Бір ғана тілді жақсы түсінеді

(0 Votes)

Қазақ өзінің ұрпағын: «Тек жүрсең, тоқ жүресің», «Ала жіптен аттама», деп тәрбиелеген.

Дала демократиясына негізілдеген Қазақ хандығында жемқорлар болмаған. Тек Ресей патшалығының қол астындағы бодандық дәуірінде, кейін Кеңес Одағы тұсында бұл жаман әдет қоғамымызға ене бастады. Сыбайлас жемқорлықтың қандай мемлекет үшін де зардабы зор. Себебі жемқорда Отан болмайды. Ол үшін туған жерінің гүлденуінен қара басының қамы қашанда биік тұрады. Билік басында жүргендердің арасында көлденең жолмен баюды аңсайтындар жоқ емес. Соңғы жылдары жемқорлардың жиі тұтылып жатқанын көре тұрса да, өкінішке орай басына түспесе, басқаның тағдырынан сабақ алмайды. Келесі кезекте өзі тұруы мүмкін екенін ескермейді. Ақша көздерін тұмшалап тастайтыны сондай, қызметінен ши шығып, құзырлы органдар байқатпай бақылауға алғанын да сезбейді. Мұндай шенеуініктер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша тек бір ғана тілді, Қылмыстық Кодексті түсінеді. Тұтылғанда барып, тәубесіне келеді.

31 қаңтар күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің 2019 жылғы жұмыс нәтижелері туралы алқа отырысы өтті. Бұл туралы BAQ.KZ ақпараттық порталы хабарлады. Алқалы жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев: «Жемқорлықтың салдарымен күрес қажетті нәтиже бермеді және тек жазалау шараларын шексіздендіруге алып келді. Сондықтан әлі де «Сталиндік әдістерді» қайта жаңғырту керек. Осы тұрғыда біз олардың бойына қорқыныш ұялатуымыз қажет», дейтін қате ұстаным кездеседі. Мен жаппай үрейлендіруге шақыратындардың бәріне американдық ақын Роберт Фросттың: «Мен қорқынышқа бой алдырған адамдардан басқа ешкімнен қорықпаймын», деген сөзімен жауап беремін.

Парасатты және белсенді қоғамды сындарлы диалог пен тиімді әріптестік негізінде ғана қалыптастыруға болатынына сенімдімін. Құнды қасиетті бойына сіңірген кез келген адам ардан аттамайды. Ол Отанына адал қызмет етеді және парасаттылығын қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл құндылықтар әрбір мемлекеттік қызметкердің адамгершілік кодына жазылуы тиіс. Сіздердің назарларыңызды тағы бір маңызды сұраққа аударғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкерлерді алдын-ала тұтқынға алу орындарына апарып, арнайы саяхат жүргіземіз. Сол кезде олардың қандайда бір жемқорлық жасау ойларын түбінен кесіп тастайды. Өкінішке орай, араларымызда ашқарақ, ашкөз және тойымсыз шенеуніктер бар. Олар тек бір ғана тілді түсінеді. Бұл – Қылмыстық кодекстің тілі. Парасаттылық – адамгершілік пен адалдықтың басты кілті ретінде тек мемлекеттік қызметте ғана емес, бизнесте де қолданылуы керек. Бұдан басқа, халық үшін жағымды жаңалық – жемқорлық фактісі туралы хабар берген азамттар 11 миллионға жуық теңге сыйақы алатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сыйақы мөлшері дифференцияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды марапаттаудың жаңа жүйесі туралы қаулы қабылдады. Сыйақылар енді ЭЫДҰ елдеріндегі сияқты сараланады. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам сот үкімі шыққаннан кейін пара немесе залал сомасының 10% ала алады. Аталған сыйақының ең жоғарғы мөлшері 10 миллион 600 мың теңгені құрайды», - деп мәлімдеді.

Халық кімнің-кім екенін жақсы біледі. Көзінше айтпағанымен: «Өй оны айтпа, нағыз жебірдің өзі ғой», деп жатады». «Қарғыс алма, алғыс ал», дегендей елге адал қызмет қылған адамның ғана беделі көтеріледі. Осыны естен шығармағанымыз дұрыс.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521