыз сол жерден.

Отбасының қамыменен шиеттей,

Жұмысымыз айналдырар қол диірмен.

Өзгесі жоқ, сол ғой қаузар жиі асың,

Бауырлар да көз сорасын тиятын.

Құмаршық не қуырылған бидайды,

Диірменнің ұясына құясың.

Сосын келіп айналдырдың құлақтан.

Бұл тірлікті қандай бала ұнатқан,

Қол диірменнен шыққан ұнтақ-талқан ол,

Оған жетер ешбір дәм жоқ бірақ та.

Осылай ды, бүкіл ауыл, үй қамы,

Бетіме бас, жарылмайды шиқаным.

Аяз бидің шекпеніндей біз үшін,

Кім ұмытқан ашта жеген құйқаны.

Ауырлау күн солай біздің жалғасты,

Қиындығы жанымызға сан батты.

Қырда өсетін құмаршықты ата-ана,

Қайдан алды, есімізде қалмапты.

Әкем онда көзі тірі, сұрадым,

Сөз бастады деп алып бір шырағым:

«Қыр елінің ұны деген құмаршық,

Бағалаймыз қасиетін, құнарын.

Жетпегенбіз оңайлықпен шаттыққа,

Дұшпан аз ба ойда – жоқта бас сұққан.

Құмаршық ол алып қалған ажалдан,

Құтқарған да сонау жылғы аштықтан.

Бұл Қошалақ тірлік құрап жоқ – бардан,

Құмаршықты қағу бейнет, топталған!

Астраханның ноғайына жасатқан,

Қол диірменді сенің атаң көп малға».

Әкем айтқан сөзі қалды санамда,

Кедей еді, қол сұқпаған қарамға.

Сол диірменде ата-әжемнің қол табы,

Ал ол кезде оны ойлайтын шамам ба?

Сол диірменнің жетер шертсек өз сыры,

Қиындыққа талай-талай төзді ірі.

Бір үйлі жан соған қарап телмірдік,

Ата-анамның сіңді бұған көз нұры.

Нан болмаса қар жаумай ма қабақтан,

Тірлік үшін өтер керек тамақтан.

Балапан қол айналдырар қол диірмен,

Екі бала келе сала сабақтан.

Жайратады кезі келсе оқты күн,

Сен қол диірмен бейнетім де тоқтығым.

Айналдырып талқан жеген өзіңнен,

Бауырлардың тең жартысы жоқ бүгін.

Балалықты бізден ерте қалдырдың,

Талқан – тағам ертеңге үміт жандардың.

Ал қол диірмен қора түпте сан жылдар,

Жатқан болсаң жақында үйге алдырдым.

Құмаршықты тартқан бізде бала көп,

Тұтана алмай қалғаны жоқ шала боп.

Ел қараған Еңсегенов Сәрсенбай,

Ол да тартқан шаң-шаң болып ала көк.

Ұнамай жүр туған жерге қай ісі?

Диірмен тартқан белі, қолы майысып.

Құмаршыққа қоямын деп ескерткіш,

Уайым жеп жүр қабырғасы қайысып.

Келмеген ой басымызға расында,

Ұмытпапсың, тарттың құйттай жасыңда.

Құмаршыққа қояр болсаң бір белгі,

Дөңгеленген диірмен тұрсын қасында.

Елжіретіп тұрған жоқсың тек мені,

Әркімге ыстық өз өмірі – өткені.

Сен және мен, біздей болған ұрпаққа,

Ол ескерткіш Аяз бидің шекпені.

Ел Тәуелсіз, мұны ойлар жеткен тұс,

Есті адамға емес екен өткен-түс.

Құмаршыққа арнап белгі қойғаның,

Аштық көрген бар қазаққа ескерткіш.

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521