Байдада жаңа әкім

(0 Votes)

Байда ауылдық округінде өткен актив жиынында Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев округ әкімінің міндетін атқарушы Жүсіп Төреғалиевті қатысушыларға таныстырды.

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы өз сөзінде Жүсіп Сүлейменұлының жергілікті жердің мәселелерін жақсы білетінін айтып: – Байда ауылының ішінде салынып жатқан жолдарды былтыр қабылдаған жоқпыз. Себебі, жаяу жүргіншілер жолы, басқа да жұмыстар дұрыс жүрмеген. Көктемде, күн жылынған соң бәрін қайта бастайды. Өзім автомобиль жолдары басқармасында болғанда осы жолдардың жобасын жасадым. Қателіктер әріптестеріміз тарапынан жіберіліп отыр. Біз барлық округтердің әкімдеріне жол жұмыстарын мұқият қадағалауды тапсырдық. Соның өзінде сіздерде, Кудряшов ауылында кейбір көшелер қалып қойған. Жол Жыланды ауылына дейін салынған, ондағы көшелерге мүлдем кірмеген. Осының бәрін ақылдасып жатырмыз, алға қарай бөлек жоба жасап, жүзеге асыратын шығармыз. Екінші мәселе – жол бойындағы қоқыстар. Қазір мердігер мекемелер жұмыс жасап жатқанын пайдаланып, бұл мәселені ретке келтіріңіз. Жұмыссыздықты азайтуда, кәсіпкерлікті дамытуда бірлесе еңбек етейік. Бүгінде Азғыр өңіріне Батыс Қазақстан облысының Сайхын ауылынан 184 шақырымдық интернет жүйесін тартып жатырмыз. Көптоғайға катер қою мәселесімен де айналысудамыз, - дей келе атқарылған басқа да жұмыстардан қысқаша хабардар етіп, қатысушылардан өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып отыруын сұрады.

Байда ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов аудан басшысына қоғамдық кеңестің шешімін қолдағаны үшін рахметін айтып: – Жүсіп Сүлейменұлы біршама жерлерде жақсы жұмыс істеді. Туған ауылының жанашыры. Әрине, әкімдік қызмет оңай шаруа емес. Әкім ауылдағы өмірге келген нәрестеден бастап еңкейген кәрінің де қамы үшін қызмет етуге міндетті. Екі мыңға жуық халық саған қарап отырғанын есіңнен шығарма. Сенің қолыңнан іс келетінін білеміз. Байда ауылы ауданымызға, елімізге кірер қақпа болғандықтан мұнда бәрі жақсы болғанын қалаймыз. Осы күні турист көп. Автокөлікпен, мотоциклмен, атпен біздің ауылдан өтеді. Бұрын біреулері жақсы екенсіздер десе, өзгелері мына жерде қалай тұрып жатырсыздар деп таңданатын. Соңғы кезде біраз нәрсе өзгерді. Тас жол салынып, жарық қондырылуда. Кілең жастар тұратын, соңынан жасалған бір-екі көшемізге жол 1-2 шақырымдай жетпей қалды. Естеріңізге салып отырған себебім, бұл жұмыс бюджеттен ақша бөлінсе ғана жүреді. Тағы бір мәселе мектебіміз 1982 жылы пайдалануға берілген. Кезінде сегіз жылдық білім ұясы ретінде салынғандықтан спорт залы да жоқ. Егер бізге мектеп салу жоспарда қаралмаса осы ғимаратты қосымша құрылыстар салып кеңейткен жөн. Жалпы жағдайымыз жақсы. Ауылымызда жарық, газ, байланыс мәселелері бұрын көп көтерілсе бүгінде олар шешілді. Фермер шаруашылығымен айналысып отырғандар назарда ұсталса дейміз. Кейбір шаруашылықтар сай-салаға бөгет салып, су жолдарын жауып тастаған. Бұл ертең балықтың қырылуына соқтырады. Одақ кезінде ұжымшар 100-150 гектар егін еккенде де ол жерлерге құбыр, көпір салып, ашық тастайтын, - деп соған шара алуды тапсырып, қалған мәселелерді есеп беру жиынында көтеретінін жеткізді.

Байда ауылдық округі әкімінің қызметін атқарушы Ж.Төреғалиевке қатысушылар тарапынан қолдау білдірілген соң актив жиынын аудан әкімі Қ.Нұртаев қорытындылап, округтің жаңа басшысын орнына отырғызып, жұмысына сәттілік тіледі.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521