Біресе өгіз өледі, біресе арба сынады

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес аудан кәсіпкерлерімен ашық сұхбат өткізу бойынша іс-шаралар жоспары аясында аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтің қатысуымен кездесу өткізілді.

Ашық сұхбатқа аудандық дербес бөлімдердің басшылары, округ әкімдері, 19 округтің 16-сынан келген кооперативтердің, несие серіктестігі мен шаруа қожалықтарының 50-дің үстінде басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты. Мақсаты ауданның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің проблемалық мәселелерін, оны шешу жолдарын, сонымен қатар бизнесті дамыту мен қолдау бойынша ұсыныстарды талқылау. Үш сағаттан аса уақытқа созылған шарада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер тарапынан бірқатар күрделі мәселелер көтерілді. Сұхбатты аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров жүргізді.

МОНШАҒА МҰҚТАЖ, ҚОНАҚ ҮЙІ ЖАЙСЫЗ АУЫЛМЫЗ

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:

- 688 шаруа қожалығының 400-і ғана заңды түрде тіркелген, мемлекеттік жер актілері, техникалық төлқұжаттары бар. Қалғандары аудан әкімінің шешімін алған да құра салған. Ары қарай салық комитеті мен жер қатынастары бөлімінде негізгі техникалық құжаттарын жасақтап, Әділет басқармасына тіркелмеген. Сол себепті нақты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін қызметпен айналыспай отыр. Арнайы бағдарламалар арқылы субсидиялар алуға, мал басын асылдандыруға көңіл бөлмейді. Балық аулаумен айналысатындардың ішінен «Каспий-Балық» ӨК мен Шортанбай балық зауытынан басқасы өнімді өңдемейді, сатып жіберуге жұмыстанады. Неге біз тоған жасап, балықты өзіміз өсірмейміз? Мемлекеттен субсидия тек тоған жасағанда ғана беріледі. Осыған біздің кәсіпкерлеріміздің ден қоюын сұраймыз. Облыс әкімінің ауданымызға екі рет келгендегі мақсаты да балық шаруашылығына жағдай жасау, оны өңірімізде дамыту. Бізде басқа аудандармен салыстырғанда өзендер көп, су іргеге келіп тұр, бұған мүмкіндік мол. Кәсіпкерлікті мынадай бағытта ұйымдастыру керек дегенмен, ол оңай жұмыс еместігін түсінеміз. Оған қаржы, уақыт керек. Әрине, мемлекет сіздерге несиені кепілдіктеріңе, мүмкіндіктеріңе қарай береді. Басты мақсатымыз соны алуға салалардан әкімшілік кедергілер болса оны анықтау, оған қол жеткізулеріңізге көмектесу, - дей келе аудан көлемінде дұрыс қонақ үй, монша жоқтығына тоқталды.

Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотов шағын және орта бизнестің дамуы туралы жасаған қысқаша хабарламасында:

- Ауданымыз бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2468 болса, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары 2172 бірлікті құрап отыр. Олар өндірген өнім көлемі 2 млрд. 748 млн 500 мың теңгені құрап, нақты көлем индексі 131,8 пайызға жетті. 2018 жылдың есепті кезеңінде аудан бойынша 5 шағын кәсіпкерлік нысандары қабылданды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында несиелеуге барлығы 27 адам ұсынылды,-деп ауданымызда 2017-2021 жылдарға арналған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту картасы жасақталып, бекітілгенін жеткізді.

ТАКСИ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП ТҰР

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: - Аудан көлемінде 7 табиғат пайдаланушы қызмет атқарады. Оның ішінде «Амангелді», «Тілекші» кооперативтері облыс орталығынан келіп отыр. Биылғы жылы 3905 тонна лимит бөлінді. Нұрлан Асқарұлы келгеннен бастап балық шаруашылығына жақсы көңіл бөлінуде. 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Құрманұлымен бірге Ресейге бардық. Ол жақта 76 табиғат пайдаланушы қызмет атқарып жатыр. Лимитті ресейліктерде квота деп атайды. Оған қол жеткізу үшін оларда міндетті түрде әр кооперативте шағын өңдеу цехы болуы керек. Онсыз квота тимейді. Квотаны бірден 15 жылға береді. Барлық мәселелерді оларда балықшылар ассоциациясы, Астрахандағы балық министрлігі шешеді. Бізде лимит алу үшін ереже бойынша ол мекеменің флотына, адамы мен қайықтардың санына, материалдық-техникалық базасына қарайды, - деп жергілікті балықшыларымыздың ұсыныстарымен Парламентімізде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевті тыңдағанын, облысымызда да бұл бағытта қолдау болады деп күтіліп отырғанынан хабардар етті. «Құрманғазы несие серіктестігінің» төрағасы Бержан Кенжебаев кәсіпкерлік саласында күрмеуі тарқатылмай тұрған, өзін толғандырып жүрген он сұрақты қоюмен бастап:

- Такси мәселесін де реттемесе болмайды. Бағаны шектен тыс көтереді. Үшінші мәселе мемлекеттік және кейін тіркеу. Ол жеке адамдарға жеңіл болғанымен кәсіпкерлерге, соның ішінде кооператив, ЖШС, несие серіктестігі болсын қиындық тудыруда. Төртінші сұрағым бұрын заңда әр адам серіктестікке мүше болып кіргенде өзінің салған ақшасымен қарызына жауап беретін. Тоқсан адамның ішінен біреуі берешек болса, тіпті серіктестің депозиттегі, оның мүшесінің есепшотындағы ақшасын сыпырып әкетеді. Заңнан ынтымақтастық жауапкершілікті алып тастап, субсидиялық жауапкершілікті қалдыру керек. Бүгінгі жиынның хаттамасымен шешім алып, мұны жоғары жақтарда көтерген жөн. Кәсіпкерлер несиені төлемесе сот орындаушылары олар кепілге салған мүлікті бізге алып бермейді. Несиені қайтаруға деген шешім шығарады да, келісімшартта көрсетілсе де кепілдегі мүлкін сатуға бізге рұқсат етпейді,- деді.

