Ауылға аса қажетті нысандар көп

(0 Votes)

Жаңаталап ауылдық округі мәселесі көп мекендердің бірі.

Алдыңғы жылдары тұрғындар жиыны орта мектептің актив залында өткізіліп жүретін, биыл күрделі жөндеуі бітпей қалуы себепті ол мүмкіндіктен де айырылды. Мәдениет үйі құрылысының басталатын түрі жоқ. Бұл жолғы жиынын келісім негізінде кәсіпкерлік нысанның ғимаратында өткізді. Округ әкімі Олжас Тәжібаев әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды алдығы тартып, саралап өтті. Ы.Алтынсарин атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысы жайлы да түсінік берді. – Бұл жұмыстарға бюджеттен 201152000 мың теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Оның қорытындысымен мердігер мекеме болып «ЭкспрессСтрой» ЖШС жеңімпаз деп танылып жұмысын 2018 жылдың 4 шілдесінде бастап кеткен еді. Алайда келісімшартта белгіленген үш ай мерзімінде аяқтамауы себепті Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотына шағым түсірілді. 29 қарашада өткен соттың шешімен «ЭкспрессСтрой» ЖШС-нің әрекеті жосықсыз деп танылып, игерілмеген 146423000 теңге бюджетке кері қайтарылды. Алдағы уақытта осы қаржы негізінде күрделі жөндеуді аяқтауға тендер жариялауды жоспарлап отырмыз, - деген ауыл басшысы көптен айтылып жүрген мәдениет үйі, саз мектебі ғимаратын салу сияқты ауылға аса қажетті нысандардың барын атады.

Сөйлеу кезегі тигенде алдымен тұрғын Аққалам Қайсағалиева сөз алып үй-жай тазалығы, мал ұстау ережесі жайлы сөз қозғады. Шаруа қожалығы иесі Тілекқабыл Қарамалаев көптің ойын айтты. - Мал қорымын кімдер салғанын білгім келеді. Еш талапқа сай емес, бункердің аузы тар, әрі кер саз төсеп, тым биік етуі себепті батпақты күндері оған шығудың өзі әбігер. Ұсақ мал болмаса, ірі қараны бірнеше бөлшектеп салуыңа тура келеді. Шаруа баққанның баршасына қажет Сельнай көпіріне құрылысы жүріп жатқан Приморье-Утера автожолы бойында шығарып тасталған бұрынғы темірбетон су өткізгішті пайдалануды оңтайлы шешіп берсеңіздер, көп көмегі болар еді.

Алмабақ ауылының тұрғыны Шүкірбай Шамбузов сол маңдағы шағын елді мекендердің ауыз су құбырын тарту жобасына кірмей қалғанын айтса, еңбек ардагері Абдолла Күзембаев өзіндей жандарға қандай әлеуметтік көмектердің барын сұрады.

Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Сапарғалиев, зейнеткер Социал Сабырғалиев сынды тұрғындар округ әкімнің жұмысына қанағаттанарлық бағасын берді.

Ауылдық ветстанса меңгерушісі Талапқали Шияпов округ бойынша көптеген істер қолға алынғанын, соның бірі ретінде өзен бойын тереңдету жұмыстарының ала-құла жүріп жатқанына алаңдайтынын білдірді.

Округ әкімі Олжас Сержанұлы сұрақтар «арнаның тереңдігі 2 жарым, ені 25 метр болып қазылады, қазіргі уақытта қазу жұмыстары шаруа қожалығы иеліктерінен бос жерде жүріп жатыр, қажетті құжаттары ресімделген соң алдағы уақытта аттап кеткен жерлеріне қайтып келеді. Ол біздің, қоғамдық ұйымдардың бақылауында болады» деді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев Селнай көпірі бойынша жұмыстанатын, ал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов аудан бойынша 49 елді мекенге ауыз су құбырын тарту жоба жасақталып жүргізілгенін, тұрғын айтқан бұған енбей қалған шағын ауылға ұсыныс түсіруді округ әкімінен сұрады.

-  Есеп беру баяндамаңда түйеден басқа мал басының кеміп кеткенін айттыңыз, оған жол беруге болмайды. Аудан ауыл шаруашылығына негізделгендіктен осыған басым бағыт беруге тиіспіз. Бұрынғы Кеңес Үкіметі кезінде адамға игіліктер көп жасалған жоқ, «мал, мал» деп қара қойдың соңына салып қойды. Қазір барлық жағдай жасалып жатыр, су, газ, электр энергиясы деген жер-жерге жетіп жатыр. Ауданның бір жылдық бюджетімен пара-пар қаржыға алыстағы Азғыр өңіріне газ жетті. Бар жақсылықты жасаймыз деп адамдарды жалқаулыққа, енжарлыққа үйретіп алғандаймыз. Отын-суы дайын тұрған жерге мал бағуға ешкім бармайды, кешегі мектеп жөндеуге де әкімдеріңіз ауылдан адам таппай қиналды. Осыған мән беріңіздер, ауылды көркейтетін сіздер, сіздердің ұрпақтарыңыз, - деген аудан басшысы жиынды қорытындылады.

А.Нәжімов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521