Билетті екі есе бағасына сатыпты

(0 Votes)

Аудандық қоғамдық кеңестің отырысына оның мүшелері, кейбір округтердің әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Отырысты аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров жүргізді.

Өз сөзінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің өкілі Жеңісбек Байшеркешов: - «Жасырын тұтынушы» қоғамдық бақылау жобасының басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жақсы нәтиже қалыптастыру, мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі жасалатын әкімшілік кедергілерді анықтау, сонымен қатар оны алға қарай болдырмау. Бұл жоба облыс көлемінде 2017 жылдың мамыр айынан бастап жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі күні аталған жоба шеңберінде атқарушы органдардан, квази мемлекеттік секторлардан барлығы 52 мекеме қамтылып, 78 заң бұзушылық анықталып, оның ішінен 15 мемлекеттік қызметкерге тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жұмысымыз барысында Атырау қалалық қорғаныс істері, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне, энергетика, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы салалары мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Атырау облысындағы вокзалдарына бақылау жұмыстары жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталып, шарасы алынды. Мысалы, Атырау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың үш жолсерігі Атырау қаласынан Доссор стансасына дейін адамдарды билетсіз отырғызған. Атырау-Маңғыстау бағытындағы пойызда да аталған стансаға дейін жол жүру билетінсіз мінгізген. Маңғыстауға дейін билет 3 мың теңге болса жолсеріктер жолаушылардан 5 мың теңге алған. Сонымен қатар, Шымкентке дейінгі 10 мың 350 теңгенің билетін Атырау-Алматы бағытындағы пойыздың жолсерігі 20 мың теңгеге сатқаны анықталды. Осы фактілерге талдау жүргізілгенде көз жеткізгеніміз жаңағы жолсеріктер билетті кассадан өздері сатып алып, жолаушыларға екі есе бағасымен өткізіп пайда тапқан. Атырау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон қызметінде заңсыз қызмет көрсетушілер бар екенін анықтау барысында 7 қыркүйек күні аталған ішкі істер бастығының орынбасары және көші-қон қызметінің аға инспекторы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау үстінде ұсталып, бүгінгі күні сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде көші-қон қызметі бойынша көптеген сұрақтар туындап, сапасыз қызмет көрсететіні жиі жазылады. Мұнда келетіндердің басым бөлігі шетелдіктер. Көші-қон полициясы қызметкерлеріне құжаттарын жеделдетіп бітіруі үшін олар ақша берген, - дей келе басқа да фактілерге тоқталып, жұмыстары барысында түсірілген бейнероликті көрсетті.

Аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса, қоғамдық кеңес мүшесі Қадырбай Жармұхамбетов мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру, мүгедектерге қажетті құралдарды қоятын қоймамен қамту жайлы сұрақтар қойып, ауданымызға келіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеру жүргізу керек деген ұсыныс жасады.

Келесі кезекте аудан әкімдігі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы З.Мұқлесовтің атқарылған жұмыстар туралы хабарламасы тыңдалды. Хабарламашы көрсетілетін қызметте стандарт пен қағиданың бір-біріне қайшы келуі қиындық тудырып отырғанын жеткізіп, екеуі де заңды күшінде болғандықтан қайсысын басшылыққа алу қажеттігін сұрады.

– Стандарт министрлік, жұмыс кестесі облыс орталығы арқылы бекітіледі. Осы бағытта жоғарыға ұсыныстар кетуі тиіс. Орталықтандырылған құжат болуы керек, - деді Зейнетолла Мұқлесов. Берген жауабында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінің өкілі Жеңісбек Байшеркешов стандарт, жұмыс бағыты, қағида үшеуі біріктіріліп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің төлқұжаты шыққалы жатқанынан хабардар етті.

Қоғамдық кеңес отырысын оның төрағасы Жұмақай Ғұмаров қорытындылап: - Мемлекеттік қызмет өте күрделі мәселе. Онда жұмыс жасайтын мамандардың сауатты болуы қажет. Күні кеше облыс орталығында І съезіміз өтті. Сонда біраз нәрселер айтылды. Алға қарай мемлекеттік көрсетілетін қызметті қоғамдық кеңесте қарап отырамыз. Мониторинг, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныстар жібереміз. Бәріміздің мақсатымыз бір – ол сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, - деп жақсы түсінік бергені үшін Департаментінің өкілі Ж.Байшеркешовке ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521