Құрманғазыда Наурыз тойы өтті

(0 Votes)

Биылғы Ұлыстың ұлы күні мейрамы ерекше тойланды. «Наурызнама» тұжырымдамасының онкүндігі Көрісу күнімен басталып, әр күн қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы, тазару сынды тағылымды атауларды иемденіп жалғасты.

Жалпы Наурыз – ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын, бірлік пен ынтымақты нығайта түсетін ізгі мейрам. Оны жаңа сипатта мерекелеудегі мақсат осы уақытқа дейін қалыптасқан тұжырымды түбегейлі өзгерту емес, көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашуды көздейді. Мұның бәрі қазақы дүниетаныммен, ұлттық сана-сезіммен және елдің игі өзгерістерге деген ұмтылысымен үндесіп отыр.

Жыл басы күнгі демалыс алаңында «Наурыз - көктем, жыр – думан» атты театрландырылған концерттік бағдарлама тамашаланды. Мерекелік серуенге шыққан жұртшылық үшін сауда-саттық және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, жеңіл тамақтандыру дүңгішегі, балалар үшін үрмелі батуттар, көңілді аттракциондар жұмыс жасады. Мерекеде қазан көтеріліп, бауырсақ, наурыз көже, басқа да ұлтттық тағамдар дайындалып көпшілікке ұсынылды. Алаңда ұлттық спорт ойындардан жарыстар өткізіліп, үздік деп танылғандарға жүлде үлестірілді. Мереке думанды дәстүр жаңғырған күн деуге болады. Наурыз тойы өте қызықты әрі көңілді өтті.

Аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа Наурызға, оған тұспа тұс келген қасиетті Оразаға қатысты театрландырылған көрсетілімдерін ұсынып, ән мен биден шашу шашты. Мерекелік салтанатта аудан әкімі Абат Жанғалиев: - Бүкіл Шығыс халқына, барша түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамы – жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мереке. Күй өңірі атанған қасиетті Құрманғазы ауданының мәдениетімен қатар, экономикасы да жыл сайын өсіп, ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда.Аудан көлемінде бірқатар жоспарлы құрылыс жұмыстары да бастау алып жатыр. Тұрғындар үшін осындай игілігі мол, ілкімді істермен әз Наурыз мейрамына аяқ басып отырмыз, - деп Ұлыстың ұлы күні әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін құттықтау тілегінін арнады.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521