«Коронавирус», тізе бүк!

(1 Vote)

Үйде отырмыз, сүйе алмай маңдайды күн,

Ортақ кеп бұл тағдырын таңдайды кім?

Аяқ асты киліккен мына пәле,

Пенделердің білгізді қандайлығын.

Күннен-күнге көбейсін жұқтырғандар,

Қымбатсытып масканы құт қылған бар.

Тұмсықтарды тұмшалы жоқ демейік,

Темекісін езуге қыстырған бар.

«Коронавирус» - кезіп жүр жортып қайғы,

Аман-есен құтылар жол шыққай-ды!

Көп тілегі осындай болғанымен,

Санасызды ешқандай қорқытпайды.

Қалар жай да жоқ емес, жүрек жылып,

Шын ниетпен халқым дер, білек түріп.

«Еріктілер» ерінбей көше кезер,

Дәрі-дәрмек, керекті үлестіріп.

Бұл да болса Құдайдың жеткергені,

Қиындықта өз жұртын шет көрмеді.

Айналайын, қара көз қарындастар,

Тігіп отыр ақысыз бет пердені.

Шығайбайлар шет қалды басы бұғып,

Ойлары тек алшысы асығының.

Уыс-уыс ақшасын беріп жатыр,

Бар екен ғой, халқымның асыл ұлы!

Амалы жоқ, жарылқар тіректі іздер,

Қарайласса кім оны ретсіз дер.

«Коронавирус» төреші өзі болды,

Жүректі кім және де жүрексіздер?

Кімнің қандай көрінді ар-аспаны,

Мән бермесін қайсы бір адасқаны.

Мейірімділерден телегей теңіз ақты,

Бұл да болса құдайдың қарасқаны.

Есік жабық әзірше, көңіл ашық,

Еңсе биік, пейілдің тоғы басым.

Түзу діннің діңгегін сақтаған ел,

Оңды қылғай Тәңірім соңырасын.

«Коронавирус» тізе бүк, неге алдайсың?

Шаққа жеттік өзіңе сене алмайтын.

Бірлік бізді бекітті тас түйін ғып,

Көріңді тап, халқымды жеңе алмайсың!

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521