"Біз енді ешкімге тәуелді емеспіз..."

(0 Votes)

«Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық электр желілері мекемесі ауданымызды жарықпен қамтып отырған іргелі кәсіпорын.

Соңғы жылдары мұнда біраз жұмыстар атқарылып, аудан көлеміндегі электр желілері ауыстырылды. Десек те, егемендік алғанымызға ширек ғасырдан асса да электрмен қамтылу жағынан іргелес Ресейге тәуелді болып отырған елді мекендеріміз баршылық. Олар Азғыр өңіріндегі үш округ пен Қиғаш ауылдық округі. «Кісідегінің кілті аспанда», - дегендей, жиналыстарға барғанда тұрғындар: «Бағасы қымбат, жиі өшіріп тастайды», - деп арызданып, оны өзімізден тарту мәселесін жиі көтеретін. Міне, енді Қиғаш ауылдық округінде бұл жұмыс қолға алынды. Жарықтың өзімізден берілгені экономикалық тәуелсіздіктің бір көрінісі. Осындай игі іске ұйытқы болған «Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Исатай Мұханбеталиевті сөзге тарттық.

- Исатай Қамиұлы алғашқы сұрағымыз іргелі мекеменің тарихы жайлы болмақ. Қысқаша айтып өтсеңіз?

- Сұрағыңыз орынды, «Өткенді білмей келешек жоқ», - деген ғой дана бабаларымыз. «Атырау-Жарық» АҚ-ның Құрманғазы АЭЖ мекемесі елу жылға жуық тарихы тереңнен тамыр алатын аудандағы ең ірі ұйымдардың бірі. Сонау, өткен ғасырдың бел ортасынан асқанда, 1972 жылы Москва механикаландырылған колоннасы алғаш рет «Бузан-Шортанбай-Ганюшкино» 110 кв жоғары вольтты желісін тартуды бастады. Сөйтіп, 1973 жылы, бұған дейін шамның көмескі жарығымен күн кешкен Теңіз ауданының ауылдарында электр қуатының самалдай жарық сәулесі жарқырап, елді мекендер игілікке кенелді. Сонымен қатар қосалқы станциялар салынды. Алғашқыда бұл нысандарда басшылық қызметте Ю.Кузнецов, жүргізуші болып В.Ковалев, монтерлер Қабдолов, Б.Бельхановтар жұмыс жасады. 1973-1974 жылдары Астрахань механикаландырылған колоннасымен №68 Шортанбай және №69 Ганюшкин қосалқы стансасынан (ҚС) қайтатын фидерлердің құрылысы салынып бітті. 1976 жылы «Басқұншақ-Сүйіндік» л 757 ҚС 110 кв ӘЖ құрылысы тәмамдалды. Осылайша, электр энергиясынан шалғай жатқан ауылдар да тыс қалмады. №69 Ганюшкин ҚС құрылуының басында болған басшылардың бірі Ю.Кашавкиннің еңбегін атай кетейік. 1974 жылы Теңіз ауданы энергетиктерінің қатарын жаңадан келген мамандар С. Кошарский, А.Решетников, А.Акентьев, В.Погодаев, В.Прескуряков, Ю.Афанасьев, В.Саутин, В.Поляков толықтырды.

1975 жылы ауданда «Энергосбыт» ұйымы құрылды. Оның алғашқы жұмысшылары Л.Кашавкина, Р.Шаутаева,Г.Хамитова, М.Мажитова, электр монтері Э.Үмталиев, жетекшісі Д.Ертілеуов болды. Жылдар өте келе энергетика саласының қызмет көрсету аясы кеңейіп, оны тұтынушылардың саны артты. Сол себепті әуе желілері мен қосалқы стансаларды жөндеу мен қызмет көрсетуге байланысты 1983 жылы Алға, Жұмекен, Еңбекші елді мекендерін электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Ганюшкин-Ноғайбай» ҚС 44 «Ц» 35 кв әуе желілері құрылысы аяқталды. 2013 жылдары аудан орталығы Құрманғазы ауылында қос қабатты «Атырау Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық электр жүйелері мекемесінің жаңа кеңсесі пайдалануға берілді, касса ғимараты тұрғызылды. Дәшінде қуаты 35/10 кватт, Дәшін, Күйген, Ақкөл, Шағырлы елді мекендерін жарықпен қамтамасыз ететін қосалқы станса іске қосылды.

- Бүгінде аға буынның ісін алға жетелер мамандарыңыз жеткілікті ме?

- «Кадр бәрін шешеді», - демей ме, істің алға басуы көп жағдайда мамандардың біліктілігіне байланысты. Ауданымыздың энергетика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өмір жолы кейінгілерге үлгі болар ардагер ағаларымыз бар. Солардың бірі – Игорь Чаплыгин. Ол 1972 жылы 24 тамызда бұрынғы Теңіз ауданы, Ганюшкин (қазіргі Құрманғазы ауылы) ауылында туған. 1979-1987 жылдар аралығында ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген. 1987-1990 жылдар аралығында кәсіптік білім беретін аудандық №12 училищеде оқып электромонтер, жүргізуші мамандықтарын алады. 1990-1992 жылдары Түркіменстан Республикасының Ашхабад қаласында Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Елге оралысымен 1993 жылдың 1 наурызынан бастап Құрманғазы аудандық электр жүйелері мекемесіне электромонтер болып жұмысқа орналасады. 2011 жылы сенім білдіріліп қыркүйек айынан бастап 35 және одан жоғары кернеулі электр желілерінің шебері қызметіне тағайындалады. 2012-2016 жылдары Атырау қаласындағы инженерлік-гуманитарлық институттың (АИГИ) автоматтандырылған басқару жүйесі (АСУ) факультетін тәмамдап, жоғары білім алып шықты. Игорь Александрұлы аудандағы қосалқы стансалар құрылысына, көктемгі-күзгі ревизия (линиялар) жұмыстарына белсене араласып, озық еңбек үлгісін көрсетіп келеді. «Дәшін», «Мақаш» қосалқы стансаларын салуда сіңірген еңбегі зор. Ол 2002-2010 жылдар аралығында энергетиктер күніне орай Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен, «Үздік энергетик-2015» аталымымен марапатталған. Жұбайы Толқын екеуі екі бала тәрбиелеп өсіруде.

