Халқымның қызығы молая берсін

(0 Votes)

Жақында Мақаш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері 93 жастағы ана Меңсұлу Керешова редакциямызға әдейілеп келді.

Үлкейсе де жаңалықтарға құлағы түрік әжеміз аудан көлемінде жасалып жатырған жұмыстарға, оның басында жүрген азаматтарға ризашылығын білдірмек ниетпен жетіпті. Немересінің сүйемелдеуімен екінші қабатқа көтерілген әжеміздің жылы лебізін жариялауды жөн көрдік.

Ей, Алла, жалғыз Алла өзіңе сыйындым, бергеніңе шүкіршілік етемін. 60-70 жылдан бері халқым аман, елім тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады. Түрлі елдерде болып жатқан қанды қақтығыстар мен табиғаттың зобалаңдары бізді айналып өтуде. Тыныштығымыз кейінгі ұрпақтарымызға мәңгілік болсын. Осы бейбітшіліктің арқасында күнде той, күнде қызық дегендей қалыпты өмір сүріп жатырмыз. Біз көрген қиындықтар, ашаршылық жас ұрпақтың басына келмесін деп тілеймін.

Күні кеше Президент баламыз халқына Жолдауын арнапты. Үлкейсек те оны естіп жатырмыз. Не айтты екен деп немерелеріме оқытамын. Соның бір жерінде әкімдер қызметінің тиімділігін халық бағалайды деген екен. Кім-кімде тұрған жерінің, өз үйінің жақсы болғанын қалайды. Құрманғазы ауданы мен Мақаш ауылы жарқырап алда тұрсын. Қайрат балам, халқыңның қалаулысы, еліңнің елеулісі бол. Ауданымның жағдайын жақсартамын деп тынымсыз жұмыс жасап жүргеніңді газеттен жиі оқимын. Қайда да еңбегіңді бағалап, халқың алдыңнан шығып, қол алысып, құшақтаса амандассын. Алға қойған жоспарларың, мақсаттарың бар шығар, бәріне қолың жетсін! 

Бибоз Шаяхметов аудан әкімі болып тұрғанда алғыс хатын алған соң, дәм айдап үйіне бардым. Құдайдай сыйлап, құрметтеді. «Ішкен ас түске жетпейді, еткен құрмет естен кетпейді», дейді ғой, келін де құр қол жібермей, сыйлығын беріп жатыр. Сендер мені сондай сыйладыңдар, жетектеп кіргізіп, жетектеп шығардыңдар. Енді сендерді де Алла сыйласын! Шаңырақтарыңа берген бақыт мәңгілік болсын. Өмірзақ Қажымғалиев бастаған ел ағалары көрісу айттарда, мерекелерде ауыл үлкендеріне сәлем беріп, құттықтап кетеді. Менде ел ағалары берген 5-6 алғыс хаттар бар, соларды келген ұл-қыздарыма, немерелеріме оқытып отырамын. «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді», дегендей, өзіме көрсетіліп жатқан құрметті елемей үнсіз қалу менің әдетімде жоқ.

«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды», емес пе? Алдымен елді осындай дәрежеге жеткізген Елбасымызға, Қазақстанды өркендетем деп Жолдауында айтып жатқан Президентке алғысымды білдіремін. Облыс әкімі Нұрлан, аудандағы Қайрат балаларыма, Өмірзақ, Өтеулі, Жеңіс сияқты ауыл азаматтарына, әкіміміз Болатқа сендердің шаңырақтарыңа құт ұяласын, Алланың берген бақыты мәңгілік болсын, ұл-қыздарың өсіп, жолдарыңды жалғастырып, қуантсын деген тілегім бар. Халықтың айнасы, ауылымызға еңбегі сіңген екі басшымызды, Кәрім мен Сатауды еске алып, жатқан жерлерің жайлы  болсын, Алланың рахметіне бөленіңдер деймін. Арттарында қалған отбасы, бала-шағалары, өздерінің жолына түскен ұл-қыздары бақытты өмір сүрсін. Барша халқыма Мақаш ауылының ең үлкені, 93 жасар ана ретінде ақ батамды беремін. Осындай шаттықта, тыныштықта өмір сүріңдер, көрер қызықтарың таусылмасын! Президенттің Жолдауы бұған дейінгілеріндей жүзеге асып, халық игілігін көрсін!

Меңсұлу Керешова,

Мақаш ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521