Халқымыз бұдан да зор қиындықты жеңді

(0 Votes)

Біздің жерімізде өткен ғасырларда шума ауруы таралып, одан үлкен апат келді.

Дертке шалдыққандардың жағдайы өте қиын, өйткені оның емі табылмады. Науқастар сол арада жан тапсыруға мәжбүр болды. Дүние-мүлкін, ауру адамның өзін жинап өртеді. Біздің халқымыз осыған шыдап, айтқан тілді алды. Үйлерінен шықпай, бар талаптарды орындап, қиындық көргенімен бұл індеттен аман қалды. Шуманы таратқан тышқандар, бүргелер болды. Ал бүгінгі әлемге тарап жатқан коронавирус пандемиясы тікелей адаммен байланысты. Олар бір-біріне жұқтырмаса, дертке шалдыққан науқастар ауырып келгенін жасырмаса, айналасындағылармен байланысты үзсе бұл ауруды игеруге болады.

Қытайда бұл індеттің тарағанына қазір жарты жылға таяды. Дегенмен Қытай билігі бұл індеттің алдын алуда кеш қимылдаса да, керемет ұйымшылдық көрсетті. Жалпақ Қытайға жайылып кеткен індеттің 3 ай ішінде болаттай тәртіп, қатал заңның арқасында бетін қайтарды. Карантин тәртібін бұзғандарды, індетпен күрес жұмыстарына кедергі келтіргендерді жазалау шаралары өзге мемлекеттерде де қолға алынған. Мәселен, Қытайда карантиннен қашқандар 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесіледі.

Ел тұрғындарының мемлекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орындамауы үлкен қатерге әкеп соғуы мүмкін. Бұған Италиядағы жағдай дәлел бола алады. Мұндағы ел билігі тұтас мемлекет аумағын карантинге жапты. Италиядағы жағдай бүкіл әлемге, соның ішінде қазақстандықтарға да сабақ болуы тиіс. Бұл ең әуелі өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет екені бесенеден белгілі. Өйткені, кесірлі кесел ешкімді аямайтынына көзіміз жетіп отыр. 

Сақтанып жүрейік! Салғырттық өз денсаулығымызға ғана емес, ұлт саулығына да қатер төндіретінін ұмытпайық!

Өмірзақ Қажымғалиев,

академик - жазушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521