Әрбір мамандықтың да өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Энергетика саласында да жұмыс жасау оңай емес. Қыстың суығында, жаздың аптап ыстығында, күндіз де, түнде де жарықпен қамтамасыз ету үшін уақытпен санаспай жұмыс жасауға тура келеді. Бір жерде жарық өшті десе, аяз бетті қарып тұрса да сол жерге жетуің, орын алған ақауды жөндеуің керек. Мамандарымыз халықпен тіл табыса біледі, адамдармен қарым-қатынаста өздерін салқынқанды ұстап, қарапайымдылық танытады. «Еңбек ер атандырады», - дегендей сол себепті олардың аудан тұрғындары арасында беделі жоғары. Ұжым арасында да өзара сыйластық, бірлік пен ынтымақ қалыптасқан. Бұл орайда бойындағы жақсы қасиеттерімен өзгелерге үлгі болып жүрген, саналы өмірлерін аудан энергетикасына арнаған, өздерінің бірнеше ізбасарларын тәрбиелеп, бай тәжірибелерін жастарға таратып жүрген В.Саутин, А. Филиппов, Х.Бақбергенов, П.Матохин, Ш.Жәрдемов, М.Мажитова, А.Болатованың есімдерін мақтанышпен атаймыз.

Арамызда «Ат тұяғын тай басар», - дегендей аға буынның артынан еріп, өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, сапалы атқарып жүрген жастарымыз да жоқ емес. Солардың бірі жас маман Ринат Қадыров. Ринат Социалұлы 1987 жылы 5 ақпанда Құрманғазы ауданының Ганюшкин ауылында туған. 1993-2004 жылдары М.Ломоносов атындағы орта мектепте оқыған. 2004 жылы Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсіп, 2008 жылы аяқтады. Сол жылы алғашқы еңбек жолын «Атырау-Неон» жарнама агенттігінде монтаждаушы болып бастайды. 2010 жылы «Атырау Жарық» АҚ-да іс жүргізуші, 2011 жылы электрослесарь қызметтерін атқарды. 2012 жылдан бастап жоғары кернеулі электр желілерінің шебері жұмысына ауыстырылды. 2015 жылдан бері №69 Ганюшкин қосалқы стансасының шебері қызметінде. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын маман. 2017 жылы еңбегі еленіп, Құрманғазы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша «Үздік энергетик-2017» аталымын иеленді. Отбасылы, 3 бала, 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.

Соңғы уақыттарда қатарымыз жас мамандармен толығуда. Олар оператор Гүлнұр Қабенова, электрослесарь Мейрамбек Қабасов, электромонтер Болатбек Каримов, мастер Ерлан Мұсағалиев және т.б. Мекемеміздің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын жақсаруда, жаңа техникалар берілуде.

- Енді Қиғаш ауылдық округіне электр желісін тарту жұмыстарының барысына тоқталсаңыз?

- Бұл өзі көптен көтеріліп келе жатырса да түйіні тарқатылмаған мәселенің бірі еді. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлымен бірге «Атырау-Жарық» Директорлар кеңесі басқармасының төрағасы Оразғали Қаршегеновке шыққан болатынбыз. Оразғали Тілеуғалиұлы оның қымбатқа түсетінін білсе де келісімін беріп, резервтегі материалдарын жіберді. Аталған округ бұған дейін электр жарығын Ресейден «Қазтрансойл»АҚ арқылы алып келген. Бағасы бізден үш есе қымбат. Тұрғындар оған ақы да төлемеген. Мұндай жағдайда ерте ме, кеш пе желінің ажыратылары анық. Жарыққа ақы төлемеген соң ауылдық округтегі көптен ауыстырылмаған электр қуатын есептегіштер мен желілер де ескірген. Алдымен осыны қолға алдық. Қазір үш шақырым электр желісін тартуды бастап, 122 үйге апардық. Тұрғын үйлердегі есептегіштер де жаңартылуда. Енді 100 үйдей қалды. Округте қазір он адамымыз жұмыс жасауда, оның алтауы монтерлер. Желіні ауыстыру жұмыстары он күндей жасалады. Содан кейін қабылдап алып, «Қазтрансойлдан» ажыратамыз. Ауыл тұрғындары жарықсыз қаламыз деп қорықпасын, бітірген соң лезде жарық беріледі. Осыған қоса аудан көлемінде электр желілері мен қосалқы стансаларда да жеңіл және күрделі жөндеу жүргізіледі. Міне, қысқаша хабардар етсек, осындай жұмыстар жасап жатырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521