Одан әрі Б.Кенжебаев ҚҚС-ын азайту және т.б.сұрақтар берді. Сұрақтарға аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Харесов, аудандық Әділет басқармасының басшысы міндетін атқарушы Аслан Әлімжанов жауап қайтарды. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров субсидияға қатысты түсінік беріп өтіп:

- Несие серіктестігін бағдарламаларға қатыстыру жөнінде түрлі жиналыстарда айтылып, жақында өткен форумда да көтерілді. Оған дейін де бізге ресми түрде хат келді, оны облысқа жібердік. Бізде «Бәйтерек» пен «Құрманғазы» несие серіктестігі бар. Бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Такси мәселесін Сәрсенбай Құрманұлына да, депутаттар келгенде де айтып, электронды пошталарына жіберіп, тиісті орындарға жазудамыз. Салық Кодексінде жолаушы тасымалдаймын десе бірден патент береді. Еңбек өтіліне, денсаулығына, автокөлігінің техникалық жағдайына қарамайды. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ассоциация ұйымдастырып, оған кірген мүшелік куәлігі болған жағдайда ғана патент беріңдер деген ұсыныс жасап көрдік. Өкінішке орай, облыстық мемлекеттік кірістер басқармасынан келген жауапта Кодексте ондай бап жоқтығын, кәсіпкер ұсыныс жасаса бір жылға немесе бір айға патент берілетінін алға тартыпты, - деп Жылыой, Мақат аудандарында бұл жақсы ұйымдастырылғанын айтты. «Ақжонас» шаруа қожалығының басшысы Мұқар Шаяхметов:

- Соңғы кезде барлық мәселе ірі қараға тіреліп, қой шеттеп қалуда. Кейбір кәсіпкерлер қолдағы малын сатып, сиыр алып та жатырғанын білеміз. Себебі машақаты көп, әрі әр басқа төленетін ақшасы аз. Қойды ұстап қаламыз десек, оған бөлінетін субсидияны көбейту керек, - деді. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров ұсынысты жоғары жақтарға жеткізуге жұмыстануға уәде етті.

КЕПІЛДІК МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛСЕ

«Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашев: - Үлкен, жақсы жиын болып жатыр. Оны ұйымдастырғандарға ризамыз. Ауыл шаруашылық мәселелері біздерде жиі көтеріледі. Айтайын дегенім, шаруашылықтарды бірінші, екінші,одан да төмен дәрежелі деп бөлу керек. Мысалы, зәкірлі шаруашылықтарды әрмен қарай дамытайық деген ойым бар. Сиыр алғымыз келсе, оған салатын кепіліміз жоқ. Үкімет соған кепіл болса дейміз. Себебі, оған 100-200 млн. қаржы қажет. Сонда ғана Президентіміз алға қойған ет өнімдерін экспорттау шешімін табады,– деді. Сұхбатқа қатысушы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары басшыларынан Мәлік Қайырлиев, Ғаділбек Досқалиев, Кенжебек Қуанғалиев, Еркеғали Таяшев, Теміртас Сұлтанғалиев, Серік Алғаязов, Бекболат Зинеденов, Темірболат Жакупов және т.б. қойған сұрақтар негізінен жеміс ағаштарына тиісті субсидия, жер беру, несие алу үшін берілетін кепілдік мөлшерін азайту, егін салуда туындап отырған мәселелер және т.б. төңірегінде өрбіді. Кәсіпкерлер берілген мүмкіндікті пайдаланып, өз бастарындағы қиындықтарды ірікпей жайып салды. Сұрақтардың дені аудан әкімі Б.Шаяхметов пен орынбасары Ж.Бектеміровке бағытталды. Аудан басшысы кейбір мәселелерге қатысы бар бөлімдер мен басқармалардың басшыларын орындарынан тұрғызып, олардан не себепті мұндай жағдай орын алғанын сұрап, тез арада шешуді тапсырды.

ТОЙХАНАДА ТОЛҒАН БАЛА

Жеке кәсіпкер Меңді Қиматова: - Мен «Теңіз толқыны», «Көңіл сазы» тойханаларын жалға алып отырмын. Айтайын дегенім, екі жастың үйлену тойы мен түрлі мерейтойларды жасағанда қонақтардың бәрі дерлік тойханаға бала әкеледі. Содан кейін шақырған адамдары ішке сыймай жатады. Жас балалар түнде далада ойнап бірдеңеге ұшыраса кім жауап береді? Ата-аналары оларды қараудың орнына: «Баламыз қайда кетті, неге қарамайсыңдар?», - деп ренжиді. Біз оған жауапты емеспіз. Сіздерден сұрайтыным кәмелетке толмаған балаларды тойханаларға апаруға тыйым салатын шешім шығарып берсеңіздер, - деді. Ашық сұхбатты аудан әкімі Б.Шаяхметов қорытындылап, өте жақсы өткенін айтып, біраз нәрсеге қаныққанын, жоғары жақ арқылы шешілетін мәселелер осы шараның қорытындысымен Парламентке, құзырлы органдарға жолданатынын жеткізді. Шара соңында облыстық «NOMAD LIFE» кәсіпкерлерді сақтандыру компаниясының директоры Асқар Сатыбалдиев өз қызметтері жайлы кәсіпкерлерге түсінік беріп, жадынамалар таратты.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521