Аудандық турнирде бақ сынады

(0 Votes)

Биыл аудандық мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Осыған орай аудандық Ардагерлер үйінде шахмат пен дойбыдан аудандық турнир ұйымдастырылды. Оған ардагерлер мен бірге жастар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қызметкерлері қатысты. Турнирдің ашылу салтанатын өнерпаз Қайрат Сайфуллин жүргізіп, өкілетті органның қызметінен қысқаша хабардар етті.

img_7419

img_7424

Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов құттықтау сөз сөйлеп:

– Осы шараны «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында өткізуді жөн көрдік. Жобаның мақсаты қарт адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, оның сапасының жоғарылауына ықпал ету, сондай-ақ қоғамда соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне, қарт адамдарға құрметпен қарауды қалыптастыру. Ардагерлердің еңбек сүйгіштігін кейінгі ұрпаққа жеткізу, азаматтардың ел тарихы туралы хабардар болуын арттыру, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы өзінің орынбасарларымен іссапарда жүргендіктен, жаңа телефонмен хабарласып сіздерге құттықтауын жолдады. Құрылғанына ширек ғасыр толғалы отырған аудандық мәслихат өкілетті орган, сайланған депутаттардың бәрі де қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Халық пен биліктің арасындағы дәнекер ретінде әрдайым да атқарушы органмен бірлесіп елдің мұң-мүддесін жоқтап, сессияларда оған қаржы бөлінуіне белсене атсалысып келеді, - деп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

img_7426

img_7439

Одан әрі Болат Теміржанұлы мерекеге орай Ардагерлердің республикалық Орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісін Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Сағынжан Рахимовке, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Заир Хидуллинге, нард ойынын депутаттар корпусы атынан аудандық ардагерлер ұйымына табыс етті.

img_7443

img_7446

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев сөйлеп, аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісовке ризашылығын білдірді. Ардагерлердің республикалық Орталық кеңесінің Құрмет грамотасымен Дыңғызыл, Көптоғай ауылдық округтері ардагерлер ұйымдарының төрағалары Амангелді Аязов пен Қайыржан Өтеповті ұлығылап, «Атырау облысы ардагерлерінің 100 есімі» атты кітапты ардагерлер Өмірзақ Қажымғалиевке, Таңатар Дәрелұлына, Марияш Сабироваға, Социал Сәрсемалиевке, Талапқали Зайнуллинге табыстады. Айта кетейік, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан шыққан «Атырау облысы ардагерлерінің 100 есімі» атты ақпараттық-танымдық эниклопедиялық жинаққа біздің ауданымыздан Ө.Қажымғалиев, Т.Дәрелұлы, С.Сәрсемәлиев, Т.Зайнуллин, М.Сабирова, О.Құмарғалиев және басқалары, сонымен қатар жазушы Р.Отарбаевтың Т.Дәрелұлына арнаған «Досқа хат» атты мақаласы енген.

365223

img_7454

img_7461

Шараның ресми бөлігі аяқталысымен шахмат пен дойбыдан бағын сынаушылар доданы бастап кетті.Турнир қорытындысымен шахматтан І орынды Қадырбай Жармұхамбетов, ІІ-ІІІ орындарды Болат Жүгінісов, Рифхат Сұлтанияев алды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымын Қанат Ғұмаров иеленді. Дойбыдан І орын Нұрлан Хұсайыновқа бұйырды. Ал, Шынболат Мусин, Базарбай Нұрмұхамбетов ІІ және ІІІ орындарды місе тұтты. Мейіржан Ғұмаров «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен ұлығыланды. Қыздар арасында дойбыдан І орынды Альбина Қалиева алса, ІІ және ІІІ орындардан Гүлжазира Есенәлиева мен Руфина Мушекбаева көрінді. Мұнда «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы Гүлнар Құмароваға тиді. Жеңімпаздарға байрақтарды аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісов табыстады.

img_7465

Қ.Зарлыханұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521